«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қандай бағыттарды қамтиды?

10 Шілде, 2018 1352 0

2017 жылдың 12 желтоқсанында ел Үкіметі «Цифрлық Қазақстан» атты жаңа мемлекеттік бағдарламаны қабылдады. Осы ретте Елбасы Н.Ә.Назарбаев 10 қаңтарда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да бұл бағдарлама туралы баса айтқан болатын. Бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сапасын арттырып, ұлттық экономиканы цифрландыру. Құжаттарды жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін ғаламтор қолданушыларының санын 80 пайызға дейін арттырып, ел тұрғындарының 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, экономика, әлеуметтік және мемлекеттік басқару салаларын ілгерілетіп, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін жеткізу.

Сарапшылардың болжауынша 2020 жылға қарай әлемдік экономиканың 25 пайызы цифрланған жүйеге көшпек. Сондықтан болар Дания, Германия, Норвегия, Оңтүстік Корея бастаған 15 ел цифрландырудың ұлттық жобасын жүзеге асырып отыр.

Жалпы алғанда IT саласының дамуы елдегі көптеген оң өзгерістерге себепкер болады. Атап айтсақ, экономикалық өсім мен әлеуметтің әл-ауқатының артуына жағдай жасайды. Өйткені цифрландыру арқылы кез келген сала жаңа технологиялармен қамтамасыз етіліп, оңтайландырылады. Қызмет көрсету аясы кеңіп, шағын және орта бизнес дамиды.

2025 жылға дейін жекеменшік және мемлекеттік инвестицияны 5 есе қылып қайтару мақсатында қосымша 2 трлн теңгені құрайтын қосымша құн өндіріп алуға мүмкіндік бергелі отырған цифрлық экономиканың келешегі зор.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаевтың сөзінше аталған бағдарлама келесідей бағыттар бойынша жүзеге асады:

·        Экономика саласында цифрлық технологияны белсенді түрде енгізу;


·        Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру;


·        Ел бойынша жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтін интернет қосу;


·        Тұрғындар мен бизнеске цифрлық дағдыларды үйрету;


·        Стартаптар мен кәсіпкерлікті қолдау отырып, инновацияны дамыту жағдайын жасау.

Ең қызығы – атқарылатын жобалардың басым бөлігі мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі (ГЧП) аясында жүзеге аспақ. Бұл еліміздегі шағын және орта бизнестің дамуына және сырттан келер инвесторлардың артуына септігін тигізері даусыз.

Ал, 2025 жылдан бастап, ІЖӨ өсімінен цифрландыру жобаларын іске асырудың жиынтық әсері 30 пайызға дейін жетеді деп күтілуде; 2018-2022 жылдар аралығында 300 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негізін биыл құрылғанына 10 жыл толғалы отырған «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация  холдингінің базасында әзірленген болатын.

Осы орайда, Қазақстанда ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға енгізу шаралары осыдан 10 жыл бұрын сәтті басталғанын айта кету қажет. Оған мысал ретінде eGov немесе Қазақстанның электрондық Үкіметті айтсақ болады. Мұның  көмегімен ондаған операцияларды ешқайда бармай-ақ компьютер алдында отырып жүргізе аласыз. Құжат рәсімдеу, түрлі анықтамалар алу, коммуналдық қызмет түрлерінің ақысын, салықты, айыппұлды, сақтандыруды және өзге де қызмет түрлерін үйде отырып төлеуге кез-келген азаматтың мүмкіндігі бар. Ал, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл жүйенің жұмысы одан әрі жетілдірілмек. Жетілдіру үшін бірқатар дамыған мемлекеттердің тәжірибесі қабылданбақ. Осы бағытта ел Үкіметі бірқатар кешенді жұмыстарды жүзеге асырып, алыс-жақын шетелдің алдыңғы қатарлы IT компанияларымен, бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізіп отыр.

Жалпы айтқанда мұның бәрі ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартып, еңсесін тік көтеруге жасалып жатқан жұмыстар екенін түсініп, мүмкіндігінше қолдау танытуымыз қажет. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, қағазбастылықтан арылғанда ғана еліміз дамыған 30 елдің ортасынан орын алары анық. Ал бұл мақсаттарға жету үшін тұрғындарымыз цифрлық білімді мейлінше меңгеріп, қызмет көрсету салалары мен өндіріс орындары цифрландырылуы тиіс.  


Уәли ЖҮМӘСІЛ

Тегтер: цифрлық, қазақстан, әлем, жаңалықтар, экономика

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.