Көкшетаудың қос ықшамауданында үш күннен бері ауыз су жоқ. Аңқасы кеуіп, әбден қиналған тұрғындар жергілікті әкімдікке наразы. Өйткені шенеуніктер судың тоқтайтынын еш хабарламапты. Ал шаһардың коммуналдық қызмет басшылығы тіршілік нәрінің уақытша берілмейтінін жарияладық дейді. Сондай-ақ күн сайын екі рет су таситын көлік жіберіп тұрмыз деп ақталды. Көкшеліктер әлі қанша сусыз отыруы мүмкін? Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасында айтылды деп хабарлайды
newsroom.kz.порталы.
Көкшетаудың "Жайлау" ықшамауданында соңғы үш күннен бері ауыз су жоқ. Халық тіршілік нәріне күніне екі рет тек арнайы су таситын көліктің күшімен ғана қол жеткізіп отыр. Әбден әлекке түскен тұрғындар бұл ыңғайсыздық оқу басталғанда әсіресе балаларға қиын тиді, дейді.
САФИЯ ҚАЖЫБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: "Балаларды жуындыру қиын. Аяқ-қолын сүртіп-сүртіп, немеремді садикке жібердім. Не істеймін енді? Үш күннен бері таңертең и кешке келеді. Жетпейді. Кто успел, тото успел".
Қаланың "Сарыарқа" ықшамауданында да дәл осындай жағдай. Ұзын-сонар кезекке тұрғандар суды тұрмыста бірнеше рет қайталап қолдануға мәжбүр екендіктерін жасырмайды. Сонымен қатар, адамдар жергілікті әкімдік коммуналдық осы мәселеге қатысты еш ескертпе жасаған жоқ дейді.
СӘУЛЕ НҰРЫШЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: "Қазір халық жоқ. Су әкелгенде маса құсап жиналады. Біреуге жетеді, біреуге жетпейді. Ал, біреулер жұмыстан үлгермейді. Көбірек алып қоямыз. Көршілерімізге, біреуге керек болса, 5 литрін берейік деп. Сол, осылай тұрамыз. Мұын ертерек естіген жоқпыз. Әйтпесе алып қоюшы едік".
Ал, қаланы сумен қамтитындар мұны жоққа шығарды. Мамандар барлық ыңғайсыздық туралы хабарладық дейді. Сондай-ақ олар Көкшетау халқының тіршілік нәрінсіз қалуына Солтүстік Қазақстан облысындағы «Сергеев» су қоймасы себеп дейді. Тазарту қондырғылары мен құбырлары әбден тозған нысанда 10-шы қыркүйектен бастап жөндеу жұмыстары жүргізілуде-мыс.
ҚАЛИАСҚАР МҰСТАФИН, "КӨКШЕТАУ СУ АРНАСЫ" КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРНЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: "Осыған байланысты біз ауыз су қала іргесіндегі «Шағалалы» су қоймасынан алып отырмыз. Тәулігіне тек 30 мың текше метр. Әрине бұл Көкшетау қаласының тұрғындарын ауыз сумен толық қамтуға жетпейді".
Жоспар бойынша «Сергеев» су қоймасын жөндеуі әлі бір аптаға созылады. Бірақ жергілікті мамандар алдағы үш күнде қалаға ауыз су беріледі деп отыр. Демек, әлі кем дегенде бейсенбіге дейін көкшетаулықтар шелек сүйреп, көлік күзетпек. Айтпақшы, әлеуметтік желі қолданушылары мұндай мәселе қаланың "Боровской", "Бірлік", "Қызылжар" аудандарында да өзекті дейді.
https://www.youtube.com/watch?v=EgsxtTQq-lI