Жаңалықтар

«Сүйегім – қазақ, етім – қырғыз»: Түркі академиясы Бішкекте аламан айтыс өткізді

«Сүйегім – қазақ, етім – қырғыз»: Түркі академиясы Бішкекте аламан айтыс өткізді

Жалын жырдың жам­позы Жамбыл Жа­баев қазақ пен қыр­ғызға ортақ ­тұл­ға.­ Ал­дас­пан ақынның айшықты мұ­расы қазаққа қалай қадірлі болса, қырғыз елі үшін де дәл солай асқақ. Бауырлас елдің бас қа­ла­сы Бішкек төрінде екі күн қатарынан салтанат құрған таным мен тағылым мерекесі осы ойымызды тағы да бір қуаттай түсті деп жазады egemen.kz тілшісі. 

«Сүйе­гім – қазақ, етім – қырғыз», деп жырлаған дәулетияр дарын иесінің дара тұрар датасына орай қазақ-қырғыз ақындарының аламан айтысы өтіп, таңдамалы туындылары қырғыз тілінде жарық көрді.

Қуатты жыр қырғызбен қауышты

Тарихы теңіз, тамыры егіз өрілген қазақ пен қырғыз ру­ха­­ния­тында Сүйінбай мен Қа­та­­ғанның, Тоқтағұл мен Жам­был­дың есімі қатар аталуы тегін емес. Дәстүр сабақтастығын жал­ға­ған алыптардың айнымас дос­ты­ғы татулықтың дәнекеріне, сырбаз сыйластықтың салтанат­ты үлгісіне айнала білді. Бү­гінде сол туыстық туын тік ұстау екі мемлекеттің де ұстанып отыр­ған басым бағыттарының бірі. Бішкектегі Манас және Ш.Айт­ма­тов ұлттық академиясының қабырғасында Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен өткен ғылыми-таным­дық конференция Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына және Қырғыз Республикасы Тә­уел­­сіздігінің 30 жылдығына ар­налды. Қос елдің ғалымдары мен қабырғалы қаламгерлерін бір арнада тоғыстырған іс-ша­ра­ға Халықаралық Түркі ака­­демиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қырғыз Рес­пуб­ли­­ка­­сының Егемендік жө­нін­дегі Декларацияға қол қойған ел Парламентінің тұңғыш төр­­­а­­­ға­­­сы Медеткан Шеримкулов, Қа­зақ­стан Республикасы Мәде­ниет және спорт министрлігі Мә­дениет комитетінің төрағасы Ақан Әбдуалиев, Манас және Ш.Айтматов ұлттық ака­де­мия­сы­ның президенті Топчубек Тургуналиев, Қырғыз Рес­пуб­ли­­касы Жазу­шы­лар одағының төрағасы Нұр­лан­бек Қалыбеков, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кен­же­хан Матыжанов, Жамбыл об­лыс­тық мәслихатының хатшысы Махметқали Сарыбеков, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, Жамбыл ақынның немересі Салтанат Жамбылова қатарлы және тағы да басқа қазақ-қырғыз зия­лы­лары қатысты.

1

Конференция барысында Жамбылдың қырғыз тіліне ауда­рыл­ған таңдамалы шығар­ма­лары (Жамбыл Жабаев. Тан­дал­ган чыгармалар) көпшілік на­зарына ұсынылды. Құнды еңбекті қырғыз тіліне белгілі әдебиет­танушылар – Керимбек Ка­дыракунов пен Түгөлбай Каза­ков тәржімалаған. Келелі кездесуді ашқан Дархан Қыдырәлі: «Алатаудың абызы Жам­был ақынның қоңсы қонған қыр­ғыз халқына деген көңілі ерек. Жамбыл тек қазақ-қырғыздың ғана емес, тұтас түркінің тұтас­ты­ғына қызмет еткені баршаға аян» дей келе оқырманға жол тарт­қан жәдігердің мән-маңызына тоқ­та­лып өтті.

Сөз басында айтып өтке­ні­міз­дей, Жамбыл шығар­ма­ла­рында бауырлас қырғыз елі айрықша ілтипатқа ие. Оған ақын­ның мына шумақтары дәлел.

Қырғыз ұлы, құлақ сал,

Ежелден қимас бауырым.

Жайлап жүрдік саялап,

Іле, Шу, Нарын бауырын,

Атамыз болған бал тату,

Анамыз болған жан тату,

Келін менен бозбала,

Ұлы менен қыз тату.

Басына басы қосылып,

Жанына жаны қосылып,

Араласқан ауылым.

Бірер ұрттам сүт тапса,

Бөліп ішкен қауымым,

Әлемге айғақ мен Жамбыл

Ашық айтар ұл-қызға,

Қазақ бауыры қырғызды

– Батырым! – деп мақтаған,

Бір қыңыр сөз айтпаған,

Ақ қалпақты ер қырғыз,

– Төрге шық! – деп сыйлаған.

Қазақ барса қырғызға:

– Кел, қазағым кел! – деген.

– Қимас бауырым сен, –  деген.

Жамбыл мұрасын асқақтатуға арналған басқосуда сөз алған Қырғыз Республикасы  Парла­ме­н­ті­нің тұңғыш төрағасы Медеткан Шеримкулов: «Жам­был жыры кейінгілер үшін өлмес өнеге, тағылымды мұра. Игі дәс­түрді жалғап, туысқан елдер ара­сындағы әдеби байланыс­­­­­ты ны­ғайту ата-баба алдындағы, ұрпақ алдындағы ұлы борыш. Халықаралық Түркі академиясы мұрындық болып отырған бүгінгі шара осының айғағы» десе, ақын Ұлықбек Есдәулет XX ғасыр Гомерінің ақындық қуатына тоқ­талып: «Ғаламшардың аспанын Алатау қалай биіктетсе, адам­­­заттың аспанын Жамбыл ақын солай биіктеткен. Біз – батыры да, ақыны да бар елміз. Қазақ-қырғыздың мықтылығы сонда. Егіз туған екі халықтың ұлы перзенттері Жамбыл мен Тоқтағұлдың достығы бүгінге де, ертеңге де үлгі», деген пікірін білдірді.

Тұғырлы тұлғаны қырғыз елі­мен байланыстыратын тарихи деректерді шолып өткен профессор Кенжехан Матыжанов Жамбыл айтыстары мен қол­жаз­баларының бірсыпыра түп­нұс­қасы дәл осы Қырғыз ака­де­миясының мұрағат қорынан табылғанын айтады.

– Ел мен елді туыстыратын өнер мен мәдениет. Қазақ пен қырғыздың ынтымағы ірі тұл­ға­лардың тілектестігімен берік. Жамбыл жылының жарқын жүз­де­суін жоғары деңгейде өткізіп отырған Халықаралық Түркі ака­демиясы мен қырғыз елінің зия­лы қауымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Институтымызда Жамбыл Жабаевтың академиялық толық жинағын әзірлеу барысында ғалымдарымыз қырғыз мұра­ғат­тарынан Жамбылға қатысты көп­теген материал тапты, – дейді ғалым.

Сонымен қатар іс-шара барысында көрнекті мемлекет қай­рат­ке­рі, белгілі қырғыз жазушысы Каныбек Иманалиевтің «Тагай бий (Мухаммед Кыргыз)» атты тарихи повесінің тұсауы кесілді. Аталған еңбек ХVI ға­сырда өмір сүріп, қырғыз елінің басын біріктіріп, ел болуға негіз қалаған Тағай бидің өмірінен сыр шертеді.

Сөз орайы келгенде, қырғыз еліне Жамбыл туған топырақтың ыстық сәлемін жолдай келген Алматы және Жамбыл облыстық Мә­дениет басқармаларының өкіл­­де­рі мен өрелі өнерпаздар рухани шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, бауырлас елде баба рухын аспандатқанын екшеп айтқан ләзім. Тағылымды шара қазақ және қырғыз ақын­да­рының қатысуымен өткен ХІV ха­лықаралық аламан айтысқа ұласты.

Айтыс ақындары ел бірлігін асқақтатты  

Бішкектегі Қырғыз ұлттық филармониясында қанат қаққан қазақ-қырғыз ақындарының ай­ты­сы Қырғыз Республикасы Тә­уел­сіздігінің 30 жылдығына, «Айтыс» қоғамдық қорының 20 жыл­дығына, Жеңіжоқ ақынның 160, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналды. Сұлу сөзге сусап келген көптің көңілін, шөптің шөлін қандырған ақ жаңбырша жадыратқан сүйір тілді 16 ақын екі күн бойы Бішкек аспанын әуезді жырмен әлдиледі. Атап айтқанда, қазақтың 8 ақыны мен қырғыздың 8 ақыны семсер тілін сермесіп, аламанда атой салды. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей тартысқа толы тамаша айтыс көрсете білген ақындар да, шабытын шаң басқандай бәсекеде бәсеңдік танытқан шайырлар да болғанын жасыра алмаймыз. Ең бастысы, Жамбыл тілімен айтқанда: «өркешіндей түйенің, емшегіндей биенің» қойы қо­ра­лас, ойы орайлас өрілген егіз елге қатар енші болған сөз сайысы жоғары деңгейде өтті.

Тапқырлық, ұтқырлық, көр­­кемдік, суырып салу – айтыс­ты бағалаудағы басты талап ре­тін­де қо­йылды. Қырғыз Респуб­ли­­ка­­сының халық әртісі, сазгер Түгөл­бай­­­ Казаков төрағалық еткен додаға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, қырғыздың ха­лық ақыны Анатай Өмүрканов, Қыр­ғыз ұлттық ғылым акаде­миясының Ш.Айтматов атын­дағы Тіл және әдебиет инсти­ту­тының директоры, академик Абдылдажан Акматалиев, фи­ло­логия ғы­лым­да­рының докторы, профессор Умут Култаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, театр және кино әртісі Әділ Ахметов, қырғыздың ха­лық ақыны, драматург Бактыгүл Чотурова, қырғыз елін­­дегі Мә­дениет және тіл арна­сы­­ның ди­р­екторы, журналист Назира Аалықызы төрелік жасады.

Айтыс сахнасында айтылған орамды ой, айшықты тіркес, мың құбылған мақам көрермен көңілін сер­пілтті. «Жеті күн жауған жаң­бырдай, Жеңіжоқпенен Жам­былдай. Бірлігіміз бек болсын, Солар салған даңғылдай» деп толғаған ақындар азаматтықтың арнасы сыйластықта екенін жырына арқау етіп, қырғыз-қазақ ынтымағының мәңгі жалғасуын тіледі. Халық достығы, махаббат пен мейірім, қырғыз бен қа­зақтың тарихы мен тағдыры, тұл­ғаларының тұтастығы көркем ой, кестелі теңеумен көм­кері­ліп, ал бірде әсерлі әзілмен құр­дас қалжыңы, аға мен інінің қағытпасы арқылы қарқын алып отырды. Қырғыз ақындары Жамбыл облысында орын алған қай­ғылы жағдайға байланысты қазақ еліне көңіл айтса, қазақ айтыс­керлері де айтыс сахнасында жасындай жарқыраған Элмирбек Иманалиевтің өмірден өтке­ніне өкініш білдірді. Қазақ ақындары тарапынан ай­тыл­ған «Өріктердің гүлдегенін көр­дің де, Гүлдерінің төгілгенін көрмедің» немесе «Қабірің де қазылыпты інім-ау, Қадіріңді біздер білмей жүргенде» деген жолдар ақынын жоқтаған жұрттың жүрегін тербеп өтті. Қырғыз елінің егемендік тойы, Ата Заңымыздың айтулы мерекесі, екі ел көшбасшыларының ты­ғыз қарым-қатынасы ақындар өлеңіне өзек болды. Әсіресе көп­ші­ліктің көкейіндегі көп ойдың тамырын тап басқан керекулік Аспанбек Шұғатаев ақ қалпақты ағайынның алғысын арқалады. Сондай-ақ «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, талай додада топ жарған Нұрлан Есенқұлов, қырғыз ақыны Мундузбек Боранчиев дүйім ел­дің ықыласына бөленді. Сахна төріне қырғыз шайыры Ашы­ра­алы Айталиев бір кездері ұстазы Серік Қалиевке сыйға тартқан қомызды ала шығып айтысқан Алтынбек Ибрагимов жас болса да әлеуетті ақын екенін байқатты. Бұдан бөлек бір-біріне домбыра сыйлау, ағалық бағдар, іні­лік ілтипат таныту секілді игі дәс­тү­рлер айтыстың деңгейін арт­тыра түсті.

E

«Айтыс – салт-санамыз, айтыс – болмысымыз, тарихымыз, тағ­дырымыз. Баба да ортақ, сана да ортақ екі мемлекеттің өткені өзара сабақтасып жатыр. Сол сабақтастықты жалғайтын, достықты дәнекерлейтін ұлы мұраттар ақындарымыздың аузымен айтылды. Қырғыз ұлтының Жамбыл Жабаевқа деген құрметі шексіз. Жамбыл мен Жеңіжоқтың жолын жалғайтын ақындар көбейе бергей», деген тілегін жеткізді Қырғыз Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы Сүйүнбек Касмамбетов.

Ақындарды құттықтаған Қырғыз Республикасы Жоғарғы ке­ң­е­сінің төрағасы Талант Мамытов, Қырғыз Мәдениет және туризм министрі Қайрат Иманалиев, Қырғыз Респуб­ли­касы Жоғарғы кеңесінің депутаты Қаныбек Иманалиев, Франциядан бейнеқұттықтау жол­даған қазақ-қырғыз айты­сы­ның жанашыры, «Айтыс» қо­ғамдық қорының президенті Садық Шерниязов жыр мерекесі биік межеде өткенін айтып, кө­рер­­менге алғысын жаудырды.

Қазылар алқасының шеші­мі­мен Мұхтар Ниязов, Нұрлан Есенқұлов, Ержеңіс Әбдиев, Алтынбек Ибрагимов, Амантай Кутманалиев, Баян Ахмадов, Жұлдызбек Төреканов, Мун­дуз­бек Боранчиев қатарлы сегіз ақынға ынталандыру сый­лы­ғы (50 мың сом) табысталды. Жүлделі үшінші орын (150 мың сом) жерлесіміз Бөрібай Оразымбетов пен қырғыз ақыны Кубат Тукешовке бұйырды. Жүлде қоры 250 мың сомды құ­райтын екінші орын қызыл­ор­далық Нұрмат Мансұров пен қырғыз елінің жүйрігі Турат Жумаевтың еншісіне тиген болса, аламанда шашасына шаң жұқпаған қос жүйрік Акматбек Сұлтанұлы (Қырғыз) мен Ас­пан­бек Шұғатаев (Қазақстан) I орынға (350 мың сом) ие болды. Ал бас бәйгені олжалаған (450 мың сом) жерлесіміз Айбек Қалиев пен қырғыз ақыны Асылбек Маратов айтыстың же­ңім­­пазы атанды.

Қырғыз елі тағайындаған не­­гізгі жүлдеден бөлек ақын­дарға қо­мақты қаржылай сыйақы табысталды. Айталық, Жамбыл облысының әкімдігі та­ғайындаған 1 миллион теңге қазақ-қырғыз достығын асқақ­тата жырлаған Мұхтар Ниязов пен қырғыз Амантай Кут­маналиевке тең бө­лінді. Одан бөлек Қырғыз «Айтыс» қо­ғам­дық қорының президенті Садык Шерниязов тағайындаған Тууганбай Абдиев атындағы сыйлық Мундузбек Боранчиевке, Ашыраалы Айталиев атындағы сыйлық Алтынбек Ибрагимовке, Эстебес Турсуналиев атындағы сыйлық Нұрлан Есенқұловқа, Бексултан Жакиев атындағы сыйлық Баян Акмадовқа, Эл­мирбек Иманалиев атындағы сый­лық Айбек Қалиевке берілді.

Елдік пен еркіндікті жыр­ла­ған қазақ-қырғыз ақын­дары сөз жарыстырмағанын, сөз жа­рас­тыр­ғанын, ой талас­тыр­ма­ғанын, керісінше табыс­тыр­ға­нын тілге тиек еткен зиялы қауым жыр бәйгесінен жақсы көңіл күймен тарасты.

Арман ОКТЯБРЬ,

БІШКЕК