Жаңалықтар

Түркістандық ауылдарда инфрақұрылым құрылыстары жүріп жатыр

Түркістандық ауылдарда инфрақұрылым құрылыстары жүріп жатыр

Төлеби ауданындағы ауылдарда ауыз су, газ құбырларын тарту, электр бағаналары ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды newsroom.kz. Төлеби ауданы Қоғалы ауылдық округінде инженерлік-коммуникация жүйелері дұрыс жолға қойылған. Бүгінде округте ауыз су, газ құбырлары тартылып, электр бағаналары ауыстырылып жатыр. Атап өтсек, табиғи газ округтің үш елді мекеніне тартылып жатыр. Алшалы, Диханкөл, Ұзынарық тұрғындары жуырда көгілдір отын жағып, қатты отын пайдалану бейнетінен құтылады. Газ құбырын тарту жұмысына аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тапсырыс беріп, оны мердігер «Azia RS» ЖШС атқаруда. Қазіргі кезде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын, алдағы уақытта газ құбырлары әр үйге жүргізіледі. Табиғи газ жеткізу жұмыстары 2022 жылы жалғасын тауып, алдағы уақытта Төлеби ауданының 7 елді мекеніне көгілдір отын жеткізіледі деп жоспарлануда. Бұған қоса, Ұзынарық елді мекеніндегі ауыз су құбырын ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Старт-Строй» ЖШС атқаруда. Ауылдағы ауызсу құбырлары Кеңес өкіметі кезеңінен бері ауыстырылмаған, оның тозығы жетіп, тесіліп, жарамсыз күйге түскен. Осы олқылықтарды шешу мақсатында бюджеттен 17 млн 300 мың теңге қаржы қаралды. Қазіргі кезде елді мекенге құбыр тартылуда. Құрылыс жұмыстары толық аяқталса 90 абонент тәулік бойы таза су пайдалануға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, Диханкөл елді мекеніндегі ауыз су құбырын ағымдағы жөндеу жұмысын «Элит Инвест Б» ЖШС атқарып, бұған бюджеттен 30 млн теңге қаржы бөлінді. Алдағы уақытта Диханкөл елді мекенінің 280 тұрғыны тіршілік нәрімен толық қамтылмақ.