«Абыз аға - Әбіш» байқауының жеңімпаздарына арнайы шәкіртақы тағайындалады

20 Қыркүйек, 2019 160 0

Бұл жөнінде бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді.

«Жақында, яғни 5 – ші қазан күні Білім – инновация лицей- интернатында ҚР Халық жазушысы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың  80 жылдық мерейтойына орай арнайы облыс әкімінің тапсырмасымен   білім беру ұйымдарының оқушылары мен студенттері арасында «Абыз аға - Әбіш» байқауы өткізілмекші. Шара 10 номинация бойынша өткізіледі. Колледж студенттері мен оқушылар арасында өткізілетін шараға 370 оқушы қатысады деп күтілуде. Жеңімпаздарға арнайы Маңғыстау облысы әкімінің бір реттік  стипендиясы тағайындалады»,-деді Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы А.Сейдалиев.

«Әбіш оқулары» байқауының аймақтық кезеңі алғаш рет 2017 жылы ұйымдастырылды. «Әбіш оқулары» байқауының мақсаты: Әбіш Кекілбаев шығармаларын насихаттау, олардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту, жазушының рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, тарихи танымдарын, ізгілікке, демократияға және азаматтыққа бағдарланған дүниетанымдары мен сана – сезімдерін, өмірлік айқындамаларын қалыптастыру болып табылады. Оған Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарынан оқушылар қатысты. 2018 жылдан бастап бұл шара дәстүрлі түрде республикалық деңгейде өткізіліп келеді. Биылғы жылы  «Әбіш оқулары» байқауының республикалық кезеңі Ақтау қаласында өткізілді. Шараға республика көлемінен 160-қа жуық оқушы қатыстырылды. 4 номинация бойынша жүлдегерлер анықталды. Сондай ақ, бірнеше жылдан бері балалардың зерттеу қызметінің дағдыларын дамыту мен зияткерлік-шығармашылық әлеуетін ынталандыру және Ә.Кекілбаевтың ұлағатты мұраларын зерттеу мен насихаттау мақсатында «Әбіш әлемі» ғылыми-тәжірибелік конференциясы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл шара облыстық мұражай әкімшілігі мен «Әбіш әлемі» журналы баспасымен бірігіп  өткізілетін бірден бір шара.

Тегтер: Абызаға-Әбіш, байқау, шәкіртақы

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.