Ақтөбелік диқандар кебектің қымбаттап кеткеніне наразы
Ақтөбелік диқандар кебектің қымбаттап кеткеніне наразы
Ақтөбеде диқандардың арасында дау шықты. Егін еккендер мен бидайды қабылдап, өңдеушілер қырық пышақ болып, қырқысып жатыр. Ала жаздай тер төгіп, жиған-тергенін тиын-тебюенге өткізетін шаруалар өздері өсірген өнімнің өңделгеннен кейін өте қымбатқа сатылатынына наразы. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасаған newsroom.kz. порталы хабарлайды.
Бір топ шаруаның диірмен комбинатына жиналуында мән бар екен. «Ақтөбе фермелік орталығы» қауымдастығы басшысы аймақтағы шаруа қожалықтары жемді осы жерден алатындарын айтты. Әсірес, мал азығынан сұранысқа ие кебек. Жемге араластырып берсе, мал тоқ жүреді дейді білетіндер. Соңғы уақытта бағасы қымбаттап кеткен.
МАРЛЕН БАЙМАҒАМБЕТОВ, «АҚТӨБЕ ФЕРМЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Қазіргі таңда бидай бағасы 90-120 мың, кебек те сол 90 мың теңге. Жоқ дегенде бидайдың бағасының 40% құрау керек, 40-50 мың теңгеден аспау керек. Наурыз айында біздің жігіттер осы жерден кебекті 55 мыңға сатып алып жүрді».
Комбинат айына екі мың тонна кебек сатады. Оның 50-70 пайызын жергілікті шаруа қожалықтары алады екен. Қалғанын оңтүстік өңірлерге жөнелтеді. Тоннасы 90 мың теңгеге бағаланған «алтын» кебектің бағасы қалай құралатынын шаруалар түсіне алмай дал.
ЕРЛАН ЖАНБОСЫНОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Егін өсіретін шаруалардан сатып алады 115тен бидайдың өзін, кебек соның қалдығы. Сосын 90-95 мыңнан сатып жатыр. Сол себепті осы баға қайдан шығып тұр, соны түсінбей отырмыз. Выход из ситуации дейді ғой- ол әлде экспортты жабу ма? Айтып жатыр ғой, қазір тек қара бидай мен сұлыға шектеу қойылды экспортқа деп, бірақ оны біз көп қолданбаймыз».
Шаруалардың жиналғандағы мақсаты комбинат басшылығынан кебек бағасын арзандатуды сұрау еді. Бірақ, кәсіпорындағылар бұған дейін фермерлерден ешқандай өтініш түспегенін айтты. Дегенмен, тараптар ертең кездесіп, талқылайтын болды. Ал бағаны өсіру себебін комбинаттағылар сұраныстың артуымен байланыстырады.
ӘМІР БАСПАНОВ, ДИІРМЕН КОМБИНАТЫНЫҢ САТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Көктемде біздер кебекті 57 теңгеден саттық, содан кейін 65, содан кейін 70 болды. Осы жақында 85 теңгеге көтердік. Себебі, тапшылық, сұраныс көп. Басқа облыстарда тап сондай бағаға сатып жатыр».
Ал ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы жеке кәсіпкердің әрекетіне дұрыс-бұрыс деп баға бере алмаймын деді. Биыл 435 мың га аумаққа дәнді дақыл егілгенімен, түсім көңіл көншітпей тұр. Әр гектарынан орташа есеппен 5-6 центнер түсім алған.
ИСАТАЙ ЕСМАҒАМБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Жеке кәсіпкерлердің құзыретінде болып тұр ғой кебекті шығару, оның енді өз калькуляциясы бар. Бұл арада дұрыс, дұрыс емес деп айту өте қиын. Қыс мезгілінде жемнің бағасын тұрақтандыру мақсатында біздер «Продкорпарацияға» 145 мың тонна фураж бөлуге ұсынымызды беріп отырмыз».
Бұған дейін қуаңшылықтың зардабын тартқан Маңғыстау облысы Ақтөбеден 5 100 тонна мал азығын алыпты. Оның 45 тоннасы жем. Ауыл шаруашылығы басқармасы қазір бірінші кезекте өз шаруамыздың жағдайын реттеп алмайынша, өзгеге қайырылуға мұрша жоқ деп отыр. Сонан кейін ғана көрші облысқа қарайласпақшы.
https://www.youtube.com/watch?v=hAWj_ezsnjQ