Шымкенттіктер мақтааралдықтарға киім-кешек пен қажетті заттар жіберді
Шымкенттіктер мақтааралдықтарға киім-кешек пен қажетті заттар жіберді
ашық дереккөзі
Мақтааралдықтардың бүгінгі жай күйі шымкенттік кәсіпкерлерді де бей-жәй қалдырмады. Жомарт жандар Мырзашөл өңіріне қажетті киім-кешек пен гигиеналық заттар жіберді. Атап айтсақ, кәсіпкерлер тарапынан 4000 адамға аяқ-қиім мен спорттық киімдер, одан бөлек 200 дана жейде мен 150 дана әйелдерге арналған көйлек, шалбарлар жөнелтілді, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Adyrna.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
"Апаттың айтып келмейтіні белгілі. Сондықтан Мақтаарал ауданына қиын сәтте қол үшін созып, төтенше жағдай зардаптарын жоюға бүкіл халық болып атсалысу – баршамыздың азаматтық міндетіміз. Көмек көрсету бұнымен тоқтап қалмай, әрі қарай да жалғасатын болады,» - дейді Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жандос Қалтаев .
Сонымен қатар, "Шымкент волонтерлар қауымдастығы" көмекке алғашқылардың бірі болып ат салысуда. Қазір аталған қауымдастық су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қажетті заттар, азық-түліктер мен балаларға ойыншықтар, төсек орындарын жеткізу үшін көмектесуде.
Айта кетейік, Шымкенттік еріктілер қауымдастығы балаларға көңіл бөліп жазғы кампус ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Төтенше жағдайда зардап шеккен ата-аналардың күйзелісі балаларға әсер етпес үшін осындай істі қолға алуды жөн деп тапқан. Олардың мақсаты – оқушыларың мектеп бағдарламасы бойынша қосымша сүйемелдеу сабақтарын өтіп, түрлі шаралар арқылы демалыс уақытын тиімді өткізу.