Абай Мақышев: Қатерлі ісікті емдеудің ең тиімдісі – дертті ерте анықтау
Абай Мақышев: Қатерлі ісікті емдеудің ең тиімдісі – дертті ерте анықтау
Кейінгі жылдары Қазақстанда халықтың орташа өмір сүру жасы айтарлықтай ұзарды. Бұл көрсеткішке жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін адам өміріне жиі қатерін тигізетін обыр ауруынан болатын өлім-жітімнің де азая бастағаны ықпал етіп отыр. Бұдан онкологиялық аурулар бойынша медициналық көмектің сапасы артқанын байқауға болады. Осы ретте, елімізде онкология саласының дамуына зор үлесін қосып жүрген профессор, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты хирург-онколог, Астана медицина университеті онкология кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның денсаулық сақтау ісінің үздігі Абай Мақышевпен сұхбат құрған едік. Бұл туралы egemen.kz порталында келесідей сұхбат жарияланды.
– Абай Қайырқожаұлы, бүгінде елордадағы ғана емес, еліміздегі айтулы онколог дәрігерсіз. Адам жанының арашасы болып жүрген осынау салаға қалай келдіңіз?
– Өзім – осы Ақмола өңірінде туып-өскен қазақпын. Медициналық білімді алғаш қазіргі астана, кезіндегі Целиноград қаласының Целиноград мемлекеттік медицина институтынан алдым. Осы оқу орнын 1982 жылы тәмамдап, хирургия мамандығын алып, Көкшетау қалалық ауруханасында жұмыс істеп, бір жыл интернатурадан өттім. Сөйтіп 7 жыл оқудан соң жолдамамен Көкшетау облысындағы Чкалов аудандық ауруханасына хирург болып орналастым. Одан кейін Көкшетау қалалық ауруханасының жедел хирургия бөліміне ауыстым. Онда төрт жылдай еңбек еттім.
Өз мамандығының шыңына шығуды көксейтін кәсіби мамандар сияқты хирург те тәжірибесі жетілген сайын күрделі операцияларды жасауды ойлайды. Мен операциялары күрделі, болашағы бар онкология саласына мамандануды мақсат тұттым. Осы мақсатпен 1986 жылдан бастап Көкшетау облыстық онкологиялық диспансерінде хирург-онколог болып істей бастадым. Содан бері осы саладамын. 1986 жылы онкологияға алғашқы мамандану бойынша Иркутскідегі мемлекеттік медициналық дайындау институтында біліктілігімді арттырдым. 1988-1990 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің жолдамасымен Мәскеу қаласында КСРО Медицина ғылымдары академиясының Бүкілодақтық онкологиялық ғылыми орталығында мақсатты клиникалық ординатурадан өттім. Ол жерге алты жылдық тәжірибемен барғанмын, профессорлармен бірге операцияларға қатысып көзге түстім. Олар маған ғылымға бет бұруға кеңес берді. Клиникалық ординатураны бітірген соң сонда жұмысқа қалдым. 1991 жылы Мәскеуде диссертациямды қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болдым. Одан соң елге қайтуды жөн көріп, Көкшетаудағы онкологиялық диспансерде хирург болып, кейін бас дәрігердің орынбасары болып қызмет еттім. Бұл қызметіммен қатар 1992 жылдан бастап Көкшетау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі болып істедім. 1995 жылдан бастап үш жыл Мәскеуде онкологиялық ғылыми-зерттеу орталығының торакалды бөлімінде әлемге әйгілі академик М.И.Давыдовтың жетекшілігімен докторантурада оқыдым. 1997 жылы медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін жасаған диссертациямды сәтті қорғап шықтым.
Бұл уақыт астанамызды Ақмола өңіріне көшіру басталып жатқан кез еді. Сол шақта өзім білім алған Астана медицина университетінің басшылығы елорда мәртебесіне сай қаланың медициналық әлеуетін көтеру бағытында оқу орнынан онкология кафедрасын ашуды ұсынып, мені ресми түрде жұмысқа шақырды. Содан 1997 жылы осында онкология кафедрасын аштым, мамандарды даярлауды қолға ала бастадық. Елорда түгілі, елімізде онкологтер тапшы болатын. Елдің бір керегіне жарап, үлесімізді қоссақ деген ниет осы салада белсене жұмыс істеуге ынталандырды.
– Елімізде онкология саласына қай уақыттан бастап мықтап көңіл бөліне бастады?
– Жалпы, онкология саласы 50-60 жылдары Кеңес Одағы кезінде қолға алына бастаған. Бұл зерттеушілер өте аз, диагностиканың кемшін, емдеу көрсеткіші төмен кезең еді. Сол шақтарда академик Н.Блохиннің бастамасымен Мәскеуде ең алғашқы бүкілодақтық онкологиялық орталық ашылды. Осы орталықтың көмегімен Қазақстанда және басқа да республикаларда кадрлар даярлайтын, ғылыми және емдеу жұмыстарын жүргізетін онкологиялық институттар ашыла бастады. Бізде онкология институты Алматы қаласында құрылды. Қатерлі ісікті анықтау, емдеу қиын кез еді. Бұдан өлім-жітім де көп болатын. Сондықтан өз алдына бөлек онкологиялық диспансер ашу керек деген қаулы шыққан. Солай әр облыста диспансерлер пайда болды. 80-жылдардан бастап жаңа жабдықтар әкеліне бастады. Соған қарамастан онкологиялық операцияларды жүргізу әлі жетіле қоймады. Бұл хирургияның ең күрделі операциялары еді. Жоғарыда аталған Мәскеудегі институттың көмегімен жер-жерде онкология саласы дами бастады. Мен де сол институтта білімімді жетілдіріп, шыңдалдым.
1999 жылы Үкіметтің қаулысымен Астанада қалалық онкологиялық диспансердің базасында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және науқастарға көрсетілетін ем-дом шараларын жақсарту мақсатында Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының филиалы ашылды. Мен сол жылдан бастап 2007 жылға дейін осы филиалдың директоры болдым.
Бұдан кейін елорда атанып, халқы көбейіп, талап күшейе бастаған тұста жаңа онкологиялық орталық салу қажеттігі туды. 2008 жылы жаңадан онкологиялық орталық ашылып, сонда бас дәрігер болып 2010 жылға дейін қызмет еттім.
Ал біздің Астана медициналық университетінен ашылған онкология кафедрасы саладағы мамандарды даярлауға, еліміздегі онкологтердің қатарын арттыруға айтарлықтай үлесін қосып келеді. Жалпы, болашақ онкологтерді даярлау, ғылыммен айналысу, емдеу – үш жұмысты қатар атқарып келе жатырмын.
Астана астана болғанға дейін мұнда күрделі операциялар жасала бермейтін. Мәскеуде оқып-тоқып, алған тәжірибеммен 1997 жылы онкологиялық барлық операцияны жүргізуді өзім бастап қолға алдым. Жергілікті дәрігерлердің біліктілігін көтеруге ықпал еттім. Қазір шәкірттеріммен бірге осында өңеш, өкпе, асқазан, бауыр, бүйрек, тағы басқа да органдарға операция жасап жүрміз. Науқастар маңайдан ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінен келеді. Күніне кем дегенде 15-20 операция жасаймыз. Әр операция кем дегенде төрт сағатқа созылады. Осы жерде қызмет етіп жүрген дәрігерлердің де тәжірибесі толыса бастады. Сондықтан дәрігерлерді басқа қалаларға тәжірибесін жетілдіруге жібере бермейтін болдық. Өйткені өзімізде барлық жағдай жан-жақты қарастырылған.
– Дегенмен дәрігерлерді ауруханаға әкелініп жатқан соңғы заманауи технологияларды жете меңгеруі үшін, олармен жұмыс істей алуы үшін тәжірибе алмасуға басқа жақтарға жіберіп тұратын шығарсыздар?
– Әлбетте, біліктілікті арттыру қашанда тоқтаған емес. Мен бұл жерде бір жағынан қазіргі уақытта пандемияға байланысты тәжірибе алмасу мақсатындағы іс-шаралардың шектеліп тұрғанын айтып отырмын. Әйтпесе біздің дәрігерлер әлемнің көптеген медицинасы озық мемлекетінде тәжірибеден өтіп келіп жүр. Атап айтқанда, көрші елдерге қоса Жапонияда, Кореяда, Еуропа елдерінде, сондай-ақ мұхиттың арғы жағындағы мемлекеттерге барып қайтқан дәрігерлеріміздің көргені мен көңілге түйгені көп. Басқа мемлекеттер мамандарының да біздің дәрігерлерден үйренері мол.
Ал өзіңіз айтып отырған жоғары технологиялық жаңа құралдарды меңгеруге келсек, дәрігерлеріміз Алматыда, Мәскеуде қосымша біліктілігін арттырып, сәулелі емді жүргізудің қыр-сырына қанықты. Өзім де 2009 жылы АҚШ-тың Бостон қаласында Массачусетс жалпы ауруханасында тағылымдамадан өткенмін.
– Елімізде онкологиялық ауруларды емдейтін дәрігерлердің көптеп даярланып жатқаны қуантады. Алайда бұл оң өзгеріс саладағы дәрігерлерге деген сұранысты қанағаттандыра ала ма?
– Рас, онколог дәрігерлер жетіспейді. Бұл ретте әлі де біраз жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Әрине, Үкімет тарапынан қолдауға кенде емеспіз, Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын онкология саласында мамандар даярлауға квотаны көбейтіп жатыр. Мысалы, Астана медициналық университетінің онкология мамандығына былтыр 14 адам түссе, биыл 19 адам түсті. Түлектеріміздің көбі астанадағы онкологиялық орталықта, қалалық ауруханаларда, емханаларда жұмыс істеп жатыр, басқа да өңірлерге барып жатқандар бар.
Осы тұста астанадағы онкологиялық орталықтағы дәрігерлер түгелге жуық өзімнің шәкірттерім екенін айта кеткен жөн. Қазір осында бірі хирург, бірі химиятерапевт, бірі радиолог болып жұмыс істеп жүр. Бәрі – бір-бір бөлімнің меңгерушісі. Бұл 24 жылдан бері болашақ мамандарды даярлап келе жатқан, өзім ашқан кафедраның жемісі дер едім.
– Жоғарыда шәкірттеріңіз хирургиялық ем жүргізуді жетік меңгергенін атап өттіңіз. Осы ретте, өзіңіз жұмыс істейтін ауруханада қатерлі ісікті емдеудің қандай түрлері бар екенін айтып берсеңіз?
– Біздің орталық емдеудің барлық түрін жүргізуге қауқарлы. Бұған қажетті жоғары технологиялық құрал-жабдықтарымыз жеткілікті. Жалпы, онкологиялық ауруларды емдеудің үш түрі бар: хирургиялық, сәулелі ем және химиятерапия. Барлық ем-дом шараларын үзіліссіз жүргізуге Үкімет үнемі қолдау көрсетіп отыр. Соның ішінде барлық аурухана химиятерапия үшін қажет қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.
Қазақстан халқына онкологиялық көмек көрсету – денсаулық сақтау жүйесінің негізгі бағдарламалық құжаттарында айқындалатын мемлекеттік саясаттың басты бағыты. Бүгінде еліміздің тұс-тұсында онкологиялық диспансерлер ашылып, оларды талапқа сай толықтай жабдықтау мәселесі де назардан тыс қалмаған.
Біздің де ғимаратымызды жаңа деуге әбден болады, салынғанына 10 жылдан асты. Онкологиялық орталық бұрынғыға қарағанда айтарлықтай кеңіп қалған. Науқастарға қолайлы жағдайдың бәрі жасалған. Бұрын бір палатада 8-10 науқас жатса, қазір бір орындық, екі орындық палаталар бар. Әрқайсысының бөлек душ кабинасы бар.
– Астанадағы онкологиялық орталықта қала тұрғындарына қоса басқа өңірлерден келіп қаралатындар көп пе?
– Әрине, бұл жерде ең алдымен біздің орталық қалалық емес, елордалық деңгейдегі онкологиялық орталық ретінде қабылданады. Елордалық деген республикалық мәртебе іспеттес. Яғни астана болған соң, бұл қалаға дертіне дауа іздеп, үміт артып, еліміздің жан-жағынан келіп емделетіндер көп. Сондықтан біздің дәрігерлер сол үдеден шығып, үнемі ізденіс үстінде болып, науқастарға қолдан келген көмегін аямайды.
Қазір ауруханадағы науқастардың жартысына жуығы – басқа өңірлерден келгендер. Олардың дені – өз қалауымен астанаға арнайы келіп, бізге жүгінгендер. Аймақтағы дәрігерлердің жолдамасымен келіп қаралатындар да көп. Оған аймақтарда қажетті жабдықтардың жеткіліксіздігі және білікті дәрігерлердің табылмауы себеп болуы мүмкін.
Алдымызға шалғай ауыл-аймақтан келіп, қаншама уақыт емделіп, ауруынан айығып, алғысын жаудырып кетіп жатқан ағайын көп. Мұндай жағдайлар, әрине, мерейімізді өсіреді. Өкінішке қарай, ауруы әбден асқынып, меңдеген науқасқа қаншама көмегімізді көрсеткенімізбен, одан қайран болмай жатады.
– Жалпы, елімізде қатерлі ісіктен болатын өлім-жітімнің саны азайып жатыр ма?
– Кейінгі жылдардың статистикасына қарасақ, өлім-жітімнің төмендегенін аңғаруға болады. Бұған екі фактордың ықпал етіп жатқанын атап өту керек. Біріншісі – ауруды ерте анықтау. Екіншісі – медициналық нысандардың көптеп салынуы. Нысандар жай ашылып қана қоймай, заманауи технологиялармен жан-жақты қамтамасыз етіліп жатыр. Мұның бәрі ауруды дер кезінде емдеуге септігін тигізеді.
Енді ерте диагностикалауға кеңірек тоқтала кетсем деймін. Бұл – қатерлі ісікті емдеудің ең маңыздысы. Өйткені ауруы ерте белгілі болған науқастардың түгелге жуық жазылып кету мүмкіндігі бар. Яғни обырдың бәрі – өлімге соқтыратын тажал емес. Оған қарсы тұру үшін, күресу үшін сау күніңде әрекет жасау керек. Қазір кез келген емханада УДЗ, КТ, МРТ, маммография, эндоскопиялық аппараттардың бәрі бар. Мысалы, эндоскопия – адамның ішкі органдарын арнайы аспап эндоскоп арқылы тексеру. Маммография арқылы сүт безінің қатерлі ісігін ерте диагностикалауға болады. Міне, осындай зерттеулерден соң анықталған ауруды асқынбай тұрып емдеуге мүмкіндік өте зор.
Қатерлі ісік төрт сатыға бөлінеді. Бірінші, екінші сатысы – ерте саты, ал үшінші, төртіншісі – аурудың асқынып кеткен сатысы. Қазір біздің ауруханада ауруы алғашқы екі сатысында анықталған науқастардың үлесі 50%-дан асады. Олардың барлығының жазылып кету мүмкіндігі жоғары. Қалғаны – ауруы әбден асқынып кеткендер. Бұлардың ішінде обырды жеңіп шығатындар бар. Сонда бұл бәлекет дерттен жазылғандардың үлесі 50%-дан асады деп шамалауға болады. Республикадағы статистика да осыған ұқсас. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылдың қорытындысы бойынша қатерлі ісіктен аман қалудың бес жылдық көрсеткіші 54%-ды құрады. 2019 жылы бұл көрсеткіш 52,9% болған. Яғни жылдан-жылға обырдан келетін өлім қаупі азайып келеді.
Бұрын қатерлі ісіктен өлім-жітімнің көп болатын себебі – науқастардың 80-90%-ы ауруы әбден асқынып кеткен кезде анықталатын. Қазір бұл көрсеткіштің де 50%-ға түскенін көріп отырмыз. Бұл ретте мемлекет ұлт денсаулығын сақтауда үлкен жұмыс жүргізіп отыр. Ерте диагностикалауға барлық жағдай жасалуда. Онкологиялық скрингтердің бағдарламасы қарастырылған. Халық та бұған сергек қарап, тексерілуге баратын жұрттың қатары артып жатыр.
– Скрининг демекші, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында пандемия кезінде жоспарлы скринингтер мен ота жасау кейінге қалып жатқанын атап өтті. Бұған қатысты не айтар едіңіз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауын, әсіресе денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға қатысты бөлімін зор ықыласпен тыңдадым. Президент коронавирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болғанын айтты. Расында, бұл күрделі кезеңнің әлі де бітер түрі жоқ. Сондықтан медицина саласына түсетін салмақ одан сайын еселене бермек. Оның үстіне Мемлекет басшысы коронавирусқа қатысы жоқ басқа да ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмау керек екенімізді алға тартты.
Пандемия кезінде қалыпты тіршілігімізден біршама айнып қалғанымыз белгілі. Осы ретте, Президент жоспарлы скринингтердің де кейінге қалып қойып жатқанын атап өтті. Бұл да маңыз беріп қарайтын өте өзекті мәселе екенін ұмытпағанымыз жөн. Өйткені бір «жаумен» күресеміз деп, үйреніп қалған «жаудан» келетін қауіпті қаперде ұстауымыз керек. Яғни ерте диагностикалауды қажет ететін аурулардың алдын алу үшін ұдайы тексерілу жоспардан тыс қалмағаны маңызды. Бұл қатарда онкологиялық патологияларды анықтауға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде жүргізу керек.
Президент халыққа Жолдауында «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау қажет екенін, соның нәтижесінде зертханаларымыз 90%-ға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтінін айтты. Кез келген дерттің дауасы уақытында анықтау болса, осы қойылған міндеттер сол мақсатты орындауға бастайтын бағыт екені анық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Орынбек ӨТЕМҰРАТ, «Egemen Qazaqstan»