Жаңалықтар

Саяси шиеленіске толы COVID-19: әлемге қайшылық емес, қауіпсіздік қажет

Саяси шиеленіске толы COVID-19: әлемге қайшылық емес, қауіпсіздік қажет

Ойламаған жерден шыққан COVID-19 бүкіл адамзаттың денсаулығы мен өміріне үлкен қауіп төндіріп, әр елдегі көптеген саяси, экономикалық және мәдени бастамаларға нұқсан келтірді. Көрінбейтін жау күн өткен сайын көбейіп, эпидемияның жаңа толқыны жаһанға тарап жатыр. Сондықтан әлемдік қоғамдастықтың пандемиямен күрестегі бірлігі жеңіске жетудің басты шарты болып саналады. Болашақта қауіпті азайту үшін вирусты мұқият зерттеу керек. Пандемияның пайда болуын анықтау – қазіргі жағдайда және болашақта оның салдарымен күресудегі маңызды мәселе.Бұл денсаулық сақтау саласындағы ұқсас төтенше жағдайлардың алдын алуға әрі болашақта олармен дұрыс күресуге көмектеседі. Қытайдың Ухань қаласынан басталған COVID-19 жаһанды жайлап, жағдайдың күрделенгенін түсінген Қытай мұны зерттеудің барлық мәселелері бойынша ДДСҰ-мен және әлемдік қауымдастықпен ынтымақтастық орнатуға дайын екендігін бірден мәлімдеді.Тығыздығы жоғары 1,5 миллиард халқы бар мемлекет үшін бұл –  ұлттық қауіпсіздік пен өмір сүру мәселесі болып саналады. 2020 жылғы мамырдағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) 73-сессиясында Қытай 140 мемлекетпен бірге COVID-19-ға әрекет ету туралы қарардың теңавторы болды. Осы арқылы ДДСҰ-ны жаңа вирустың қайнар көзі мен адамға таралу тізбегін анықтау үшін мемлекеттер және халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс істеуге шақырды. Осыдан кейін ҚХР ДДСҰ сарапшыларын вирустың қалай пайда болғанын зерттеу үшін екі рет Қытайға шақырды. Қытайдағы 28 күндік зерттеу нәтижелері бойынша шетелдік сарапшылар COVID-19 жасанды нұсқасын «екіталай» деген пікірге келді. Вирус адамдарға жануарлардан жарқанат арқылы таралған болуы мүмкін. 2021 жылы 20 қытай ғалымы, сондай-ақ ҚХР-да жұмыс істейтін британдық маман коронавирустың зертханада емес, табиғатта пайда болғандығы туралы зерттеу нәтижелерін ұсынды. Алайда, басқа да себептерге байланысты, COVID-19 қолдан жасалды деген нұсқа халықаралық назарда әрі әлі күнге жанжал тоқтамаған.

Геосаяси детектив

2020 жылдың ақпан айында 27 ғалымнан құралған топ Lancet журналында COVID-19 табиғи көзі жоқ деген болжам жасап, қастандық теорияларын айыптайтындықтары туралы мәлімдеді. Ғалымдар бұл коронавирус жабайы табиғатта пайда болды деген қорытындыға келді. Алайда, кейінірек қандай да бір себептермен қол қойған үш адам өз сөздерінен тайқып кетті. 2021 жылдың мамырында британдық және норвегиялық ғалымдар COVID-19 адамның да қатысы барын тауып, оларды «ерекше саусақ іздері» деп атады. Жақында БАҚ вирустың пайда болуы туралы британдық зерттеушілердің көзқарасы өзгерді деп жазды, дегенмен Ұлыбританиядағы ғалымдар коронавирустың өндірісін жоққа шығарды. Енді оның зертханадан шығып кеткен нұсқасы шындыққа жанасады. АҚШ-тағы Калифорния университетінің ғалымдары вирустың зертханадан шығып кетуінің тағы бір дәлелі табылды деп мәлімдейді. Табылған зат жасанды бірізділікті көрсетеді. Бұл вирустың жасанды сипатын жанама түрде көрсетуі мүмкін. 2021 жылдың мамырында американдық Дж.Байден АҚШ арнайы қызметке осы нұсқаны тексеруді тапсырды. Бұған дейін ДДСҰ баяндамасында COVID-19 адамға ұшатын жарқанаттар арқылы жануарлардан жұққандығын атап өткен болатын. Соңғы уақытта осы нұсқаға неге күмәнмен қарай бастады? Коронавирустың қайдан және қалай пайда болғанын нақты анықтауға бола ма? Мұның бәрі Дональд Трамптан басталды: бір жыл бұрын АҚШ президенті коронавирустың Ухань зертханасынан шығып кеткендігінің айғағы бар деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Қытай билігі «сұмдық қателік» жасап, оны жасырмақ болған. 2020 жылдың күзінде Трамп жанжалмен биліктен кетті, ал Джо Байденнің көзқарасы сындарлы болды. Алайда, ол да арнайы қызметтерге COVID-19 пайда болуын анықтап, зертханалық нұсқаны тексеріп, 2021 жылдың күзіне дейін дәлелдер табуды тапсырды. Соңғы бірнеше айда бұл теория одан әрі дамыды. Жақында американдық ғалымдар SARS-CoV-2 геномынан жасанды тізбекті тапқандарын айтты. Жасушаішілік процестердің үйлесуі вирустың бұл түріне адамның қатысы барын көрсетуі мүмкін. Олардың айтуынша, қытайлық әріптестер бірнеше жыл бойы вирустың таралуын арттыру үшін зерттеу жүргізіп келеді. Алайда, теория мен ойтолғамнан басқа, бұл нұсқаның  нақты дәлелі жоқ. Осылайша, АҚШ бүкіл әлемдік эпидемияға қарсы күреске кедергі келтіруі мүмкін. АҚШ президенті Дж.Байденнің коронавирустың пайда болуын іздестіру жұмыстарына ғылыми ұйымдардың орнына американдық арнайы қызметтерді жұмылдыруы –  пандемиямен күресті одан сайын саясиландыруға әкелді.

Неліктен АҚШ Қытайды кінәлайды?

Бүгінгі таңда АҚШ үкіметі коронавирустың пайда болуы туралы мәселені тағы бір рет көтермек. Алайда, американдықтар бұл көзді биологиялық қауіпсіздікті жақсарту үшін ғылыми тұрғыда емес, саяси мақсатта табуға күш салып жатыр. Әлемдік қоғамдастықтың назарын COVID-19 шығу мәселелеріне аудара отырып, Америка Құрама Штаттары тікелей Қытайды меңзеп отыр. Осылайша, американдық саясаткерлер АҚШ-тағы 2020-2021 жылдардағы қайғылы індет кезінде жіберген қателіктері мен олқылықтары үшін жауапкершіліктен арылмақ. Бір қызығы американдықтар 2019 жылы коронавирустың көзін анықтау мен зерттеудің ғылыми тәсілдеріне мән бермейді. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Қытай COVID-19 таратқаны үшін 10 триллион доллар өтемақы төлеуі керек деп мәлімдеді. Бұл коронавирустың таралуына Қытай кінәлі екендігіне ешкім ешқандай дәлел келтірмейді, пандемия сол жерде басталғандықтан ғана ҚХР кінәлі деп айыптайды – бұл популизм. Сараптай келе, 1980 жылдары АИТВ/ЖИТС-тың таратқаны үшін АҚШ-ты да айыптауға болады. АҚШ-тың қарым-қатынасы да көңілге күмән ұялатады. Америка Құрама Штаттары алдымен ДДСҰ-дан коронавирустың пайда болуын зерттеу үшін Қытайға халықаралық сарапшылар тобын жіберуді талап етті. Пекин тәуелсіз комиссияны қабылдап, мәселені зерттеуге көмектесуге келісті. Қытай ДДСҰ делегациясының Уханьға сапарының дайындық мәселелерін талқылап жатқанда, сапарды күтпестен, американдықтар Қытайды тәуелсіз халықаралық тергеуді әдейі созып, кедергі келтірді деп айыптады. ДДСҰ-дан тәуелсіз комиссия Қытайға келіп, өз жұмысын жүргізді. 2021 жылдың наурызында ДДСҰ Қытайдағы тергеу туралы есебін жариялап, онда зертханадан коронавирустың шығып кетуі «екіталай» деген қорытындыға келді. COVID-19 ҚХР-ның құпия биологиялық қаруы болу мүмкін деген күдікті ДДСҰ сарапшылары растай алмады. Бұл есепке қарап, АҚШ ашықтықты сынға алды. Америкалықтар комиссия мүшелерінің Қытаймен мүдделес деп мәлімдеді. Саяси себептерге байланысты Вашингтонға пандемияға ҚХР кінәлі деген кез келген дәлел табу маңызды. АҚШ вирустың пайда болуына емес, қытайдың кінәсін дәлелдеуге басымдық берген. Сонда әділдік салтанат құрған американдық сот жүйесі қайда? Жақында АҚШ үкіметі құпия қызметтерге COVID-19 пайда болуы туралы іздеу жұмыстарын міндет етіп қойып, саяси даулардың жаңа кезеңін бастады және дәлелдер келтірілгенге дейін Қытайдың Ухань қаласында «зертханадан тарады» деген расталмаған ақпарат таратып жатыр. Неге Америка Құрама Штаттары Қытайды пандемияға және 4,3 миллион адамның өліміне кінәлаудың кез келген мүмкіндігін іздейді деген сұрақ туындайды? Егер американдықтар мұны дәлелдей алса, онда олардың пікірінше, әлем Қытайдан бас тартуы керек. Себептері өте қарапайым. Біріншіден, қазіргі Қытай дамудың әртүрлі салаларында АҚШ-ты басып оза бастады. Қытай екінші жаһандық экономика әрі маңызды бәсекелес болғандықтан, оны қандай да жолмен тоқтату керек болды. Мысалы, қазірдің өзінде британдық сарапшылар Қытай 2028 жылы Американы басып озып, әлемнің жетекші экономикасына айналады деп болжап отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұған Қытай билігінің пандемиямен күресу жөніндегі тиімді әрекеттері ықпал етпек. Екіншіден, саяси қателіктер мен Дональд Трамп әкімшілігінің бір шешімге келе алмауына байланысты АҚШ-та бір жыл ішінде 633 мыңнан астам адам қайтыс болды, барлығы 36,5 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырды. Салыстырып қарайтын болсақ, 20 жыл ішінде АҚШ-тың қарулы күштерінің Ауғанстан мен Ирактағы тынымсыз әскери әрекеттері 7556-ға жуық адамның өмірін қиды. Бейбіт уақытта жүздеген мың американдықтардың қайтыс болуы Трамптың 2020 жылғы сайлауда құлдырау нәтижесімен аяқталды. Үшіншіден – Қытай алғашқылардың бірі болып COVID-19 соққысымен бетпе-бет келді, тез және қатаң шаралардың арқасында індет бақылауға алынды. Сондықтан қытайлар Еуропаны, АҚШ-ты және басқа елдерді тұсаулаған әлемдік экономиканың соққысына ұрынбады. 2020 жылы Қытай экономикалық дағдарыстан құтылып, тіпті 2% өсуді тіркеді. Осыған байланысты американдықтар экономикалық ауыр күйзелістерге ұшырап, әлемдегі ең нашар эпидемиологиялық жағдайға тап болды. АҚШ басшылығы өз сәтсіздіктерінің сыртқы себебін Қытайды кінәлау арқылы таппақ. Жоғарыда айтылғандай, мұндағы логика қарапайым – пандемия Қытайда басталғандықтан, сол ел кінәлі. Американдық саясаткерлер  америка қоғамының АҚШ тарихында алғаш рет мемлекеттік басқарудың салғырт салдарынан 633 мың адам қайтыс болды деген кез келген болжамнан бас тарту мақсатында өздеріне шаң жуытар емес.

Америкалық нұсқаға сенуге бола ма?

Осылайша, бұл жағдай COVID-19 қалай пайда болғанын табу, коронавирустың адамға қалай таралатынын түсіну және болашақта адамзатты осындай қауіп-қатерлерден қорғау сынды мәселелерге мән берудің орнына, саяси бәсекелестікке айналдырды. Бұл жағдайда COVID-19 қайдан шыққандығын іздеу ғылыми дәлелдер мен нақты фактілерге негізделуі керек. Өйткені, бұл саясаткерлер мен барлау қызметкерлерінің емес, ғалымдардың жұмысы. Бұқаралық ақпарат құралдарында АҚШ-тың 24 мың азаматынан алынған қан үлгілерін талдау барысында COVID-19-ға ұқсас аурулар АҚШ-та 2019 жылдың желтоқсан айында байқалғанын көрсетеді деген ақпарат бірнеше рет жарық көрген. Американдық Ұлттық денсаулық сақтау институтының мәліметі бойынша, әлемдегі алғашқы ресми расталған жағдайдан бірнеше апта бұрын коронавирус АҚШ-та болған болуы мүмкін. Сонымен қатар, АҚШ Форт-Детрик әскери базасындағы биозертхананың жұмысына қатысты жақ ашпауды жалғастырып келеді. БАҚ-та жазылғандай, АҚШ армиясының Мэриленд штатындағы биомедициналық зерттеулер зертханасы COVID-19 пайда болуымен байланысты болуы мүмкін. Тарихи тұрғыдан 1943 жылдан 1969 жылға дейін Форт Детрик АҚШ-тың биологиялық қару бағдарламасының орталығы болды. Сондай-ақ, 2019 жылдың шілдесінде Вирджиния штатында тыныс алу органдарының аурулары мен Висконсин штатында өкпе жарақаттарының (EVALI) өршуіне назар аудару керек. Коронавирустың пайда болуына байланысты жүргізіліп жатқан тергеу сонау 2003 жылдың тарихына көз жүгіртуге жетелейді. Сонда АҚШ өкілдері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Ирактан жаппай қырып-жою қаруы ретінде ұсынылған «ақ ұнтақты» көрсеткен болатын. Ирак бүкіл жаһанға әлемдік қауымдастықтың жауы деп жарияланды. Осылайша, Ирак басшылығының биологиялық қаруды әзірледі деген дәлелдерге сүйеніп, Ирак мемлекетінің ыдырауына әкелген ұзақ мерзімді әскери операция басталды. Содан кейін бүкіл әлем Америка Құрама Штаттарына сенді, бірақ Ирактан ешкім жаппай қырып-жою қаруын таппады. 2005 жылы АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы ресми позицияны білдіретін есеп шығарды: 18 ай ішінде Ирак аумағын тінту жұмыстары және Саддам Хусейннің әскери бағдарламаларына қатысы болуы мүмкін көптеген тұтқындардан жауап алу барысында Ирактан жаппай қырып-жою қаруы табылмады. Ирак Таяу Шығыстағы АҚШ-қа кедергі келтіргендіктен, американдықтар өздері дәлелдей алмайтын жалған дүниеге жүгінді. 2011 жылы американдық әскерлер күл-талқан болған  Ирактан кетті, онда әлі де 39,3 миллион адам зардап шегеді. Ал қазір Америкаға жаһандық деңгейде кедергі келтіре бастағандықтан Вашингтон Қытайға көз салды. Сондықтан АҚШ-тың міндеті – әлемдік қауымдастықты Қытайдан шығатын биологиялық қауіпке сендіріп, тарихқа коронавирус «зертханадан тарады» деген оқиғаны бекітпек. АҚШ әлемдік дағдарысты пайдалана отырып, ҚХР-мен қарсыластығындағы өздерінің жеке мүдделеріне қол жеткізбек. Бірақ, осы жерде түсіну керек, егерде бүгінгі әлем қауымдастығы АҚШ пен Батысқа өздерінің саяси мақсаттарына қол жеткізуге жол берсе, ал соның нәтижесінде Қытай ақпараттық  бұрмалаудың құрбаны болып қалса, онда келесі ретте Қытайдың орнында кез келген мемлекет болуы мүмкін. Ал бұл бүкіл халықаралық қауіпсіздікке кедергісін тидіреді. Соңғы оқиғаларға қарасақ, АҚШ мемлекеті ДДСҰ-ға Ухань қаласындағы «тәуелсіз және ашық» деп аталып жүрген зерттеуге байланысты өздерінің ықпалын жалғастыра беру үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланбақ. Ал негізінде бүгінгі күнде Ухань қаласында COVID-19 ауруын жұқтырған бірде-бір жағдай жоқ. Естеріңізде болса, вирус алғаш рет осы қалада анықталып, бүкіл әлемнің БАҚ  шаһардағы бос көшелер мен үрейленіп үйде қамалып отырған тұрғындардың суреттерін таратқан болатын. Осының түп мағынасы неде? Бір-біріне саяси қастық жасағанның орнына елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. АҚШ-та вакцинацияға қарамастан, ауру жұқтырған адамдар саны күн санап өсуде. Дж. Байден пандемиямен күресуге қатысты берген уәделерін іске асыра алмай жүр. Сондықтан да АҚШ-тың Қытайды кіналау әркеттері жалғаса бермек. Бірақ бүгінде бүкіл адамзат үшін әлем қауымдастығының ішінара қарсылықтары емес, пандемияны жеңу мәселесі ең маңызды болып тұр. COVID-19 – бұл өте күрделі мәселе, мұның түйінін жаһан боп жұмылғанда ғана шешуге болады.  

Айдар ОСПАН