Ақтөбеліктер таксиге бес мың теңге төлеп қиналуда: "біз миллионер емеспіз!"
Ақтөбеліктер таксиге бес мың теңге төлеп қиналуда: "біз миллионер емеспіз!"
«Біз миллионер емеспіз!». Ақтөбенің Пригородный ауылының тұрғындары әкімнен автобус мәселесін шешіп беруді сұрайды. Әйтпесе, такси жүргізушілеріне жем болдық деп отыр. Қоғамдық көлік дұрыс қатынамайтынын біліп алған көліктегілер бағаны аспандатып жіберген. Күн сайын қалаға қатынау үшін кемі 5000 теңге сұрайтын көрінеді. Ауылдықтардың базынасын тыңдап келген Ақбаян Сұлтанмұратова жалғастырады. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап newsroom.kz. порталы хабарлайды.
Пригородный елді мекені қаладан 15 шақырым жерде. Ақтөбенің Алматы ауданына қарайды. Тұрғындар қоғамдық көліктен күдер үзген. Айналдырған екі автобус үш мың халқы бар ауылға аздық етеді деген жұрт, оның өзі уақытылы жүрмейтініне ашынады.
НАЗИРА ДОСЖАНОВА, ПРИГОРОДНЫЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Бір сағат, сағат жарым, кейде тіпті сынып қалғанда екі сағатқа дейін барады. Қаладағы жұмысқа баратын балаларымыз кешігіп барады, үнемі таксимен бара алмайды, ақша аз».
Автобус күтіп шаршаған жұрт амалсыз такси шақырады екен. Күндіз таксилер адам басына бір бағытқа 500 теңге алса, жеке бір өзің такси жалдау қымбатқа түседі.
АЙНАГҮЛ ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ, ПРИГОРОДНЫЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мен каждый балаға «Индрайвермен» шақырам, 2000-2500-ға келмейді тіпті. Олар сосын жолға шығады, кейде болады түйіп кетеді».
Пригородныйдағылар көрші ауылдың автобусымен қатынап та көріпті, бірақ, оның өз жолаушылары бар, әрі ауылға соқпайды деп отыр. Жиналған жұрт әкімнен ауылға жүретін автобустардың жүру уақытын реттеуді сұрайды. Бағытқа күніне 4-5 автобус шығарса, жағдай түзелер еді деп санайды. Ал екі автобустың әрқайсысы ауылға күніне 6 рет қатынайды екен.
- Интервал қанша?
- 1 сағат.
- Негізгі талап сондай ма?
- Жоқ енді...
- Кейде екі сағат күтіп қаламыз дейді...
- Болады шығар, білмедім ол жағын. 2 сағат болмайды, өтірік айта береді.
- Неге екі-ақ автобус?
- Енді жетпей жатқан шығар, қайдан білейін?
Әкім-қаралар халықтың шағымынан хабардар. Алайда, қоғамдық көлік мәселесіне қалалық әкімдік жауапты, біз тек арызды жеткізушіміз деп отыр.
АМАНБЕК ШАЛАБАЕВ, АЛМАТЫ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Қоғамдық көлік жөнінде графиктің сақталмауы, уақытында жүрмеуі сол бойынша қалалық ЖКХ және автодороги бөліміне хат түрінде хабарлап отырмыз: Көлік санын көбейту және график сақталу керек».
Қала әкімінің орынбасары №29 бағыттағы интервалды азайту мақсатында автобус санын көбейтетіндіктерін айтты. Ол үшін тасымалдаушы мекемеге ұсыныс айтыпты. Қазан айынан бастап бағытқа 7 автобус шығатын болады.
https://www.youtube.com/watch?v=vmcINkCKDe4&t=2s