Қазақтың адам сынау өнері туралы не білеміз?
Қазақтың адам сынау өнері туралы не білеміз?
Бұрынғы уақытта ел билейтін хандар мен билер адам сынау өнерін үйреніп барып ел басқаратын болған.
Еренқабырға өңірінде қырқыншы жылдары ел басылардан Манас ауданының әкімі болған Ошыр қажы, оның інісі Жүніс қатарлы елге сыйлы адамдар болған.
Сол кезде осы өңірдегі елге танымал Қалибек батыр, Бала Қамза батыр, Тәкіман батыр қатарлы адамдар бұл жерден кетпекші болған кезде осы кісілердің барлығы ақылдасу жиынына барады.
Артынан Қалибек батырдың жұмсауымен Бала Қамза батыр аудан әкімі болған Ошыр қажы мен інісі Жүніске келіп, қайта кетеді. Сол кезде Бала Қамза батыр Қалибекке келіп айтады:
- Ошыр қажының інісі Жүністің кеудесі асыл, бөксесі жасық, сегіз қырлы, бір сырлы, нағыз ерге серік болатын жігіт екен.
Әйтседе, "ағасынан аса алмайтын, дара ойламы аз, мақұлбайлау адам ба?" деп ойладым,-. деп сынап барыпты.
Ошыр қажыға келіп кеткен Бала Қамза, Ошыр қажыны былай сынайды:
- Ошыр қажының бес саусағы баланың қолы сияқты саласы жоқ, бақыт-байлығы өзімен кететін, арт жағына дарымайтын адам екен ,- деген екен.
Ал, Ошыр қажының інісі Жүніс Қалибек батыр мен Бала Қамзаны да сынайды ғой. Сонда Жүніс Бала Қамза жайлы: - адамда ілуде бір кезігетін "қашаған қызыл' деген тұқымның түрі болатын." Қашаған қызыл тұқымдар" бір жерге тоқтап алмайтын, кезіп жүретін, ниетін ешкім адастыра алмаймын, мақсатына жетпей тынбайтын алабөтен тұқым.
Бала Қамзаның тұқымы осы тұқым. Жұлдызнамашылар мұндай адамның тұқымын ғарыштағы бір ерекше жүлдізбен байланыстырады десе, ал, Қалибек батыр туралы:
Қалибек батырдың екі қасқа тісі ор қоянның тісі сияқты, кетсе бір көлдей болып өзі кетеді. Ел ілеспесе де жалғыз жол тартатын адам. Оны бағытынан ешкім тоса алмайды деп сынаған екен.
Осы Жүністен Ясиға деген қаруға мықты адам туды. Ақ жейдесінің білегі толып отыратын денесі толық, айхай-шуды ұнатпайтын, қозғаса әрең әңгіме айтатын.
Бес саусағының саласы бірдей, тек ғана кішкене бөбегі басқа саусақтарынан жарты тырнақ кем, қалған үш саусағы тең, бармағы бөлек жатыр.
Өзі әппақ адам. Ересен күшті, жұдырығы мығым ұрғыш адам болған. Ясиға деген бұл сирек бітімді кісі бір ағамның үйіне барып бір ай жатып, үйіне қайтқан соң 6-7 күннен кейін қайтыс болады.
Қазақтың адам сынау өнері жайлы екінші бір әңгіме…...
19 ғасырдың соңында Бөке батыр деген батыр шығып, Алтайдан мың түтінді, он мың қаралы қазақты бастап Тәңіртауының Боғда сілеміне ауады. Боғда сілемін қазаққа алып береді де, бүгінгі Еренқабырға, Баркөл қазақтарының негізін қалыптастырады.
Бөке батыр бір кезде Тәңіртаудың Жұлдыз жүлгесінен асып торғауыттардың ішіне барады. Қошут өңіріндегі торғауыт төресі онымен достасып, оған жер береді.
Ол осы жерде аз тұрып Тибетке кетпекші болған кезінде, бір кісі Бөке батырдың құлағының сырғалығы жоқ шұнақ екенін көріп қалады. Қазақтың адам сынау өнері бойынша "шұнақ адам бастаған көш оңбайды" деген сын бар екен.
Бөке батыр әдетте құлағының шұнақтығын жасырып, әппақ шыт тартып көрсетпей отырады екен. Осы істен кейін бір бөлім ауылдар Бөке батырдан бөлініп қайта көшіп Манас өзені бойында қалып қояды.
Манас ауданы мен Сауан ауданының ортасы өзен, содан сәл өткенде "Бөке сайы" деген жер бар. Бөке батыр сол жерге сәл бекініп барып батыстай ауады.
Сол кездің адамдары қатты сыншы. Адам сыны ең маңызды орында тұрған.
Көкбөрі Мүбарак Қизатұлы