Ата Заңның тиімділігі-тәуелсіз елдің тірегі болуында
Ата Заңның тиімділігі-тәуелсіз елдің тірегі болуында
2009 жылы ұлы Абай елінде Семей қаласында патриоттар форумы өтті, Оңтүстік Қазақстан облысынан қатысқан оншақты делегация мүшелерінің ішінде мен де болдым, Абай еліне барған соң поездан түсе сала Абай мен Шәкәрімнің басына Жидебайға тарттық. Қазіргідей емес ол кездерде жол қайдан тегіс болсын біраз уақыт ойдым-ойдым жолдардың талай шақырымын артқа тастап келеміз. Поезда ұйқыны қандырып алғанбыз жол-жөнекей қасымызға ерген семейлік жігіттен Абай туралы сұрап келеміз. Абайды ұлы еткен тек Абайдың шығармашылдығы ғана емес Абайдың ел арасындағы әділ, таза ірі де іргелі би болғаны туралы көсіліп сыр шертті. Абай билік жорасына байланысты біраз құнды дүниелер қалдырған. «Абай және мал дауы», «Абай және жесір дауы», «Абай және жер дауы» деген құнды мұраны Абайтанушылар ғана емес дүйім жұрт біледі. Абай өз заманында адам құқығын сақтаудың, дауларды адам мен қоғам мүддесіне қарап шешетін айтулы беделді би болған. Академик-жазушы Мұхтар Әуезов те «Билікке келгенде тобықты ішінде Абайдан әділ, таза, күшті биді тобықты іші бұрынғы заманда да көрген жоқ деп айта аламын» депті. Осы деректер белгілі қоғам қайраткері, заң зергері, академик Салық Зимановтың еңбектерінде де айтылса ал тереңнен сыр шертетін «Билер соты-қазақ құқығының белгісі» еңбегінде биліктің әділдік сипаты айтылады. Алла-Тағалам нәсіп етіп Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін ашық әрі демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін іске асыра алатын бас құжат қажет болды. 1993 жылы алғашқы Ата заңымыз жарық көрді. Алайда, бұл Конституция еліміздегі нарықтық өзгерістерге толық жауап бере алмады. Тұңғыш Президент бұл жөнінде «Қазақстан жолы» кітабында мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, экономикалық реформаны жүргізе отырып сол уақыттағы дағдарыстан шығару, мемлекеттің сырткы саясатын қалыптастыру, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін баптардың алғашқы Конституция жобасында толығырақ қамтылмағанын айтады. Заман ағымына толық жауап беру үшін қазақстандықтардың мүддесін толық қорғайтын бас құжат қабылдау қажет болды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен сарапшылар тобы құрылып, Конституция жобасы талқылауға салынды. Жобаны зерделеуге, сараптауға мықты заңгерлер, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, Ресей зерттеу орталығының заңгерлері қатысты. Ізденіс географиясы кеңейді. Бұл туралы Елбасы өз еңбектерінде өзі бас болып Европа мен Азияның, Солтүстік Латын Америкасының бас-аяғы жиырмадан аса елдердің конституцияларын зерттеп зерделегені жөнінде жазады. Дәл осы Ата заңымызды талқылаған тұста қазақстандықтардан 31 мың 886 ұсыныс түсіп соның 1100-і соңғы сараптауға енгізілген. Елбасы «Қазақстан жолы», «Ғасырлар тоғысы» кітаптарында Ата Заңның әр тарауына атсалысқан заң ғылымының докторы – Нағашыбай Шайкенов, профессор Бауыржан Мұхамеджанов, Константин Колпаков сынды заң ғылымының кандидаттарының тындырымды еңбектері туралы ерекше ризашылықпен айтады. Барлық зертеулерді, сарапшылардың ұсыныстарын, пікірлерін ой елегінен өткізген Ата заңымыздың әр парағын, әр бабының түйініне тоқтаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Ата заңның бас авторы демеу мүмкін емес. Өткен тарихтағы « Қасым ханның қасқа жолы» атанған құқықтық жүйе қазақ ауыз әдебиетінің арқасында ұрпақтан-ұрпаққа жеткен, өз заманының сұранысын орындаған, тиімділігін көрсеткеніне қазақ жері, аспан мен жер, көлдер мен сулар, таулар мен тастар куә. Әз Тәукенің «Жеті жарғысы», «Есім ханның ескі жолындағы» ұлы дала заңнамалары бірі-біріне үйлесіп қазіргі қолданыстағы Конституциямыздың арқауын құрады. Қазақтың құқығы ежелден өте құнды рухани мұра десек, намыс, парыз дәстүрге, әдет-ғұрыпқа негізделген. Қазақтың әдет-ғұрып нормалары ұлттық мәдениеттің түпкі тамыры. Қолданылатын жазалар ізгілендірілгенін құн төлеу институтының қолдануынан көруге болады. Ұлы даламыздың даналары әлем таныған ғұламалар Аристотель, Конфуциилардан бірде бір кем емес. Бұл тұста ұлы даламен тәуелсіздік дәуірінің сабақтастығы жатыр. Бүкілхалықтық референдум арқылы 98 баптан тұратын 1995 жылғы 30-шы тамызда қабылданған Ата заңымыз дала заңымен нәрленген, ел сұранысына жауап беретін көп ұлтты, көп кофессиялы қоғамдағы ең басты қазына адамның құқығы мен бостандығын, мүддесін қорғайтын керегесі кең қоғам мен мемлекеттің өсіп-өркендеуіне, адам құқығының сақталуына, бірлік пен тұрақтылыққа жол ашушы басты құжатқа айналды. Уақыт талабына сай толықтырулар енгізілуде. Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болғанына қарамастан әлемдегі адам құндылықтарын дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі. Ата заңымыз жалпы теңдік қағидалары заманымызға сай адам мүддесін қорғайтын Қазақстан Республикасын өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруда, халыққа қызмет етуде. Ата заңымыз —мемлекеттік құндылық оны бұлжытпай орындау — қастерлеу баршамызға парыз. Ата заң тәуелсіз қазақстанның өсу өркендеу жолындағы бас тірегі. Тірегі мықты мемлекет мәңгілік мемлекет.
Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты