Жаңалықтар

Түркістан облысында соңғы он күнде 170-ке жуық той тоқтатылды

Түркістан облысында соңғы он күнде 170-ке жуық той тоқтатылды

Түркістан облысында эпидахуал күрделі болса да, тығылып той жасайтындар әлі де тыйылмай тұр. Соңғы он күннің өзінде облыста 169 тойды тарқатуға тура келген, деп хабарлайды newsroom.kz. порталы. Тыйым салынған отбасылық, мерекелік іс-шаралардың 117-сі қоғамдық тамақтану орындарында, қалғаны үй жағдайында өткізілген. Соның салдарынан өңірде КВИ аурушаңдығы бойынша тұрақсыз жағдай қалыптасып отыр дейді мамандар.
«Облыс бойынша соңғы аптада коронавирус таралуы бойынша тұрақсыз эпид жағдай қалыптасты. Зертханалық дәлелденген КВИ+ аурушаңдығы 6,6 пайыз төмендегенімен – 64 жағдайға, пневмониямен аурушаңдық 1,3 есеге артты», - деді Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов.
Бүгінде Түркістанда 141 егу пунктінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация салынуда. Ал көшпелі егу бригадаларының саны 80-ді құрайды. Вакцина қоймасында көлемі 300 литрді құрайтын 2 дана мұздатқыш бар. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен көлемі 143 литр болатын 20 мұздатқыш, 601 литрлік 2 мұздатқыш сатып алыныпты. Сәйкесінше, облыста вакцина қабылдау қарқыны да жоғары деңгейде дейді сала жауаптылары.
«Вакцинация бойынша республикада екінші орында тұрмыз. Бірінші – Алматы, екінші – біз. 67 пайызға жеттік. Облыс бойынша төмен көрсеткіш Қазығұрт ауданында – 61 пайыз, Сарыағашта – 58, Келесте – 55, Түркістанда – 50, ең төмен көрсеткіш – Кентауда, 46 пайыз бірінші компонент бойынша, 32 пайыз екінші компонент бойынша тіркелді», - деді Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов.