"Дәрігерлер салғырттығынан анам айдалада қайтыс болды". Ақмоладағы жантүршігерлік жағдай
"Дәрігерлер салғырттығынан анам айдалада қайтыс болды". Ақмоладағы жантүршігерлік жағдай
Ақмола облысында жантүршігерлік оқиға болды. 60-тан асқан әйелді ауруханадағылар туыстарына айтпастан шығарып жіберген. Соның салдарынан із-түссіз жоғалып кеткен әйелді балалары мен туыстары, полиция қызметкерлері және 30-ға жуық еріктілер үш күн бойы іздестірген.
Іздеу шараларына қатысқандардың бірі журналист Бақытбек Қадырдың айтуынша, 6 қыркүйекте ауруханадан шығарылған Қазиман апайдың жолдың жиегінде тұрғанын бір-екі адам көрген. Ақырында апаның денесі куәгерлер айтқан аумақтан 700 метрдей жерден (талдардың арасынан) табылған.
"Аты-жөні Асқар Қазиман 1961 жылы 18 маусымда дүниеге келген. Менің апайым еді. Ақмола облысы, Шортанды ауданы Жолымбет кентінің тұрғыны. 21 тамызда коронавируспен ауырады деп Аршалы ауданындағы (аудандық) ауруханаға жіберген. Үш күн жансақтау бөлімінде жатып, жаны әрең қалған. 6 кыркүйекте түскі сағат 1-де дәрігерлер науқастың туыстарына бір ауыз ескертпестен шығарып жібереді. Сағат шамамен 4 кезінде жолдың жиегінде тұрғанын бір-екі адам көрген. Ары қарай не болғаны белгісіз. Осынау індетті айтпағанда, басқа ауданнан келген жасы 60-тан асқан және үш күн комада болған адамға осындай жауапкершіліксіздік жасауға бола ма?!", - деп жазды Бақытбек Қадыр Facebook.com парақшасында.
Неліктен бір ауданның тұрғынын екінші ауданның ауруханасына емдеуге алып кетті деген сұраққа марқұмның баласы Жәнібек Айдаубай былай дейді:
"Шортанды ауданындағы ауруханада короновирусты емдейтін аппараттар болмау себебінен көрші ауданға (Аршалы ауданы) жеткізуге тура келген. Жедел жәрдем көлігімен аурухананың мамандары өздері алып кетті, енді неге үлкен кісі екенін біле тұра, комада болғанын ескеріп, жедел жәрдеммен үйіне жеткізіп салмайды? Егер бұл салғырттығы үшін аурухананың дәрігерлері жауап бермейтін болса, ескерусіз қалатын болса денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жауап берсін", - дейді марқұмның ұлы.
P.S. Newsroom.kz редакциясы аталмыш тақырыпты жазу барысында бар тараптың пікірін жариялауға әзір екенін ескертеді.