Жаңалықтар

Қымыз ішіп, ет жегіңіз келсе, әскерге келіңіз

Күнде ет жеп, қымыз-шұбат ішкіңіз келсе әскерге барыңыз. Бұдан бұлай Отан алдындағы борышын өтейтін азаматтардың ас мәзірі ұлттық тағамдардан құралатын болады. Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, сарбаздар келешекте жылқы, қой, түйе, үйрек, қаз етімен, тіпті түрлі балықпен ауқаттанады. Мұнымен қоса құрт жеп, шөлдерін ұлттық сусын - қымыз, шұбатпен қандырмақ. Бастысы келесі аптадан, яғни 1 қыркүйектен бастап әскери міндетіңізді өтеу үшін күзгі шақырылымнаң қалмаңыз. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 18 бен 27 жас аралығындағы 17 мыңға жуық жас жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге атанады, деп «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап newsroom.kz. порталы хабарлайды. "Республикалық бюджеттік комиссия сарбаздардың тамақтану көлемін 40 пайызға арттыру бастамасын қолдады. Бұрын 1 225 теңге болса, енді 1713 теңгеге ұлғайды. Сонымен қатар, әр бөлімнің сарбазына әр түрлі норма қарастырылғанын ескеру керек. Мысалы десанттарға бөлек, теңізшілерге, ұшқыштарға жеке норма бекітілген",-деді ҚР Қорғаныс министрлігі ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің басшысы Сәкен Жүсіпов.