Жаңалықтар

"Шошқа жыры шаршатты"

"Шошқа жыры шаршатты"

Атырауда көршілер дауы үш жылдан бері басылмай тұр. Тұтас бір мөлтек аудан тұрғындары көршілерінің шағын ауланы шошқа фермасына айналдырғанына қарсы. Қолқаны қабатын иіске шыдамаған «Водников-2» ықшам ауданы тұрғындарының арыз айтып бармаған жері қалмаған. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап NewsRoom.kz. порталы хабарлайды. "Водников-2" мөлтек ауданының тұрғындары үш жылдан бері таза ауаға зар.  Қанша жерден арыз-шағым айтса да талпақ танау асыраған Есқайыр есімді көршіге тұсау салынбай отырған көрінеді. "Үйім тиіп тұр. Терезе аша алмаймын. Екі жаққа екі кондер қондырып қойдық, таза ауа керек қой біздерге. Терезе ашуымыз керек. Бір күндері бүргелеп те кетті. Ондай жағдай да болды. Дихлофоспен әрең кетіріп алдым",-дейді "Водников-2" мөлтек ауданының тұрғыны Бақыт Құрамысова. "Бұл жерде бұл кісімен ешкім араласпайды. Шошқаның қалдығын түннің бір уағында шығады да әр жерге төгеді. Талай көріп жүрміз. Ол кісіні бәріміз де жек көреміз шындығын айтқанда",-деді "Водников-2" мөлтек ауданының тұрғыны Марал Сансызбай. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, сасық иіспен сарсаңға салған көршінің кәсібі тіркелмеген. Тіпті, мал дәрігерлік анықтамасы да жоқ. Бұл заңсыздықты алға тартып әкімдікке де сан рет сабылдық деп отыр тұншыққандар. Бірақ... "Акимат біздің құзырымызда емес деп айтты дейді. Біздің құзырымыздан алып тастады деп айтты дейді. Содан жақында бір жерден сұрап едім, санэпидемстанцияға, экология департаментіне сосын табиғат қорғау прокуратурасына тапсырыңдар экземплярын деп, соларға барып айтуға. Енді акимат ешқандай шара қолданбаса, соларға барып жүгінеміз",- дейді Елдос Нығметуллин, "Водников-2" мөлтек ауданының тұрғыны. Ал жергілікті кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі басшылығы аталған жайттан хабардар. Айтуларынша, жазылған арызда тұрғындардың денсаулығына қандай да бір зиян келетіні жайында нақты ақпарат керек. "2020 жылы кәсіпкерге ескерту хатын жолдаған болатынбыз. Алайда ескертуімізді елемеді.  Сондықтан  тұрғындар қайтадан шағым түсіріп, арызда денсауылыққа қандай да бір зиян келіп жатқанын атап көрсетуі тиіс. Денсаулыққа кері әсері бар нақты ақпарат айтылса жергілікті департамент тексеру жұмыстарын бастайды",-дейді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов. Жергілікті әкімдіктен шошқа баққан кәсіпкерге шалғайдан жер беру мәселесі жайында сұрап көрдік. Бос жерге иелік ету үшін арнайы аукционға қатысуы керек деп қысқа қайырды. Ал тұрғындардың 2019 жылы жазған шағымдарына бұл кәсіпкердің арнайы бөлінген жерге қоныс аударатыны жайлы жауап келген. Алайда одан бері екі жыл өтсе де көршілері жылы орнынан тапжылмаған. «Осыған енді әкімшілік бар, санэпидемстанция бар шара қолдануын сұраймыз енді бүкіл халық болып»,-дейді "Водников-2" мөлтек ауданының тұрғыны Амангелді Тасболатов. Балалар да қолқаны қапқан сасық иістің кесірінен сыртқа шығып асыр салып ойнауды ұмытқан. Атыраудағы көп заводтан шығатын көк түтіннен зәбір көріп отырғанда іргедегі сасық иіс жығылғанға жұдырық деп күйінді жиылған топ. Бір жұтым таза ауаға зар болғандар шағым аспай отырған көршіге шара қолданбайынша  арыз айтуды доғармаймыз деп отыр. https://www.youtube.com/watch?v=P1X6YUdKlmU