Жаңалықтар

Түркістан облысында базарлар мен қоғамдық тамақтану орындары демалыс күндері жабылады

Түркістан облысында базарлар мен қоғамдық тамақтану орындары демалыс күндері жабылады

 width= Түркістан облысында демалыс күндері карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде облыстық санитариялық–эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бақтыораз Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды NewsRoom.kz. порталы. Бақтыораз Елемесовтың айтуынша, облыс эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша сары аймаққа енуіне байланысты сенбі және жексенбі күндері өңірдегі барлық қоғамдық тамақтану орындары, банкет залдары мен жазғы алаңдардың жұмыс істеуіне шектеу қойылған. Сондай-ақ, «Ашық» жобасына қатысқанына қарамастан балалар ойын алаңдары, сұлулық салондары, туристік нысандар, демалыс үйлері мен бассейндер өз жұмысын тоқтатады. «Облыстық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысына сәйкес, демалыс күндері қоғамдық көлік, балалар ойын алаңдары, аттракциондар, батуттар, сұлулық салондары, туристік базалар, демалыс үйлері, бассейндер, монша, сауналар, облысаралық және қалалық тұрақты емес тасымалдар, компьютерлік клубтар, караоке боулинг орталықтары да қызмет көрсетпейді. Демалыс күндері жұмысын тоқтататындардың қатарында ашық және жабық базарлар да бар. Осы ретте өңірде вакцина салдыру бойынша әлі де ұжымдық иммунитет қалыптаса қоймағанын айтқым келеді», – деді Б.Елемесов. Сондай-ақ жаңа қаулығы сәйкес, демалыс күндері қоғамдық көлік тасымалы тоқтатылып, ашық және жабық базарлардың жұмысына тыйым салынады. Жаңа қаулы 22 шілде күнінен бастап күшіне енеді. Ал, вакциналау бойынша меншік нысанына қарамай өңірдегі барлық ұжым басшылары өз қызметкерлерінің 10 тамызға дейін екпенің 1-ші дозасын, ал 1 қыркүйекке дейін 2-ші компонентін алуды ұйымдастыру тапсырылды. «Денсаулығы бола тұра коронавирусқа қарсы екпені алмаған азамат көзбе-көз, яғни офлаин режимдегі жұмыстан шеттетіледі. Бұл ең алдымен өзіңіздің және айналадағы адамдардың денсаулығына қауіп төндірмеу мақсатында еліміз бойынша барлық өңірде жүзеге асырылып жатқан жалпыға бірдей ереже. Өңірде вакцина салдыру қарқынын әлі де күшейтіп, ұжымдық иммунитет қалыптастыру керек. Бұны ел президентінен бастап, үкімет барлығы осы бағытта жұмыс істеп отыр»,- деді Бақтыораз Елемесов.