Норвегиядағы қазақтардың көшбасшысы дүниеден озды
Норвегиядағы қазақтардың көшбасшысы дүниеден озды
Норвегиядағы қазақ диаспорасының көшбасшысы Махмұд Басташ бақилық болды деп жазады Ослодағы ҚР Елшілігінің кеңесші-уәкілі Талғат Жұмағұлов өзінің фейсбук парақшасында.
Махмұд ағаның тағдыры қазақтың жиырмасыншы ғасырдағы ұлы көшімен тығыз байланысты. Керейдің жәнтекейінің шақабай руынан келеді. Ата-бабалары Қытай, Үндістан арқылы ұзақ жылдар өтіп Түркияға қоныс аударды.
Махмұд 1956 жылы Измир маңындағы Салихли қаласында дүниеге келді. 1979 жылы Норвегияға жұмысқа барды, фабрикада қызмет етті, кейін дүкен ашып, жеке саудамен айналысты.
«Қазақстанға - тарихи отаныма бару менің арманым еді. 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздік алып, 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы өтетіні туралы жариялаған кезде мен осы жиынға жету үшін бар амалын істедім. Әйелім мен кішкентай ұлдарымды да ертіп келдім», - деді Махмұд ағамыз Қазақпарат агенттігіне берген бір сұхбатында. Сол құрылтайда жанұясымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен түскен сүреті бар.
Кейін М.Басташ Дүниежүзі қазақтар құрылтайының барлық жиындарына белсенді қатысып отырды. Норвегиядағы тұңғыш қазақ мәдени орталығын құрып, оны басқарды. Балалары, інілері, жалпы Басташ әулеті үздік білімді, норвег қоғамында, экономикасында елеулі орындарға ие, Еуропа қазақтары қауымында белсенді рөл атқаруда.
Соңғы жылдары Махмұд аға қатты науқастанып қалды. Тіпті ол кісіге амандасып баруға да мүмкіндік болмады. Тек телефон арқылы тілдескен едік. Карантин бітсін, сосын көрісейік, деп көктемде соңғы рет қоштасқан едік ағамен...
Жаны жәннатта, иманы саламатта болсын!