Алаштың айбоз абызы

21 Қыркүйек, 2019 120 0

Қазақ әдебиеті мен мәдениетін кі­реуке қардың астынан гүл атқан жауқазындай дүркірете жасартып, жаңғыртып жіберген алпысыншы жылдардағы жаңа толқынның бет­бұрысты тағдыры мен талайы ұл­тымыздың даму тарихында­ бүгін­де­рі айтулы бір белес болып қалды. Бұл Алаштың алауын өшірмеген ғұ­лама қаламгер Мұхтар Әуезов сүйін­ші­легендей, шынтуайтында «Жыл кел­гендей жаңалық» еді. Осы лепті ел құ­лағына жеткізуге асыққан, ұлы клас­­сиктен ақ бата алуға мұрындық бол­ған, бұл буынның тоғанақты көш ке­руенінің бұйдасын уысында ұстаған, сонау үш қиян тараптан, Маңғыстау түбегінен келген маңдайы жарқыраған қаршадай қара торы бала Әбіш болатын. Ғұлама Мұхтар Омарханұлының науша студент Әбіш Кекілбаевтың ба­лауса сауалдарына жазбаша жауап беріп, «Лениншіл жас» газеті бетінде сұх­бат жасауы да тұлпар болатын тай­ды шашасынан ұстап, кекілінен та­раған кемеңгерліктің дара үлгісі, абыз­дық көрегендіктің сәуесі еді. Кім біледі, алып Мұқаң қаршадай балаға ба­тасын бергенде данышпан Абайдың ұлы Әбішті «жаңаның басына» теңеген сөзі санасында жаңғырып тұрған болар?!

Абыз! Иә, бұл сөз сол ұлы Мұқаң­ның өзі айтқандай хафиз деген сөзден бас­тау алғанымен қазақтағы мағынасы ауқымды да арналы, айдынды да айбарлы. Түгел түркі жұртына Қорқыт ата, Білге Тоныкөк, Сыпыра жырау, кейінгі қазаққа Асанқайғы, Бұқар жы­рау бас абыз болған. Елдік сана құл­дырап, бодандық қамытқа тап болған соң бұл өзгеше жосын әлсіреп, солып, елес­ке айналған-тын.

Азаттықтың ақ таңы сібірлеп ат­қанда мемлекеттігімізді нығайтып, ру­ха­ни тұғырын бекемдеуге, жаңа тұр­­патта заң-жарғысын түзуге дана­лықпен үлес қосып, қаламгерлігі мен қайраткерлігін тәуелсіз республи­ка­мыз­дың гүлдену жолына сарп еткен, алғашқы Мемлекеттік хатшы, Жо­ғарғы Кеңестің Төрағасы лауазымын ат­қарған, аса көрнекті мемлекет және қо­ғам қайраткері, классик жазушы Әбіш Кекілбаевты абыз деп атау жара­сымды-ақ.

Мұндай дәрежеде елінің қалтқысыз сүйіс­пеншілігі мен құрметіне ие болу үшін ұлағатпен ұзақ өмір сүріп, өн­діріп еңбек етудің өзі де аздық етеді. Бей­нетқор қалам иесінің тоқтаусыз том-том шығарма жазып, көптің көңі­лінен шығып, заманның қатал сынына төтеп бере де алмайтынын кір­пияз уақыт талай дәлелдеген. Осы көк­жиектен қиялап Әбіш әлеміне көз қиығын салғанда қалың ел мен зиялы қауымның Әбіш Кекілбаевты заңғар биікке балай бастауында тарихи әділет пен әдемі үйлесімділік бар.

Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Ке­бек» драмасындағы Нысан абыз қа­­ра қобызын күңірене шалып, замана тарапына, халқының болашағына тол­ғанып, соқыр тұманды түре сәуе ашуы көрермен көңіліне үміт ұялатады емес пе?! Сол Мұқаңның ақ батасымен көгеріп, тәуелсіздік дәуірінің ал­дымызға тосқан ауыр жүгін талмай ар­қалап, көк тудың діңінің берік болуына рухани-саяси тұрғыдан жан-жақты тер төк­кен Әбіш ағаны қалайша абыз дей алмайсың?!

Көптеген қаламгер сияқты Әбіш ағаның да әдебиетке өлеңмен кел­гені белгілі. Ол жан түкпіріндегі сырларын, көкейіндегі көркем ойларын өлеңмен өрнектеді. Сонау студент кезінде жазған «Махамбет» поэ­масы жастардың ортасында азаттық рухын шалқыта жырлауымен резо­нанс тудырғанымен, толығымен жариялануына шектеу салыныпты. Ке­меңгер Кекілбаев келе-келе көшелі про­за мен кесімді көсемсөз саласында кеңінен көсілер шаққа жеткенде өлең­ді жанынан тастаған жоқ, қасиетті де киелі өнермен арасын суытқан емес. Мұқағалидың күнделігінде ай­тыл­ғандай, күллі өмірін тұтас поэ­ма түрінде өлеңмен өрнектеп кетті. Мұ­қағали демекші, «Маңдайынан си­пайтын жан таба алмай» жүрген шерлі ақынның «Қарлығашым, келдің бе?» атты жыр жинағына пікір жазып, өлеңсүйер қауымнан сүйінші сұрауы да абыз қаламгердің киелі поэзияға деген терең құрметін, адал махаббатын біл­дірмей ме?!

Әбіш аға бір өлеңінде:

Қолтыққа су бүріккен,

Тақымға ине жүгірткен

Елбеңдерге елікпе,

Желбеңдерге желікпе,

Түспеймін десең өртке,

Бөрлікпе де бөртпе! – деп бағзы жыраулардай тереңнен тол­ғап сөйлейді. Бұл – абыздың бейнесі!

Ағаның аңқаңды аңызақ аптап кеп­тірген елсіз, қу-медиен далада тір­шілік нәрі болып қарсы алдыңнан кезі­гер зәмзәм сулы құдық туралы «Шыңырау» өлеңі 1959 жылы жазыл­ған екен. Осынау өлең 1969 жылдың мау­сым айында Ялтада басталып, шіл­деде Алматыда нүктесі қойылған әй­гілі «Шыңырау» повесінің әу бас­тағы лейтмотиві екенін аңдайсың. Кейінгі «Үркер» мен «Елең-алаң» эпо­пеяларының да, басқа да хикаят, роман­дардың қайнар-бастауларын 60-жылдардағы «Обалар», «Қанжар», «Түйелер», «Археолог», «Бағзы ба­ба­ларға ода», «Нағашы» тәрізді өлең­дерден іздеген жөн. Өлеңдерінің өзі­нен суреткерлік алым, көркемдік бояу аңқып қоя беретін Әбекеңнің қай-қай шығар­масы да терең талдаулар мен сауат­ты тәпсірлерге сұранып тұрғаны анық.

Әрине, Әбіш аға – ең әуелі қара сөз­­дің қасиетін терген жампоз жазушы. Ол «Күй» хикаяты арқылы сонау 1966 жылы әлемдік әдебиет кеңістігіне кейіннен философиялық-әлеуметтік терең мағынаға ие болған Мәңгүрт образы мен категориясын алғаш рет әкелді. Жадысы өшкен ұрпақтың, тарихы мен танымынан айырылып, өз халқына өзі жау болатын буалдыр саналы, будан буынның тақсыретін шоң Шыңғыс Айтматов 1980 жылы жа­риялаған «Ғасырдан да ұзақ күн» романында күллі адамзат баласына дабыл қаға жаңаша түсіндіріп-түйсіндіріп әй­гілеуін ұлылар арасындағы үндестік-үйлес­тік деуге болады.

«Үркер» мен «Елең-алаң», «Ханша дария хикаясы», «Аңыздың ақыры» секілді шоқтықты туындыларында аңыз бен ақиқат, тарих пен шежіре өз­геше өрнекпен өріліп, кайнозой заманынан бермен ішкі сырын бүгіп үнсіз жат­қан Ұлы даланың маңғаздығы мен мәрт­тігі, сабыры мен самарқаулығы, қаһар­мандығы мен қаталдығының бір­тұтас панорамасы жасалып, сан алуан­ кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесі құм саналғандай қазыла тексеріледі емес пе?! Шыңғыс хан, Әмір Темір, Әбіл­қайыр үштігімен дәуірден дәуірге же­лі тартып, эпикалық кеңістіктің сыр­лы пернелерін басып, атамзаманмен сырласа алғаны ғанибет емес пе?! Кез келген шығармасындағы ұлт­тық қайталанбас мінез-құлық, этно­графиялық бояудың дәлдігі мен дәйек­тілігі терең білімдарлықты ғана емес, халық өмірінің ішкі болмысына қанық болып өскен мәйектілікті танытады.

«Шыңырау» повесіндегі шөл далада адамдарға су сыйлайтын Еңсеп құдықшының Прометейлік бейнесі адам мұратының жасампаздығын көрсе­теді. Шиыршық атқан шығарма­дан Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» туындысындағы жанкештіліктің сұл­басын танығандай боласыз. Ал «Тасба­қаның шөбі» әңгімесінен терең­дігі әлемдік классиканың кез келген туын­дысымен тебінгі теңестіріп, қам­шы қағыстыра алатын өлшем мен өрнек­ті табамыз. Сол сияқты «Шеткері үй», «Автомобиль» повестеріндегі дәс­түр мен жаңашылдық, «Аңыздың ақыры» романындағы образдар жүйе­сін дараласақ, нәзік те терең психологизм, «Үркер» мен «Елең-алаң» ро­ма­нындағы тарихи шындық пен көр­кемдік шешімдер – Әбіш әлемінің кел­беті даладай кең кеңістікке, теңіздей терең буырқанған сезімге, көркемдік қуат-күшке, құдіретке ие екендігін та­ны­та алады.

Әдебиеттегі Әбіш әлемі дегеніміз ұлтының тілі, ділі, діні, тінімен үй­лес­кен қалың еліне тарту етілген – ба­ға жетпес қазына. Бұл – әлемдік әде­биеттің мың бояулы өрнек жібін өзі­нің ұлттық ой станогінде иіріп, көр­кемдікпен кестелеген сөз өнері. Ол Лев Толстойдың «Соғыс және бей­біт­шілік» романын, Шекспирдің «Король Лир» драмасын, Ги де Мо­пассанның «Өмір» романын аударып, болашақ қаламгерлік сапардағы шеберлік нақысын шыңдады. Лев Толстойдың әйгілі «Холстомері» мен өзінің «Бәйгеторы» хикаятында, Ги де Мопассаның «Өмірі» (Жанна) мен «Шеткері үй» (Зухра) повесінде ұлы­лармен үндестік-тіндестік бар. Жалпы, адамзатқа ортақ көкейкесті шындықтарды ұлылар өзіне тән қай­таланбас өрнекпен, ұлттық бітіммен әр қырынан сомдағанына таңданасың?!

Әбіш-абыз әдебиеттің барлық жанрында еңбек етті: поэзия, проза, көсем­сөз, сын, сапарнама, тіпті ғылыми зерт­теулермен арнайы айналыспаса да поэзия мен прозаның теориялық таби­ғатын түсіндірген қыруар құнды еңбектерді тынбай жазып, артына мол мұра қалдырды. Ал түрлі қоғамдық-мем­лекеттік сұраныспен рухани-саяси іс-шаралар кезінде түйіліскен келелі мәселенің түйінін тарқатып жасаған баяндамалары, жарыссөздері, ой-толғаныстары, керек болса, табанда тауып айтқан шешендік шиырлары оны классикалық әдебиеттің өкілі ретінде атауға, жазушы деп тануға тарлық етеді. Ол – қайраткер тұлға, ақылман ойшыл, қарымды қаламгер, ғұлама-ғалым, шежіре-шешен. Ол – Сеңгірбайұлы Мұрындай төкпе жыраул­ардың, Абыл сынды ақтаңгер күй­ші­лердің ақ домбырасының ша­на­ғынан төгілген эпикалық-әп­саналық інжу-маржандарды көркем прозаның көкорай сұлулығымен көмкеріп оқырманға тарту еткен, ес­те жоқ ықылым замандағы түркі ми­фологиялық кодын ұрпақ санасында тірілте алған шандоз. Ол – бая­ғының билеріндей саңқылдап сөйлеп кеткенде түйдек-түйдек көркем ой орам­дары мен кестелі сөздері екпіні жолындағысын жайпап өтетін тау суын­дай ағыны қатты арынды ділмар! Оның болмысы мен бітімінің сымбат-сыры маң дала төсіндегі Үстірт сияқты оқшау болса, мінез-сезіміне буыр­қанған Каспийдің көкшулан тол­қыны мен Тұран ойпатының сал­қар кеңдігі тән еді. Міне, осы асыл қа­сиеттердің бәрібір алып тұлғаның бойында шоғырланса, алты қырлы дүр-жауһардай жарқырайды.

Қазақ қоғамының рухани өмірін­дегі Әбіш әлемі деген көркемдік-фи­ло­софиялық ғажап құбылысты бағ­ам­дау абыз суреткердің аймаңдайы жар­қырап ортамызда жүрген шағында-ақ жүрекжарды сан тарау пікірлердің өзегіне айналғаны белгілі. Алаштың айбоз абызы туралы кезінде көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденов: «Ол – сегіз қырлы, бір сырлы талант. Ол – талантты ақын, талантты сыншы, талантты прозаик. Бір кісіге осының біреуі де жетер еді. Оған табиғат үшеуін де берген. «Екі кеменің құйрығы» демекші, бұл жігіт үш кеменің құйрығын ұстап келеді», – деп жазыпты. Шындығында, заңғар талант кейін «төртінші кеменің» де құйрығын ұстады. Бұл – публицистика еді. Сондықтан Әбіш Кекілбаев есімі ұлттық әдебиетімізде төрт аяғын тең басқан жампоз жазушы, төрт құбыласы түгел қабырғалы қаламгер ретінде алтын әріптермен жазылып қалды.

Әбіш Кекілбаев публицистикасы – ұлт зердесінің өлшемі. Азаттықтың ақ таңын «Ойдағымыз болды, ортамыз толды» деп тебіреніспен қарсы алған ол бостан еліміздің тұғырын бекітіп, бо­лашағын пайымдап, тәуелсіздікті тия­нақты дәріптеп насихаттау үшін саналы түрде қоғамдық өткір сұра­нысқа ие жүрдек жанр көсемсөзге бет бұрады. Ол расында бағзы мен ба­қиды жалғастырып жатқан сара жолдың үстінде бізді кемеңгерлік тағылымымен сусындатып отыратын теңдессіз ұлттық құндылықтардың ай­насы іспетті. Әбіш аға Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: «Көркем ойдың, көркем әдебиеттің көсемсөзге жол берген тұсында ол ел-жұртына үлгі беретін үрдіске қол ар­тып, уақыт мінберіне көтерілді. Ағынан жарылды, адалынан сөйледі». Терең білім, туабітті шешендік қасиет пен қаламгерлік қуаты публицист Әбіш Кекілбаевтың шығармаларына айрықша көркемдік дарытып, қолтаң­басын даралап тұрады.

«Мен әдебиетші болмасам, сая­сатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем» деген сөзі Әбіш Кекілбаевтың өмірлік кредосы, айнымас ақиқаты еді. Әдебиеттің баст­ы мұратын қоғам үшін шынайы тарихи сана, халық үшін шынайы ұлттық сана, адам үшін шынайы аза­маттық сана деп білген кемеңгер Ке­кіл­баев публицистикасының басты ұстыны – елшілдік, мемлекетшілдік. Оның қайраткерлік өмір жолы мен бүтін шығармашылық қызметі осыған тұғыр болып, Тәуелсіздік мұраттарына қуатты сөзімен үн қосуына негіз салды. Сондықтан Әбіш ағаның парасатты қайраткерлігі мен публицистік қаламгерлігі – бір-бірінен ажырағысыз. Сөз бен істің бірлігінің айқын айғағы.

Адамзаттың арғы-бергі өткені ке­шегі күндей санасында сайрап тұрған Әбіш Кекілбаев – тарихи тақырыпта көл-көсір терең білім иесі. Оның пуб­­­ли­цистикалық шығармаларында қа­зір­гі қазақ қоғамының мұраттары мен мақсаттары жалпы әлемдік да­му­­дың тенденцияларымен тығыз са­бақ­тастықта сараланады. Ұлттық та­рихтың талқылы тұстары тар ауқым­мен шектелмей, әрдайым күллі адамзат өркениеті кеңістігінің аясында көрініс табады. Шалқар ақыл, да­на пайым арқасында ол өзінің көсем­сөздік туындыларында тарихи деректер мен теориялық қисындарды шебер­лікпен ұштастырады. Оның публицистикалық туындыларының байыр­ғы жыраулардың философиялық толғауларындай ерекше құштар­лық­пен, бір деммен оқылуының сыры да осында.

Ол қай тарапқа, қай тақырыпқа салса да, ойы таусылмайтын, сөзден тосылмайтын, қаламының құнары қағаздың бетін нұрландырған сөз зергері болды. Оның публицистикасын жанрға жіктегенде, «саяси», «тарихи», «ғылыми», деп біржақты ат қойып, айдар тағудың өзі қиын. Себебі қай­раткер-қаламгердің заманауи сөз сарайының ішінде дәуірдің барлық ой-пікір бағыты өзара тоқайласып, бір қазанда қайнап жатады.

Тәуелсіздіктің елең-алаңында «Еге­мен Қазақстан» газетіне басшылық жа­сап, оның бүгінгі атауын алуға ұйыт­қы болған Әбіш Кекілбаевтың 1990-2015 жылдар аралығында басылым беттерінде 144 мақаласы жарық көрген екен. Әрине, 25 жыл ішінде бұл қарымды қаламгер үшін аз болып көрінуі де мүмкін. Дегенмен, қай­раткер ағаның материалдары көлем­ді болып келетінін және оларды үлкен мемлекеттік қызметтерде жүріп қолы қалт еткенде жазғанын ескеру керек.

Қазақ халқының байтақ руханиятында, мемлекеттік саяси-қоғамдық өмірінде Әбіш Кекілбаев намымен келіп, абыз болып аттанған даңғайыр дана уақыт пен кеңістіктерден Шал­құй­рықтай құйғыта шауып, бағзы би-бабалардан бізге сарқыт болып жетті, тұлпар тұяқ дүсірімен ел санасын сіл­кіп оятып дүбірлетіп өтті.

Сондықтан болар, данышпан Абай ұлы Әбіш қайтқанда жазған:

«Кешегі өткен ер Әбіш

Елден бір асқан ерек-ті.

Жүрегі – жылы, бойы – құрыш,

Туысы жаннан бөлек-ті.

Өнері оның жұрт асқан,

Ғылымға көңілі зерек-ті.

Боямасыз ақ көңіл,

Кірлетпей кеткен жүректі» – деген жоқтауын бүгін алаш жұрты Әбіш-абызға айтып тұрғандай әсер қалдырады.

Біртуар аяулы тұлғаның, қолтаң­басы қайталанбайтын қадірлі абыз аға­ның қадір-қасиетін қара орман халқы, еге­мен мемлекеті әрдайым тап басып танып, әділ бағалай білді. Ол Елбасының қолынан Алтын жұлдыз алып, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері атанды. Бүгінгі рухани өмірімізге әсерлі әшекей берген Әбіш Кекілбаев орталығы, Әбіш Кекілбаев атындағы мектеп пен даңғыл-көше заңғар жазушының артындағы мирас пен тағылымның алаш жұртын рухани жаңғыртып, сусындата беретін сарқылмас қайнарға айналғанын айғақтайды.

Абыз туралы аңыз енді бастал­ғандай...


Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

Тегтер: әбіш, кекілбаев, дархан, қыдырәлі, жазушы, қазақстан, жаңалықтар, әлем

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.