БҚО тұрғыны ауласынан адамның бас сүйегі мен қару-жарақ қазып алды
БҚО тұрғыны ауласынан адамның бас сүйегі мен қару-жарақ қазып алды
Олардың қай ғасырға жататынын анықтау үшін облыстық тарих және археология орталығынан мамандар шақыртылды.
11 мамыр күні Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Алғабас ауылының тұрғыны Талғат Жұмазов үйінің ауласында жер қазып жүріп, адамның бас сүйегін, қылыш пен бес жебенің ұшын тауып алған, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қылышты тот басса, жебенің ұштары көгерген. Аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловтың айтуынша, адамның бас сүйегі мен жәдігерлердің қай ғасырға жататынын анықтау мақсатында облыстық тарих және археология орталығынан мамандар шақыртылды.
«Сырым ауданында тарихи орындар баршылық. Соның ішінде ел бастаған көсем, қол бастаған батыр Сырым Датұлы ту іліп, қарауыл қойған әйгілі «Сырым шыққан төбе» Аралтөбе ауылынан алыс емес. Сондай-ақ, Жұмағазы қазірет – «Дәдем ата» кешенінде Ерсары Аңқаты өзенінің жағасында Сырымның аталас ағайыны Ерсары батыр Бекетайұлы да жерленген.
Бұл осы маңда талай ұрыстың өткенін айғақтайды. Сонымен бірге, қылыш пен жебе ұшының одан да көне дәуірге тиесілі болуы ғажап емес. Оны айқындау – археолог ғалымдардың еншісінде», - деді А. Сарқұлов.