Жаңалықтар

Түркістанға кіреберісте еңселі мешіт бой көтерді

Түркістанға кіреберісте еңселі мешіт бой көтерді

 width= Өзбекстан Түркістанға сый ретінде 5 мың орындық зәулім мешіт салуда, деп хабарлайды NewsRoom.kz. тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Түркістан қаласына кіреберісте әлемдегі озық тәжірибелерді ұштастырған еңселі мешіт бой көтерді. Жобаға Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қолдау көрсетуде. Көрші Өзбекстан мемлекетінің Түркістанға тартуы ретінде салынып жатқан мешіттің құрылысын келер жылы аяқтау жоспарланған. Сәулеті ерекше Ислам орталығының ішкі және сыртқы безендірілуі шығыстық нақышта жүргізіліп жатыр. Жаңа жоба жан-жақты зерделенген. Әлем елдеріндегі озық тәжірибелер ескерілген. Мешіт іргесінің берік болуы үшін өзіндік технология әзірленген. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарында болды. Жауапты басшылармен кездесіп, тапсырмалар жүктеді. Түркі әлемінің рухани темірқазығы, қасиетті Түркістан қаласында салынатын жаңа ғибрат орнында 5 мың жамағат бір мезгілде сәждеге бас тигізіп, құлшылық ете алады. Мешіт құрылысы заман талабына сай озық үлгіде жүргізіліп жатыр. Ислам орталығының жалпы көлемі – 20 000 шаршы метр. Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 5, 7, 9, 12 және 20 қабатты 60 тұрғын үй бой көтерді. Сондай-ақ әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Облыс әкімі «Yassy Tower» бизнес орталығының құрылысымен танысты. Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан заманауи ғимараттың 13 қабатында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Өмірзақ Естайұлы Түркістанда салынып жатқан әлемдік стандарттарға сай мұз айдынында болды. 1200 адамға лайықталған мұз айдыны келер жылы пайдалануға беріледі.