Қарақияда «Денсаулық фестивалі – 2019» жалпыреспубликалық шарасы өтті

19 Қыркүйек, 2019 140 0

Қарақия ауданында «Денсаулық санына жет!» ұранымен «Денсаулық фестивалі – 2019» жалпыреспубликалық шарасы өтті. Таңғы сағат 8.00-де Құрық ауылына кіре берістегі «Зәм-зәм суы» шипажайы маңына жиналған көпшілік қауым фестивальді бұқаралық марафоннан бастады. 

Бірнеше шақырымды жү­гіріп өтіп, аудандық спорт мектебі жанындағы ста­дион мәресіне жеткендер қатарында аудан, ауыл басшылары, жалпы аудан тұрғындары, мемлекеттік қызметкерлер мен жастар, спортшылар мен еріктілер болды. Стадионға жиналған мыңға тарта қатысушы таң­ғы жаттығу жасап, көңілді спорттық флешмобқа қа­тысты. 

Ақтау қаласынан арнайы келген Зумба биінің жетек­шісі Александра Макси­менконың бастауымен кио­ кушинкайдан Азия ашық кубогінің қола жүлдегерлері Гүлназ бен оның ұстазы Ар­мандтар тұрғындарға спорт­тық жаттығулар жасатты. 

Таңғы жаттығудан кейін жиналған көпшілікті Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Б.Тұяқов құттықтап, аудан тұрғындарын бұқаралық спортқа атсалысып, салауатты өмір сүруге шақырды. Бауыржан Орынбайұлы ауданымызда өткен «Денсаулық фестиваліне» қосқан үлесі үшін Александра Максименконы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Келесі сөз кезегін алған аудандық аурухана директоры Жамал Шоланова ұлт саулығының — ұлы мұрат екенін айта келе, фестивальге белсене араласқан оқу орындарын мара­паттады. 

Айта кетейік, фестивальді аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімі мен ау­дандық емхана жанындағы салауатты өмір сүру орталығы бірлесіп ұйымдастырған болатын. Осыған байланысты стадионда түрлі дәрігерлік көмек қызметі ұйым­дастырылып, тұрғындардың денсаулығын қарады. «Денсаулық санына жет!» ұранымен марафоннан басталған таңғы жаттығудың соңы жеңіл атлетикадан спорттық сайыстарға ұласып, жеңімпаздар кубоктармен, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Шынар КЕНДІН


Дереккөз: mangystaumedia.kz

Тегтер: Маңғыстау, жаңалықтар

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.