Түркістан облысында 72 адам жансақтау бөлімінде жатыр
Түркістан облысында 72 адам жансақтау бөлімінде жатыр
Түркістан қаласында жағдай күрделеніп барады. Жұқпалы аурулар ауруханасы қарбаласқа толы.Коронавирус жұқтырғандар саны кейінгі екі аптада екі жарым есе артқан. Бұлай жалғаса берсе, жұқпалы аурулар стационарларында орын жетпей қалуы мүмкін. Ауыр халде жатқандардың саны да өсе түскен. Ал дәрігерлер дерт негізінен вакцина алмағандардан анықталып жатқанын айтады.
Стационар жартылай толған. Жедел жәрдем көлігімен келіп жатқандардың көбі – жасы егде тартқан адамдар. Бірі дем жетпей қиналса, енді бірі ауруды жеңгенін айтып, дәрігерлерге алғысын жаудырып жатыр.
Күләш Естілеуова, Түркістан қаласының тұрғыны: – Осында түскеніме бесінші күн болды. Аурухананың ұжымының бастығына рақмет. Қыздардың бәрі демалмай, 24 сағат бойы жұмыс істеп жатыр. Өз көзіңмен көрмегеннен кейін сезбейді екенсің. Соңғы екі аптада ауру жұқтырудың 1,5 мың оқиғасы тіркелді. COVID-19 көбіне вакцина алмағандар арасынан шығып жатыр. Аймақ бойынша бүгінгі күні екі мыңдай инфекциялық орынның жартысынан көбі толған. Ауруы асқынған 72 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Соған қарамастан Түркістан облысы – коронавирусқа шалдығу қарқыны жағынан «қызыл аймаққа» кірмеген жалғыз өңір.
Алтын Досанова, облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары: – Алты мың 700 доза жеткізілген. Оның 94 проценті егілген. Жалпы 569 мың адам бірінші кезеңінен өтті. Екінші кезеңін 384 мыңнан астам адам қабылдады. Вакцинациялауды қамту проценті бірінші кезеңі бойынша 60 процентті құрайды облыс бойынша, екінші кезеңі 41 процент. Халық арасында қауіпті кеселге әлі де жеңіл-желпі қарайтындар жетіп артылады. Өйткені карантин ережелерін бұзу деректері күн сайын анықталуда. Той-томалақ та тыйылмай тұр. Түн мезгілінде жасырын жұмыс істейтін нысандар тағы бар.
Бақытораз Елемесов, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: – Карантин режимін бұзып, жұмыс жасаған объектілерге және жеке тұлғаларға мобильдік топ және аумақтық полиция басқармалары қызметкерлері тарапынан 3 -3,5 мыңға жуық хаттама толтырылып, сомасы 200 миллион теңге көлемінде айыппұл төленді. Карантин режимін сақтамау фактілерінің арасында көш бастап тұрған отбасылық мерекелік іс-шаралардың өтуі.
Бүгінгі күнге дейін 590 тыйым салынған отбасылық мерекелік іс-шаралардың ұйымдастырылғаны тіркелген. Облыс бойынша демалыс күндеріне локдаун енгізіледі. Ал апта ішінде барлық нысан жұмыс істейтін болады. Тек олардың уақыты шектеледі. Егер эпидемиологиялық жағдай ушығып жатса, карантин талаптарын күшейтуге тура келеді дейді мамандар.