Қоянбаев: Заң мамандығын оқимын, себебі арманым президент болу ғой
Қоянбаев: Заң мамандығын оқимын, себебі арманым президент болу ғой
ашық дереккөзі
Нұрлан Қоянбаевтың бала күнгі арманы - президент болу. КВН ойнап жүрген жылдары журналиске берген сұхбатында ол осы арманы жолында еңбек ететінін айтқан. Актер осы сөзіне түсініктеме беріп өтті, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Нұрлан Қоянбаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Тарих факультетін тәмамдаған. Алғаш қазақша-орысша КВН ойнап таныла бастаған Қоянбаев "Жас алаш" газетіне сұхбат берген. Онда өзінің өнерге қатысты емес, заң саласында ілімін жалғастыратынын айтқан. "Себебі менің арманым - президент болу ғой" деп атап өткен екен. Алайда актер бұл арманның арман күйінде қалғанын айтты.
"Ол менің бала күнгі арманым. Соның лебімен жастық шақта да армандап жүрдім. Саясатқа кетем деген ниетте жүрдім. Сұхбат кезінде сол үшін айтқанмын. Қазір өзімнің қаншалықты жас болғанымды байқаймын. Бұл сұхбатты ешкім көрмесе екен деп жүруші едім", - деп әзілдеді ол.
Әзілкеш саясатқа емес, өнер жолында келе жатыр. Бірнеше кино түсірді. Әлі талай кино туындылары жоспарда. Актер телевидение саласында 17 жыл еңбек еткенін айтады. Алғаш өзін бұл салған жетелеп келген Қыдырәлі Болманов. Алғаш бірігіп жобалар жасаған. Әлі күнге аға-іні болып сыйласып келеді.
"КВН ойнап үшінші орын алып қалдық. Сол ойында Қыдырәлі аға әділқазы алқасында болды. Ойыннан соң бізге келді. Бірінші орын алған командаға емес, бізге келіп жақын танысуға ұсыныс тастады. Бірге шай іштік. Бірнеше жобалар бар екенін айтып, жұмыс істеуге шақырды. Сол кезде "Шатақхананы" түсірдік. Оның өзі бізге үлкен мектеп. Қыдырәлі аға сендер жасай беріңдер деп кетіп қалады.
Бір қарасаң, Ұлытаумен бірге Лос-Анжелесте жүреді. Бізбен бірге монтаж, басқа да жұмыстарды жасайтын өзге ұлты өкілдері болатын. Олар түскі ас кезінде өздерінің тамағын жасап, бізді сыртқа шығарып жіберетін. Біз далаға шығып алып, олардың тамақ ішіп болғанын күтіп отырамыз. Қарнымыз аш, тамақ алуға ақша жоқ. Бірде Қыдырәлі аға келе қалды.
Бізді шығарып жібергенін айттық, сонда 5 мың теңге берді. 5 мың теңгені бірінші рет сол кезде көрдім. Рамсторға барып, Ақылбек екеуміз 50 шашлық алып жедік", - деді Нұрлан мырза. Әзілкеш одан басқа да қызықты оқиғасын айтты.
"Бірде Қыдырәлі аға мені үйіне алып кетті. Носкиімнің жыртығын жасырып үйге кірдім. Үйінде тоты құс бар екен. Сол құс сайрап маза бермеді. Таңертең бәрі жұмыстарымен кетіп қалды. Сонда тоты құсты бір-екі рет ұрып алдым", - деп күлді ол.