Жаңалықтар

Мақтааралға мың пар аяқ киім жіберейін деп едім...

Мақтааралға мың пар аяқ киім жіберейін деп едім...

Кеше Ташкенттен Омар есімді азамат хабарласып "Мақтааралға мың пар аяқкиім жіберейін. Кеденнен салықсыз қалай өткізуге болады? Егер қажет етсеңіздер екі мыңын артып жібере аламын" деп, қысылып, кішірейіп сөйлеп тұр. Енді соны жеткізудің жолын тиісті органдармен кеңесудеміз... Ертеректе екі елдің ортасына мал өтіп кетсе қырғын ерегіс туып, тіпті кейде кісі өлімімен аяқталып жататын. Шекарашылардың бір-біріне қару кезеніп, әуелете оқ жаудырған сәттері де болған. Бұл жолы бауырластық, түркілік туралы айтылатын әңгімелер шын мәнінде жүзеге асқанын көрдік. Шекара аймағында алапат су тасқыны орын алып, мыңдаған отбасыны әуреге салса да қос тарап басшылығы сабырлық танытты. Сындарлы келіссөздер жүргізілді. Рас, эмоциямен көрішілерге қарата біршама айыптаулар да айтылған еді. Алайда көрші ел басшысы қазақ Президентімен әңгімелесуден соң бірден көмек беруге жүздеген техникаларын жөнелтті. Меценаты арқылы біздің 5202 отбасымыздың әрқайсына 1000 доллардан ат-шапан айыбын төлеуде. Кешірім сұрап, айыпты екендіктерін жеткізуде. Ташкентке тікұшақпен тіке тартып, жанына ерткен үкіметтік емес жай жергілікті су мамандармен екі күн бойы өзекеңдерді өзеуретпей, өзінікін өткізе білген Өмірзақ Шөкеевтің де еңбегін атап айтқанымыз абзал.
Бұл түркітілдес қос халықтың өскенін, шын достықтың артқанын айқын дәлелдеп отыр. Қызбалыққа салынбай, көршімізге өрелі ел екендігімізді көрсетіп, бауырға деген адалдығымызды аңғартып ұялтқандаймыз. Бүгін екі елдің Үкімет басшылары А.Мамин мен А.Арипов Мырзакентте кездесіп, 500 тұрғын үй түсетін жаңа ауылдың құрылысын бастады. Алла сәтін салса қоныс тойы да алыс емес. Тегінде өзбектер "Қазақтан жолдасың болса жолда қалмайсың" дегенді бекер айтпаса керек. Ал қазақтың "Ағайын тату болса ат көп" деген даналығына кезекті рет көз жеткізіп отырмыз. Nur Otan партиясы  Түркістан облыстық филиалы Төрағасының І орынбасары Бейсен Тәжібаевтың фейсбук парақшасынан алынды