Жаңалықтар

Сауда орталықтары мен мейрамханалар әлі ашылмайды – Үкімет

Сауда орталықтары мен мейрамханалар әлі ашылмайды – Үкімет

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz. Елдегі төтенше жағдайдың аяқталуына байланысты брифинг өткізген вице-премьер Ералы Тоғжанов алдымен ТЖ кезінде мемлекет тарапынан жасалған шараларға тоқталды. Оның айтуынша, төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия ТЖ мезгілінде 18 отырыс өткізген. Әр отырыс сайын халыққа әлеуметтік-экономикалық көмек көрсету туралы жедел шешімдер қабылданып отырған. Сондай-ақ Ералы Тоғжанов 11 мамырдан бастап республика аумағындағы төтенше жағдай режимі аяқталғанмен, халық күткендей, ойын сауық орталықтары мен мейрамханалар ашылмайтынын хабарлады. «Кәсіпкрелер мен халық тарапынан ойын-сауық орталықтары, мейрамханалар мен қонақүйлер қашан ашылады деген сұрақ түсіп жатыр. Бұл нысандардың жұмысы бұл сатыда (төтенше жағдай аяқталған сатыда – авт.) қалпына келмейді. Оларды ашу мәселесі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, әр өңірде әкімдіктің шешімімен қаралады», - деді Тоғжанов. Үкімет басшысының орынбасары халық әлі де карантин шараларын барынша сақтау керегін айтты. «Қырқына шыдадық, қырық біріне де шыдап, карантин шараларын барынша сақтау керек. Біз коронавирус инфекциясының таралу деңгейін 40-50 пайыздан 5,3 пайызға дейін азайттық. Бірақ, карантин шараларын әлі де сақтау - міндетіміз», - деді Ералы Тоғжанов.