Маңғыстаулық самбошылар Азия чемпионы атанды

19 Қыркүйек, 2019 176 0

Маңғыстаулық самбошылар Азия чемпионатынан жүлделі оралды. Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен жастар арасындағы чемпионатта Дәурен Төлегенов - алтын , Нұрбек Қуанышұлы - күміс медальге қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Дүбірлі додада 21 елден 300-ден астам самбошы бақ сынаған. 

Азия чемпионы атанған Дәурен Төлегенов біріншілікте 56 келіде күрескен. Ол Жапония, Корея, Бангладеш және тәжік спортшыларын тізе бүктіріп, финалға жолдама алады. Ал, финалда өзбек балуанын 5-2 есебімен жеңіп, Үндістан астанасында ел абыройын асқақтатты.

«Финалдағы белдесу оңай тимеді, барлығы жақсы дайындықпен келген. Ең қиыны сол болды. Бұл бірінші рет қатысуым. Енді алдағы әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсетем деген ойдамын»,-дейді самбодан азия чемпионы Дәурен Төлегенов. 

Ал 70 келіде жарысқа шыққан Нұрбек Қуанышұлы Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан елдерінің балуандарынан басым түсіп ақтық белдесуде өзбек балуанына есе жіберген. Алғаш рет ірі жарыста бақ сынаған балуан бұл жүлденің де оңайлықпен келмегенін айтады. 

Үндістанда өткен Азия чемпионатына Қазақстан құрамасы сапында 30 спортшы бақ сынады. Оның екеуі - Маңғыстау самбо мектебінің өкілдері. Нәтижесі - жеңіс. Бапкерлер де шәкірттерінің өнеріне риза. Ендігі меже - әлем чемпионаты.

«Жарыс жоғары дәрежеде өтті. Ойлаған мақсатымызға жеттік. Кішкене қателіктер болды, әлем чемпионатында сол қателіктермен жұмыс істеп, оқу-жаттығу жиынына кетеміз»,-дейді самбодан облыстың аға бапкері Айбек Жанболатұлы. 

Құрлықтық бәсекеде жүлде алған жерлестеріміз енді қазан айында Ташкент қаласында өтетін Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. Ал оған әзірлікті самбошыларымыз Шымкент қаласында жүргізбек.






Тегтер: Маңғыстау, жаңалықтар

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.