Сарыағашта 36 мыңға жуық тұрғын екпе салдырды
Сарыағашта 36 мыңға жуық тұрғын екпе салдырды
Сарыағаш ауданында коронавирусқа қарсы екпе алып жатқан адамдардың саны артып келеді, деп хабарлайды newsRoom.kz.тілшісі.
Бүгінгі күнге дейін 36 мыңға жуық сарыағаштық тұрғын коронавирусқа қарсы екпе салдырды. Ауданда вакцинаның бірінші компонентін 35 675 адам ал, екіншісін 19 091 тұрғын қабылдаған.
Бүгінгі таңда вакцинаның Гам-КОВИД-Вак, QazCovid, Hayat-Vax және КоронаВак түрлері өңірге жеткізіліп, аудан аумағындағы аурухана мен емханаларда, сондай-ақ шалғайдағы ауыл тұрғындарына жылжымалы медициналық кешен арқылы салынуда. Қазіргі таңда аудан аумағында 13 егу пункттері жұмыс атқарып жатыр.
Сонымен қатар, 4 жылжымалы бригада арнайы дайындалған. Екпе салдыру үшін келген азаматтардың алдымен дене қызулары мен қан қысымдары өлшеніп, сауалнама парағы толтырылады. Екпе қабылдауға ешқандай қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда ғана вакцина салынады.Екпе салынғаннан кейін 30 минут дәрігер қадағалауында болу үшін медициналық бақылау аймағына жіберіп, мамандар вакцинадан кейінгі күтім мен сақтық шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.