Маңғыстау өңірінде төрт түлік әлі де қырылып жатыр. Аман қалған мал басын асыраудың өзі шаруаларға оңайға түспеуде. Жылда 1000 теңгеге саудаланып жүрген жемнің бағасы қазір 2000-ның үстіне шарықтап кеткен. «Ал Үкіметтен түскен тиын-тебенге алған азық небары 1 айға зорға жетеді», – дейді тұрғындар. Аймақтағы ахуал қашан оңалады? Жасанды жаңбыр жауғызудың машақаты қандай? Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап
newsroom.kz. порталы хабарлайды.
Биыл Маңғыстау өңірі құрғақшылықтың құрсауында қалды. Иен даладан шөкімдей де шөп таппайсың. Әлі де қураған күйі. Өңірге жауын-шашын соңғы рет шілденің аяғында себелепті. Жер-жерде арам қатқан өлекселер әлі де шашылып жатыр. Ал аман қалғанын аяққа тұрғызудың өзіне қаншама күш керек.
"Қанша болды аға, мынау жатқанына жылқының?"
НҰРБОЛАТ ТЕМІРБАЕВ, ШАРУА:"3 күн болды. Су, жем беріп жатырмыз міне көріп отсыңдар ғой. Жердің қуаңшылығынан бәрі".
Естір құлақ, көрер көзге шаруалардың жанайқайын талай айттық, жаздық. Министрде орнынан кетті. Облыстың әкімі ауысты. Қош. Үкіметтің де халықтың да ендігі міндеті қолдағы малды аман алып қалу. Аймаққа ұлттық қордың резервінен бүгінге дейін 2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. «Десе де жағдайымыздың бұдан оңалып кете қойғаны шамалы», дейді шаруалар.
НҰРБОЛАТ ТЕМІРБАЕВ, ШАРУА: «Қазір осы Маңғыстауға төтенше жағдай жарияламаса, мынау жағдай, қыста шопандар таяғын ұстап қалайын деп отыр. Қыс басталмай, жаңа жетіп жатырмыз күзге. Малымыз құлап жатыр. мысалы қазір біз кебекті 20 келілік 1000 теңгеге алсақ та көмек. Осыдан бір жыл бұрын мың теңге еді. Қазір 2400 теңге болып кетті. 1 жылда».
Аймаққа бөлінген қаражаттың 1 млрд 100 миллион теңгесі игеріліпті. Шаруаларға берілген бірреттік көмекті әрбір аналық мал басына шаққанда 9800 теңгеден келеді. Ал фермерлер азғантай тиын-тебенмен қай жыртығын жамарын білмей дал.
ДОҒДЫРБАЙ ҚОЖАЕВ, ШАРУА: "Ол ақшаға кеше бардым да 150 мешок жем алдым болды. Оны күніне мына екі мешоктан жейді. 30 күнде тауысады. Амал жоқтықтан мынадай қарбыз аламыз, қауын аламыз".
Жауаптылар биылғы егін науқанынан 25 мың тонна жем алдыруға дәмелі. Ақмола, Қостанай облыстарымен келісім бар деп отыр. Тек тиісті қаражат қолға тиген бойда, арпа, сұлы, кебекті шаруаларға арзан бағада жеткізу басталады.
СЕРІК ҚАЛДЫҚҰЛ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: "Әрбір ауданда кемінде 4-5 тен база дайындалып жатыр. Ауылдардың орналасқан географиялық жағдайына байланысты. Жем-шөпке бір база дайындаймыз. Яғни жабдықталған, ішінде сақтауға. Кемінде 4 айға".
КСМ: Бұдан бөлек, қуаңшылыққа төтеп берудің тағы бір амалы жасанды жолмен жаңбыр жауғызу. Қажетті құрылғыны жалдау құны да арзан тұрмайды. 500 миллион теңге шамасында. Ал тиісті келісім әлі күнге жасалмаған.
СЕРІК ҚАЛДЫҒҰЛ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: "Олар «200 шақырым радиусте» дейді. Яғни, Маңғыстау облысын толықтай қамтиды деген сөз. Осы жерден Бейнеу ауданы 500 шақырым. Демек түгел облысқа. Олардың айтуы «нақты 2 күн жаудырамыз, сіз айтып отырғандай тоқтамай қалады» деген болмайды деп уәдесін беріп отыр.
- Аппаратты тастап кете ме басыбайлы? Әлде 1 рет жаудырып алып кете ме?
- Қайтадан кетіп қалады".
Айтпақшы, жуырда ғана тағайындалған министр Ербол Қарашөкеев сала басына келісімен, Маңғыстаудағы жұтты осынша трагедияға балап қажеті жоқ деп кесіп айтқаны бар. Оның мәліметінше жыл сайын осы өңірде 4 мыңға жуық мал басы шығынға ұшырайды екен. Ал қазіргі ресми мәліметтер бойынша, 1500-ден астам бас мал арам өлген.
САҒАТ ҚОСОВ, ОБЛЫС ТҰРҒЫНЫ: "Ол оттаған әңгіме. Малдың басы дейтін кемітіп, аз айтқанда 4000-5000 малдан төмен қырылған жоқ. Әлде де қырылып жатқандар бар".
https://www.youtube.com/watch?v=16YDxxJybNk