Жаңалықтар

Көрінбес қыз - Көктемір туралы не білесіз?

Көрінбес қыз - Көктемір туралы не білесіз?

1775 жыл. Күз. Қобда өзенінің бойы. Кіші жүздің табын мен тама руларының арасында бір адам пайда болды. Ол туралы түрлі әңгімелер айтылды. Халық оны қасиетті санады, көзге көрінбейтін адамды Көктемір, Көзкөрмес, Әулие, Ар-бағыш деп атады. Есімі аңызға айналды.
«Көктемір деп аталған төрт аяқты адам Ордада тұрады. Адамша сөйлейді, Ордадан шығып, екі-үш тәулік бойы жоқ болып кетеді екен. Бірақ оның қайда кететінін ешкім де білмейді, ал қайтып келе жатқанда сиыр тәрізді мөңіреп, азынайтын көрінеді. Ал Ордада жүрген кезінде әрдайым күркіреп жүреді, бірақ оны айналасындағылар көре алмаған. Тек оның қасындағы бір әйел ғана оған от жағып жүріп көреді екен. Оның айтуынша, ол төрт аяқтап жүреді, төрт аяғына да етік киген, ал өзін моншақты өгізбін деп атаған. Басы адамның басындай, құлақшын киген, ал мүйіздері өгіз­дікіндей, бүкіл арқасы темірмен қапталған. Сондықтан да оның есімін Көктемір деп атаған» деген аңыз тарайды. Белгілі тарихшы Нәйла Бекмаханова «Көктемір туралы аңыз» кітабында осы­лай жазады.
Емельян Пугачев бастаған шаруалар кө­терілісі 1775 жылы басылып, сол жыл­дың қаңтар айында Мәскеуде өзін дарға асты. Көтеріліс осылай аяқталды. Бірақ Е.Пугачевтің аңызға айналған жолы енді ғана басталған еді. Оның тірі екені туралы әңгіме ел арасында желдей есті. Тарихшының жазуынша, бұл қауесет Кіші жүз жеріне көзге көрінбейтін адам Көктемір арқылы жетті. Көктемірдің Е.Пугачевтің тірі екені, «жаңа патша III Петрдің» (Е.Пугачев қазақ даласында осындай есіммен кеңінен мәлім болған) қазақ даласына келе жатқаны туралы айтқаны халық арасына тез тарады. Көктемірдің кім екенін анықтау үшін Орынбор губернаторы Рейнсдорп екi татар Ғұбайдулла Адгамов пен Рақымқұл Ибраевты саудагер ретінде жансыз етiп жұмсайды. Екі мыңға жуық түтіні бар көрінбейтін адамның ауылы Қобда өзенінің жоғары бөлігін мекендеген. Ауылға жақындағанда саудагерлер бір түрлі дыбысты естиді. Біресе адамның, біресе басқа бір белгісіз мақұлықтың даусына ұқсайтын дыбыс саудагерлерді үрейлендіре түседі. Ал көрінбейтін адамның үйі бөлек орналасқан. Үстінде жарты айы бар мешітке ұқсайды. Саудагерлер Көктемірдің сеніміне кіру үшін бағалы тастарын қалдырды. Келушілерді ет асып жүрген жас келіншек қарсы алады. Көктемір сол әйел арқылы бұ­лардың бүркеншік атпен келгенін біл­генін, оларды қауіп-қатер күтіп тұр­ғанын ескерткен. Киіз үйден шыққан жансыздар салдырлаған дауыс пен қанжардың қайралған дыбысы мен әйелдің екі жансызды шабыңдар деген даусы естіледі. Сол жердегілер мұны Көктемірдің арқасындағы темір десті. Зәрелері ұшқан татарлар ауыл сыртына шыққасын, жазалаушыларға қолдарын­дағы бар қазынасын беріп, әрең құты­лады. Жансыздар ауылдан кетсе де Қоб­да мен Елек өзенінің жағасындағы ел­ді аралап, көрінбейтін адамның кім еке­нін анықтайды. Шын мәнінде, Көктемір адам болатын. Ол азаттықты аңсаған қазақ қызы еді. Көзге көрінбей­тін, шапса қылыш өтпейтін, оқ дарымайтын Көктемір кім еді?
КӨКТЕМІРДІҢ ЖАСАҒЫ
1775 жылдың қыркүйек айы. Елек пен Қобда өзенінің жағасын жайлаған табын, тама рулары. Бұл Е.Пугачев көтерілісінен кейінгі қанқұйлы жазалау­дан елдің еңсесі әбден түскен кез. Осы кезде ел ішінен небәрі 22 жастағы Сапура Мәтенқызы орыс отаршыларына қарсы шықты. Халық Көктемір атаған көрінбейтін адам Сапура Мәтенқызы болатын. Сапура Ақтөбенің Қобда өзенінің жағасында дүниеге келген. Руы – табын, оның ішінде жылқышы-сармантақ. 16-17 жас шамасында тұрмысқа шығады. Бірақ күйеуі қашып келген Еділ қал­мақтарының қолынан қаза тауып, ке­ліншек әмеңгерлік жолмен күйеуінің інісі Жанбалтаға қосылады. Сапура ескіше сауат ашқан, ой-өрісі кең, жас болса да алысты болжай білетін. Сөзі мірдің оғындай, жиналған жұртты өзіне қарата алатын қызды халық ерекше құрметтеді. Е.Пугачев көтерілісінен кейінгі жағдай Сапураның да жанына батты. Жаужүрек қыз халықты езгіге шыдап отырмауға, күш жинап, күресті тоқтатпауға үндеді. Еңсесі түскен елдің бірден көтеріліп кете қоюы екіталай еді. Жұрт жазалаудан қорықты. Себебі патша әскері көтеріліс­шілерге қолдау көрсетті деген желеумен Жайық бойындағы қазақ руларына тізе батырды. Осындай қиын-қыстау кезде 22 жастағы Сапура ерге тән мінез көр­сетті. Ол халықты қалайда бір қолдың астына жинауды көздеді. Бірақ бас кө­термек түгілі қыбырлауға шамасы келмей қалған елді қалай соғысқа шығара­ды?! Егер ол өзі ойлап тапқан Көктемірдің атынан әрекет етпесе, елдің рухын көтере алмайтынын түсінді. Сапура сон­дай ақылды, тапқыр, алғыр адам болған. Көрінбейтін адам қандай болады деп сұрағандарға «Мен сіздерге оны қалай көрсетемін, оның қылышының жүзі қылпылдап тұр» деп сөз тауып кетеді екен. Қазақтар Сапураға сенді, оның айт­қанын жасады, қол астына бірікті. Оның ақылына ғана емес, жаужүректігіне тәнті болды. Батыр қыз рухани ауруға шалдықты. Оның талмасы ұстап, көзіне елес көрінетіні адамдарға жұмбақ болып көрінді, үрей туғызды. Халық сенімінде ол әділетсіздікке төзіп тұра алмайтын, жойқын күшке ие адам болды. Шын мә­нінде, мұның барлығы елдің рухын кө­теру үшін жасалған әрекет болатын. Мұндай аңыздарды халық әдетте ты­ғырыққа тіреліп, ең қиын сәттерге кезік­к­енде ғана ойлап табатын. Бұған тарихта мысал көп. Рухы мықты, қайсар қыз­дың айналасына жұрт жинала бастады.
Осылайша, 1775 жылдың қыркүйек айында Сапура 1 500 қолды бастап, патшаға қарсы көтерілді. Батыр қыздың жасағының саны 10 мыңға жетті. Жой­қын шабуылдар жасады. Көктемір батыр байтақ даланы аман сақтап, ұрпағының азат болуы үшін отаршыл елдің қалың қолына құйындай тиді. Күнге шағы­лысқан қылышынан көз қарып, қарсы келген жаудың есін шығарды. Ресей бекіністерін тұтқиылдан шауып, орыс купестерінің керуенін тонап, қаһарлы патшаның ашу-ызасын туғызды. Қарулы күзеті мықты қамалдарды жарып, басқыншылардың үрейін ұшырды. Батыр қыз әскери айла-әдісті де жетік білді. Күндіз зым-зия жоқ болып, түнде бірнеше сарбазымен пайда болатын. Сапура бастаған жасақ алдымен Красногорский қамалына лап қояды. Бірақ бекініс мықты болып, жоспар бойынша Орынборға қарай бағыт алады. Кейін қайтып Қараөзен, Елек қамалдарына шабуыл жасайды. Қазақ жасақтары Верхнеуральский, Қызыл, Таналық, Ор, Ильин, Гурьев бекіністеріне шабуыл жасады. Жайық бойындағы жасақ Қир­сан мен Ертіс және Гвенвардовск қамал­дары арасындағы казак хуторларын басып алды. Қазақ жасақтарының бір бөлігі Гурьев төңірегінде шайқасты. Қаражар және Қызылжар (Краснояр, Чернояр) елді мекендерін басып алып, ары қарай Саратовқа бет алмақ болды. Сапура сарбаздардың рухын көтеру үшін өзі қасында жүрсе жасақтарына еш­қандай қауіп төнбейтінін айтты. Ол барлық жоспары мен насихат жұмыс­тарын белгісіз күштің, көрінбейтін әйелдің атынан жеткізіп отырды. Са­пураның айтқаны біраз уақытқа дейін дәл келді. Бірақ кейін оның жолы болмады.
СҰЛТАНДАР САТҚЫНДЫҒЫ
Сапура бастаған көтеріліс әу бастан Кіші жүз ханы Нұралыға ұнамады. Себебі Пугачев ханды дарға асып, оның орнына туысқан ағасы Досалы сұлтанды қоятынын ескерткен еді. Көтеріліс қанат жайған сайын Нұралы ханның мазасы қаша бастады. Осы сәтті Досалы мен оның ұлы Сейдалы сұлтандар өз пайдасына пайдаланды. Олар Көктемірді қол­даған сыңай танытты. Н.Бекмаха­нова­ның жазуынша, олар ортақ мүдде үшін бірікті. Көктемір талап етті деген Сейдалы сұлтан башқұрт халқына орыстың жаңа патшасын қолдауға шақырып хат жазды. Егер ұсыныспен келіспесе, басқа айлаға барса, қарап қалмайтынын да ескертті. Сейдалының бұлай жазуына себеп жоқ емес еді. Патша өкіметі орыс емес ұлттардың арасында алауыздық тудырды. Қазақтарды башқұрттарға айдап салу арқылы қозғалысты тұншықтырды. Нәтижесінде, кейбір башқұрт жасақтары патша өкіметінің жағында болды. Башқұрт жеріндегі көтеріліс 1774 жылы тұншық­тырылды. Ал қазақ жерінде 1776 жылға дейін жалғасты. Сондықтан қазақтар башқұрттар Пугачевті сатып кетті деп түсінген сыңайлы. Сұлтан осыны еске салады. Бірақ кек алуды көздемейтінін, бірігіп отаршылдыққа қарсы күресуге шақырды. Н.Бекмаханованың жазуынша, бұл хат 1775 жылы қарашада Башқұрт еліне башқұрт Адилгузей Исямгулов арқылы жіберіледі. Бірақ А.Исямгулов хатты Озерный бекінісіндегі комендант Корфқа береді. Көктемір 1776 жылдың көктемінде башқұрттарға қарай жорыққа аттанды. Оннан аса ауылдарды басып алды. Уфаны алып, ары қарай кетуді көздеген Көктемірдің көтерілісі сол жылдың наурыз айында тоқтап қалды. Сейдалы сұлтан башқұрт ауылдарын талқандап, малдарын айдап, адамдарын тұтқынға алғаннан кейін Досалы сұлтан көтерілістен өзін аулақ ұстап, Көктемірдің дұшпанына айналып шыға келді. 1776 жылдың ақпан айында Досалы губернатор И.Рейнсдорпқа Көктемірден Ордаға ешқандай пайда жоқ екенін айтып, жазалау жасағын жіберуін сұраса, Нұралы хан көтерілісті басып жаншуға күш сұрайды. Көкте­мірдің қозғалысы 1776 жылдың жазында тоқтайды. Бұған Ресей жеріндегі шаруалар көтерілісінің басып-жаншылуы, сұлтандардың сатқындық жасауы секілді жағдайлар себеп болды. Сапураның өлімі де себеп болуы мүмкін.
ЖҰМБАҚ ӨЛІМ
Қазақ даласынан шыққан қаһарман қыз­дың қалай көз жұмғаны туралы Н.Бекмаханованың және басқа да зерттеушілердің еңбектерінде айтыл­маған. Бірақ халық арасында ол туралы түрлі аңыз-әңгіме бар. Бірінде айқас кезінде көз жұмды десе, енді бір аңызда кісі аяғы жете бермейтін даланың бір қиырына көшіп кетіп, сол жақта қар­тайғанша өмір сүрген дейді.
Ал Сапура Мәтенқызының суретін алғаш Орынбор тарихы жөніндегі зерт­теулер арқылы орыс суретшілері салған, яғни Е.Пугачев көтерілісі туралы жазбалар арқылы батыр қыздың бейнесін қағазға түсірген.
P.S.
Ел ішінде Сапураның ерлігі туралы аңыз-әңгімелер көп. «Аңыздың түбі – ақиқат» десек, қазақ үшін халықтың аңызынан артық ақиқат жоқ.
Кәмшат ҚОПАЕВА