Мәссаған! Балғынбек Имашев екпе салдырыпты
Мәссаған! Балғынбек Имашев екпе салдырыпты
«7 миллиард адам вакцина салса да салдырмаймын» деп жар салған Балғынбек Имашевтің өзі екпе алды. Бір емес, бірнеше рет қарсылығын жария еткен айтыскер мұны өзі растап отыр. Ақын бұл қылығын оғаш санамайтын сыңайлы. Ол "Дубай мен Түркияға жиі ұшатындықтан осылай істеуге мәжбүр болдым" деп ақталып отыр. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
"Жер бетіндегі 7 миллиард адам «міне вакцина салдым» деп жарияласа да менің таңдау құқым мен салдырмаймын вакцинаны!". Екпені салу басталған ақпан айындағы әлеуметтік желіге жариялаған Балғынбек Имашевтың «вакцина салдырмаймын» деген анық сөзі.
Алайда, Nege.kz сайтына берген сұхбатында «вакцина салдырдым» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Ерінбегеннің бәрі ақынды «сөзінен тайды» деп сынап жатыр. Мәселенің анығын білу үшін өзінен сұхбат алғымыз келген. Айтыскер келіспеді. Әлеуметтік желідегі жазба жеткілікті десе керек. Ол жерде Балғынбек «мен екпеге қарсы болған емеспін» деп ақталған.
БАЛҒЫНБЕК ИМАШЕВ, АЙТЫСКЕР: "Мәжбүрлеуге қарсымын" дегенді "вакцинаға қарсымын" дегенмен синоним етіп қою қаншалық әділетті? "Өзі вакцина алып, басқаларды өлімге итеріп жатыр" дегісі келетін сияқты. Мен балаларыма салдыруға қарсымын! Сонда бұл "балаларын өлімге қиып тұр" деген сөз емес қой. Вакцина алғандар да, алмағандар да өлім құшуы мүмкін. Ажал Алладан».
Қанша жоққа шығарса да Балғынбек Имашевтің әлеуметтік желідегі парақшасы бұған дейінгі айтқандарын ұмыттырмасы анық. 2 ақпандағы жазбасында айтыскер «екпеге қарсымын» деп анық жазса, 18 сәуірде «керек болса да салмас едім» деген жазбасын «екпеге қарсымын» деген хэштегпен бекіткені тағы бар.
Үкімет өкілдері өз алдына, медицина саласының белді мамандары екпенің тиімділігін дәлелдеп жатса да қарапайым халық Балғынбек сияқты азаматтардың пікіріне сенеді.
Өлмесхан Болатбеков мұны "онсыз да екіұдай сезімде отырған жұртты екіге жару" деп отыр. Қоғам қайраткері әр адам өз өмірі үшін өзі шешім қабылдасын дейді.
ӨЛМЕСХАН БОЛАТБЕКОВ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: «Ана адам да, мына кісі де саған көмек бере алмайды ауру келген кезде. Оның сөзі де, ісі де далада қалады. Сондықтан мен "өзіңе сен, елге сен, халқыңа сен. Сонда сен аман қаласың" деп ойлаймын».
Шынын айту керек, вакцинаға қарсылар әлемнің барлық елінде бар. Алайда, батыстық басылымдарда екпе салмауға шақырған белсенділердің коронавирус жұқтырып, ауыр хәлде ауруханада жатқаны немесе көз жұмғаны туралы ақпараттар да жарияланып тұрады.
Жыл басынан бері "күштесе де вакцина салдырмаңдар" деп келген Балғынбек Имашев "екпе алуға мәжбүр болдым" деп ақталып жатқаны мынау. Бәлки Дубай мен Түркияға бару үшін бәрі пида шығар деген ойға қалдырады.
[embed]https://www.youtube.com/watch?v=8KzXjDODhPY[/embed]