Жаңалықтар

Құдыққа түсіп, қаза тапты

Жамбыл облысында коммуналдық қызмет көрсететін мекеме жұмысшысы кәріз құдығынан шыға алмай қаза тапты. Қайғылы жағдай Аса ауылында болған. "Аса-су" мекемесінің 4 қызметкері ауылдың кәріз суы жиналатын құдықты жөндеуге барған. Құдық ішіндегі лас суды толықтай сорып, жөндеу жұмыстарын аяқтаған соң 56 жастағы маман жер астына қайта түсіпті. Неден екені белгісіз сол сәтте есінен танып, сыртқа шыға алмай қалған. Оны құтқаруға сол жерге бірге барған екі әріптесі ұмтылғанымен, олар да сондай күйге түсіп, өздеріне көмек қажет болыпты. Жақын маңдағы тұрғындардың араласуымен 3 жұмысшы әрең дегенде құдықтан шығарылды. Екі адам аман қалған, құдыққа бірінші боп түскен азамат оқиға орнында тіл тартпай кетіпті. Әзірге оның ажалы неден болғаны нақты белгісіз. Тергеу басталып, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды newsroom.kz.порталы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап. "Неден болғанын білмейміз. Қазір қорытындысы шығады. Біз өзіміз де таңқалып отырмыз. Қазір не жағдай болғанын айта алмаймыз",-деді "Аса-су" мекемесі басшысының міндетін атқарушы Мамадияр Арғынбай.