Әділ Ахметовтің «Ғасыр ғибраты» кітабы оқырманға жол тартты

14 Қыркүйек, 2019 250 0

Мемлекет және қоғам қайраткерлері – Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасов, Намазалы Омашев, Дихан Қамзабекұлы, Дана Нұржігіт, Дәулеткерей Кәпұлы, Дархан Жазықбаев, Жолтай Әлмашев, Наталья Калашникова сынды бірқатар ғалым мен зиялы қауым өкілдері қатысқан келелі басқосуда ел таныған ардақты азаматтың ғылымға қосқан салмақты үлесі мен парасат биігі туралы жылы естеліктер мен лебіздер айтылды.

Бір-бірін қалтқысыз қадірлейтін абзал достың бірі Қуаныш Сұлтанов мемлекетшіл тұлғаның дипломатия саласындағы нәтижелі жұмысын айрықша атап, ықпалды елдер арасында әріптестік қарым-қатынас қалыптастырудағы ересен еңбегін еске алды. Ал «Егемен Қазақстан» басылымының басшысы Дархан Қыдырәлі салиқалы сараптамалардың оқырманға іргелі басылым арқылы жетуінің өзі биік мәртебе екенін әрі қазақ ғылымына қосылған қомақты қазына екенін атап өтті.  Бұл ретте ғалыммен рухани үндес, жанашыр тілектес жанның бірі, академик Сейіт Қасқабасов тарихи тамырластықты негіздеуге талпыну – Әділ Құрманжанұлының еңбектеріндегі басты бағыт екенін айтады.

Жаңа жинаққа автордың 2018 жылдан бері қарай «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған бүгінгі әлемнің геосаяси келбетіне, еліміздің әлемдік геосаясаттағы орны мен беделіне, жаһандық антропогенез ақтаңдақтарына және мұсылман әлеміне қатысты ғылыми-сараптамалық мақалалары мен очерктері топтастырылған.

Ғылыми бағыттағы ізденіс шеңберін кеңейте түскен кезекті еңбегі турасында «Кітаптың мұқаба бетінде жер ғаламшарының суреті бедерленген. Бұл жаһандық деген ұғымды білдіреді. Геосаясаттың қазіргі түсінігінде дәл осы сөз көп қолданылады. Осылайша, кітаптың аты да, заты да сөйлеп тұрсын деген мақсатпен «Ғасыр ғибраты» деп атадық. Адами кемелдікке жетелейтін әлемдегі ең үздік 50 шығарманың құндылығын тобықтай етіп түйіндеген ғалым Том Батлер-Боудонның еңбегін оқып шығып, ойға қалдым. Осындағы 50 томға жүк болған парасат құндылықтарын өзіміздің төл өркениетімізден іздеп көрдік. Сөйтсек, бұл дүниелер ақыл-ойдың кені, данышпан Абайдың үш өлеңінде тұр екен. Жастарға тағылым болсын, тәрбие болсын деген мақсатпен бұл еңбекті көптің назарына ұсындық» дейді автор Әділ Құрманжанұлы.

Кітаптағы автордың тың көзқарастары оқырманды жаңа әлемдік дүниетанымға жетелейді. Баяндалуы тұрғысынан өзіне тән мәнерімен ерекшеленетін жинақта ғылыми болжамдар мен түйінді пікірлер тоғысып жатыр. Жазушы қалам тартқан әлемдік нарық табанына түскен кіршіксіз мораль мен этикалық құндылықтар жанайқайы, ізгілік иірімдері, билік белесіндегі бетбұрыстар мен жаһанданған заман сипаты ұдайы ұлттық мүддемен ұштасып жатады.

«Ғасыр ғибраты» кітабының алғысөзінде қаламгер, ғалым Бауыржан Омарұлы: «...Қазақ халқының ұлт ретінде ілгерілеуіне әркім әр түрлі жолмен үлес қосады. Бұл тұрғыдан Әділ Құрманжанұлының атқаратын рөлі өзгелерге ұқсамайды. Ол үш тілдегі құндылықтарды мейілінше игеріп, соның бәрін ұлтының мүддесіне бағындыра біледі. Әлемнің озық мемлекеттеріндегі ұтымды үрдістерді қазақ жұртына үлгі етіп ұсынады» деп парасатты профессордың кезекті еңбегінің ерекшелігіне тоқталып, дүниетанымдық кеңістігіне айрықша назар аударады.

Лингвист-ғалым Әділ Ахметов түбі бір түркі халықтарының ұлы өркениетінен сыр шертетін құндылығы мол зерттеу еңбектерін баспаға әзірлеп жатқанын жеткізді. «Көркем және ғылыми әдебиет басу ісіне қомақты үлес қосып жүрген «Фолиант» баспасына жеке ризашылығымды білдіремін. Аманшылық болса, «Колумб дәуірінен бұрынғы америкалықтардың алтайлық тегі», «Түркі әлемінің ырым-тиымдары», «Викингтердің ізімен» атты аяқталып қалған жұмыстарымды тиянақтап, өздеріңе алып барамын» деген ғалымға ел өмірінің көкейкесті мәселелеріне қатысты тартымды дүниелеріңізбен оқырманды қуанта беріңіз дейміз.


Дереккөз: https://egemen.kz/article/208791-adil-akhmetovtinh-ghasyr-ghibraty-kitaby-oqyrmangha-dgol-tartty


Автор Ая ӨМІРТАЙ 

Суреттерді түсірген Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

 

Тегтер: әділ, ахметов, қазақстан, мәдениет, жаңалықтар, ғасыр, ғибраты, саясат, дархан, қыдырәлі

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.