Жаңалықтар

Мақтааралда су астында қалған үйлерді бағалау жұмыстары жалғасуда

Мақтааралда су астында қалған үйлерді бағалау жұмыстары жалғасуда

Мақтаарал ауданында топан судан зардап шеккен үйлердің құжаттары жинақталып, сараптама жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсембай Төребеков мәлімдеді, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі  ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап. Бейсембай Төребековтің айтуынша, Фирдауси және Өргебас ауылдары тұрғындарының «Үкімет қаржы берсе, өзіміз үй салып алар едік» деген өтініші талқылану үстінде. Ал, Алишер Усмановтың жеке қорынан бөлінген 5 млн 200 мың АҚШ доллары эвакуацияланған ауыл тұрғындарына берілетінін айтты. «Ауданымызда 5202 отбасы мың доллардан қаржылай көмек алатыны белгілі болды. Оның ішінде пәтер жалдап тұрып жатқан және үрей құшағында психологиялық күйзеліске түскен азаматтар да бар. Яғни, бұл көмек пәтердің иесіне емес, сол үйді жалға алып тұрып жатқан тұрғындарға үлестірілетін болады», - дейді Б.Төребеков. Брифинг барысында аудан әкімінің орынбасары топан судан зардап шеккен үйлерді бағалау жұмыстары арнайы құрылған комиссия анықтайтынын жеткізді. Яғни, олар қай үйді қайта салу немесе күрделі жөндеу керек екенін нақтылайтын болады. Сондай-ақ, ол бір аулада 2-3 үй орналасқан жағдайда жер телімінің қалай бөлінгені ескеріледі. Яғни, тұрғындардың әрқайсысына бөлгенде 8 соттықтан тең бөлінсе және құжаттары түгел болса ғана Үкіметтен қаржы бөлініп, үй тұрғызылатын болады. «Қазіргі таңда ауданда топан судан зардап шеккен ауыл азаматтарынан үйдің, малдың, егістік алқаптарының құжаттары жинақталуда. Осы мақсатта аудан әкімдігі мен эвакуциялық бекеттерде мамандардан құралған арнайы жұмысшы топ қызмет етуде. Бұдан бөлек, ауданда су астында қалған ауылдардағы әлеуметтік нысандардың, атап айтқанда мектеп, балабақша, мәдениет үйі, медициналық пунктердің қазіргі ахуалы саралануда»,- деді аудан әкімінің орынбасары.