Тағы да ма? 16 өңірде локдаун жарияланады ма?
Тағы да ма? 16 өңірде локдаун жарияланады ма?
Түркістан облысынан басқа барлық өңірлер үшін демалыс күнгі локдаун сақталады. Киелі мекен жасыл аймақта болған соң, карантиндік шектеулердің оған қатысы жоқ. Алайда қалған 16 өңірде енді мониторингтік топтардың тексерісі де көбейеді. Үкімет басшысы Асқар Мамин әкімдерге осындай тапсырма берді. Бұл ретте аптасына 53 мың науқас тіркелгенде, бас дәрігердің «эпидахуал тұрақталды» деп есеп беруі қаншалықты орынды? Ал мұғалімдер нені білуі тиіс?
Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
Қыркүйек айы жақындаған сайын Үкіметте қаралатын басты тақырып вирусқа қарсы вакцинация. Президенттің ескертуінен сескенді ме, сәуірде Маминнің күзге дейін 10 млн қазақстандық егіледі деп уәдені үйіп-төккені есіңізде болар? Енді екі аптаға жетер-жетпес уақыт қана қалды. Ал екпенің екі компонентін 10 млн адамның тең жартысы да алмаған. Дегенмен Үкімет басшысы үмітін әлі үзе қоймаған тәрізді. Әкімдерге вакцинация қарқынын күшейтуді тапсырды.
АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Маңғыстау, Атырау, Қостанай және БҚО вакцина салу қарқынын көбейту қажет. Вакцина қарқынан көбейту мәселесі қарастырылып жатыр».
Өткен апта Алматыға жеткізілген қытайлық екпе де барлық өңірлерге жөнелтілді. Енді қазақстандықтар үшін 5 препараттың бірін таңдауға мүмкіндік бар. Бүгінде екпе салуда әсіресе түркістандықтар жарап тұр. Бәлкім бұл өңірдің «жасыл жолақта» жалғыз қалуының сыры осы шығар? Ал қалған аймақтарда әзірге келесідей шектеулер сақталады.
АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Қызыл өңірлердегі аймақтарда демалыс күнгі локдаун сақталу қажет. Оқу жылына дайындық барысында мұғалімдерге вакцина салуды 25 тамызға қарай аяқтап, оқу орындарының дайындығын бақылауды күшейту қажет. Халықтың карантиндік шектеулерді бұзбауын қадағалау керек. Ол үшін мониторингтік топтарды көбейтіп, қызметін күшейту қажет».
Бақылауды күшейтетіндей себеп те жоқ емес. «Ашық қосымшасы» енгізілген соң, «қызыл статусы» бар 46 мың адамның көпшілік орында жүргені анықталды. Енді өзгенің өміріне қатер төндірген бұл тұлғалардың әрқайсысы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Еске салайын, айыппұл мөлшері 87 500 теңге.
АЛЕКСЕЙ ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: «Убедительно прошу граждан, представляющих опасность для окружающих, проявить гражданскую ответственность и не вносить свой вклад в распространение вируса».
Қазірде апта сайын вирус жұқтырудың 53 мың дерегі тіркеледі. Реанимациялық төсек-орындарының 47 проценті бос емес. Жансақтау бөлімдеріне түсіп жатқандардың дені өздігінен емделіп, ауырын одан сайын асқындырып алғандар екен. Дегенмен, бас дәрігер елдегі эпид жағдай тұрақталып келеді деп сендіріп әлек.
АЛЕКСЕЙ ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: «В целом отмечается устойчивая работа медицинских организаций. Когда как сейчас на лечение находятся 120 тысяч пациентов».
КСМ: Оның екі мыңға жуығы ауыр жағдайда жатыр. Өкініштісі, өткен тәулікте тағы 135 отандасымыз індетті еңсере алмай, о дүниелік болды. Оның 116-ы ковидтен, 19 пациент пневмониядан көз жұмған.