Жаңалықтар

Antikor: Мамайдың мәлімдемелері – әлеуметтік желіден алынған дәлелсіз долбарлар

Бауыржан Байбектің заңгері Айжан Тәшенова Мамай мен Иманбаеваның адвокаты Е.Қалиевтің әлеуметтік желідегі постын әдеттегі іс жүргізу рәсімін ерекше дабыралатып, қоғамды адастыруға тырысу деп бағалады. «Бүгін Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның мүддесін қорғаушы Е.Қалиев әлеуметтік желіде өзінің прокуратураға берген арызына қатысты аталған мекеменің Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жолдаған ілеспе хатын жариялады. Яғни прокуратура заңға сәйкес арызды жай ғана тақырыбы бойынша жауапты органға ары қарай жолдаған. Қалиев болса, осынау әдеттегі іс жүргізу рәсімін ерекше дабыралатып, қоғамды адастыруға тырысып бақты. Осы арқылы ол өзінің мүлдем кәсіби сауатсыз әрі тиянақсыз жан екенін тағы да көрсетті» - деп жазды заңгер Facebook-тегі парақшасында. Бұдан бөлек Байбектің заңгері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет адвокат Қалиевтің арызын қараудан бас тартқанын мәлімдеді.  width= «Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Е.Қалиевтің арызына қатысты қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты оны қараудан бас тартты. Мен мүдделі тарап ретінде ведомствоға жүгініп, осы жауаптың көшірмесін алдым. Оны қазір саламын» - деп атап өткен. Одан бөлек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мамай мен Иманбаева таратқан мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу кезінде қылмыстық процесті жүргізетін орган үшін міндетті екенін де ескертіпті. Оның айтуынша Е.Қалиевтің арызында көрсетілген жағдайлар қандай да бір сенімді құжаттармен расталмаған және әртүрлі әлеуметтік желілерде баяндалған долбарларға ғана негізделген. Сондай-ақ, Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес қолданыстағы заңнаманың бұзылуы, тексеру, аудит актілерімен және басқа да материалдармен расталған зиян шегу туралы мәліметтері жоқ арыздар тіркеуге жатпайды. Сондай-ақ Тәшенова Мамай адвокатының арызында да ешқандай дәлелдер жоқ дейді. «Яғни, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мамай мен Иманбаеваның барлық жалған мәлімдемелері мүлдем негізсіз екенін тағы да ресми түрде растап берді. Аталған мәлімдемелер – бар болғаны түрлі анонимдік дереккөздерден алынған қауесеттер мен бос болжамдардың жиынтығы ғана. Осылайша, Б.Байбектің Мамай мен Иманбаеваға қатысты талап-арызы бойынша сот шешімінің абсолютті түрде заңды екендігін Алматы қаласының екі соты мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі растады», - деп жалғастырған ол жазбасын. Сөзінің соңында Айжан Тәшенова Мамай адвокатының заңгер ретінде кәсіби біліктілік танытып, жауапкерлердің сот шешімін тез арада толық көлемде орындауына, атап айтқанда, барлық жалған ақпаратты жоққа шығарып, мәлімдемелерді өшіруіне ықпал етеді деп үміттенетінін, ал өз тарапынан заңда көзделген барлық әдістер арқылы сот шешімінің толық орындалуына қол жеткізуге міндеттенетінін жеткізді.