Жаңалықтар

Ықпалдылардың ығынан аса алмайтын әкімдер президент сынына ұшырады

Ықпалдылардың ығынан аса алмайтын әкімдер президент сынына ұшырады

Ықпалды адамдардың ығына жығылатын әкімдер Президент сынына ілікті. Мемлекет басшысы жайылымдық жерлерді жекешелеп, аумағын темірмен қоршап алатын жандарға жергілікті атқамінерлер жақ ашпайтынын айтты. Соның кесірінен шаруалар мал жаятын жер таппай, арты шығынмен аяқталып жатыр деген Қасым-жомарт Тоқаев, бұл мәселені тез арада шешу керек деп ескертіп, Үкіметке тапсырма берді, деп хабарлайды newsroom.kz. порталы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап. 1,5 сағатқа созылған бүгінгі жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев басқа да маңызды мәселелерге тоқталды. Алғашқылардың бірі болып Мемлекет басшысының сынына өз жұмысына салғырт қарайтын шенеуніктер ілікті. Тоқаев лауазымын ғана ойлайтын мемлекеттік қызметкерлер жылы орнын босату керек деп кесіп айтты. Себебі, аталған санаттағы атқамінерлер Президент тапсырмасына немқұрайлы қарап, халықтың мүддесін қорғау үшін әрдайым табандылық танытпайды екен. ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: "Мемлекет басшысының бағыт-бағдарына күдіктенетіндер болса, жұмысты істей алмаса, бәлкім, тыныш қана отыра бергісі келетін шығар, Президенттің тапсырамасын орындаудан жалтарса, ондай адамдар қызметінен кетуі керек деп ойлаймын. Қазіргі кезде біз дамудың жауапты кезеңіне аяқ басып отырмыз. Мемлекеттік аппарат бірыңғай механизм болып жұмыс істеуге міндетті. Сонда ғана алға қойған мақсаттарға жете аламыз". Сонымен қатар, Президент қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүргеніне тоқталды.  Өйткені, кейбір мұндай алқаптарды беделді азаматтар иеленіп алған. Ал, жергілікті әкімдер түрлі себепті желеу етіп, ықпалды адамдардың ығына жығылып, күрделі проблеманы шеше алмай жүр екен. Тоқаев осы мәселелер бойынша Үкіметке құзырлы органдармен бірлесіп шаралар қабылдауды тапсырды. ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:"Ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығында түйткіл мәселелер барын көрсетті. Біз жедел шара қабылдап, жем-шөп тапшылығына байланысты ахуалды реттедік. Дегенмен, бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек. Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн". Бүгінгі жолдауда қиындық бола қалған жағдайда мемлекетке алақан жаятын банктердің мәселесі де көтерілді. Тоқаев енді бұдан былай қазынадан қаржы ұйымдарына бір тиын берілмейтінін мәлімдеді. Мемлекет басшысының сөзінше, биыл дағдарысқа қарсы шараларды қабылдаудың нәтижесінде жалпы экономикада 6,3 трлн теңге үнемделген. Үкімет осыны жүйелейтін заң жобасы қабылдануы қажет деген тапсырма берді. ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: "Біз мемлекет банкирлерге көмектеспеуі керек деп шештік. Оған қоса тоқтау салынған активтерді экономикалық айналымға қайтару керек. Бірақ, тек нарық негізінде. Ол үшін заңнама базасы болуы қажет. Үкімет Қаржылық реттеу агенттігімен бірге жыл соңына дейін заң жобасын Парламентке ұсынуы тиіс". Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік бағасын жөнге келтіру қажет екенін атап көрсетті. Жолдауда президент алдымен жөнсіз бағаның өсуі мен тауар өнеркәсібі жұмысын дұрыс үлестіру қажет екенін, сол желімен ұсақ ауыл шаруашылық өнімдерін тасымалдау қажет екенін мәлімдеді. Бұл салада монополияға да жол берілмеу керек екендігі де айтылды. Ал, халық қалаулылары жолдауда айтылған барлық тапсырмаларды тиянақты орындауға күш саламыз, - деп ағынан жарылды. МҰРАТ БАҚТИЯРҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: "Жалпы, жолдаудың көпшілігі мына мемлекеттің бір жылдық стратегиялық саясаты. Сондықтан, бұны орындау ол міндетті. Өйткені, оның қаржысы бар. Үкімет оны орындаушы, ал Парламент соның заңдық негізін жасаушы. Сондықтан да, біз осы Президенттің жолдауына қатысты заңдық базалық, нормативтік құқықтық актілерді Парламент депутаттары, оның ішінде Сенат депуаттары оны толыққанды қолдап, заңдық тұрғыда оны бекітіп беруге толық дайын деп есептеймін". Бүгінгі жолдауда қозғалған тағы бір маңызды тақырып ол -  аудан әкімдерінің сайлауы. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ауқымды шара 2024 жылға қарай басталатынын мәлімдеді. Президенттің сөзінше, жуырда өткен ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы дәл осындай шешім қабылдауға түрткі болған. https://www.youtube.com/watch?v=ag9Ja2aEr0E