Түркістанда жаңа оқу жылына дайындық қарқынды жүруде
Түркістанда жаңа оқу жылына дайындық қарқынды жүруде
Биыл оқушылар мектепте оқитын болғандықтан облыстағы оқу орындарының барлығына Ashyq жүйесі енгізілген. Санитарлық талаптар күшейтілді. Қазір өңірдегі барлық мектептер соңғы дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр, деп хабарлайды newsroom.kz.тілшісі.
Түркістан облысында 50 мың бала 1-ші сыныпқа барады. Биыл оқушылар мектепте оқитын болғандықтан облыстағы оқу орындарының барлығына Ashyq жүйесі енгізілген. Санитарлық талаптар күшейтілді. Қазір өңірдегі барлық мектептер соңғы дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр.
Жалпы Түркістан облысындағы 927 мектепте 516 мыңнан астам бала білім алады. Қазір өңірдегі барлық мектептер жаңа оқу жылында дәстүрлі форматта оқуға дайындалып жатыр. Қауіпсіздік шаралары үшін 175 млн теңгеге санитарлық құрал-жабдықтар сатып алынған. Білім мекемелерінде сабақ беретін 83 мыңнан астам мұғалімнің дені вакцина салдырған.
"Мұғалімдердің 86%, ал техникалық қызметкерлердің 96% вакцинациядан өтті. Қалған мұғалімдердің 14%, техникалық қызметкерлердің 4% – вакциналауға жатпайтын топтағы азаматтар мен азаматшалар. Екпе алуы тиіс мұғалімдер мен басқа да қызметкерлер 100% вакцина салдырды. Карантиндік шектеулер мен сауда орындарының жұмысын және ата-аналардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, жаңа оқу жылында оқушылардан бірыңғай мектеп формасы талап етілмейтін болды",- облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев.
"Бірақ классикалық үлгіде балалар мектепке бару керек. Джинсы, спорттық киімдер киюге болмайды. Қара немесе көк шалбар және ақ көйлек. Үстіне костюм киюге міндетті емес. Көк, қоңыр түсті болса болады. Кейбір ата-аналар мектеп формасын алып қойса, сонымен келе береді. Қыздар юбка немесе шалбар, ақ көйлек, кофта. «Орамал тағып, хиджаб кию» деген болмайды",-дейді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.
Биыл Түркістан облысында 78 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 70-сі облыстық бюджеттен, 8-і «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында салынып жатыр. Бүгінгі күні өңірде 6 апатты және 4 үш ауысымды мектеп болса, биыл 2 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі. Қалғаны 2023 жылы толығымен шешімін таппақ.