«Министр мырза, окоптан шығып, ауруханаларды аралаңыз!»
«Министр мырза, окоптан шығып, ауруханаларды аралаңыз!»
"Окоптан шығып, елдегі ауруханаларды аралаңыз" деп Денсаулық сақтау министріне өтініш айтқан депутаттардың сөзі тағы жерде қалған сыңайлы. Бүгінгі Үкімет отырысында Алексей Цой әдеттен озбай, коронавирусқа қатысты кезекті болжамын жасады. Бірақ, әдеттегідей өзінің кабинетінен сөйледі. Стационарларды аралауға шықпаған бас дәрігер ауру өршіп тұрса да, жақсы нәтиже күтетінін жеткізді. Оның бірден бір себебі, алдағы уақытта елімізге коронавирусқа қарсы екпенің тағы 8 млн дозасы әкелінеді екен. Нақты қандай препарат сатып алынатыны әзірге жұмбақ болып тұр. Бүгінгі өткен Үкімет отырысында ковидтің алдын-алу үшін тағы қандай мәселелер сөз болды. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
"Еліміздің басым бөлігінде карантин шаралары күшейтілгеннен кейін, Алексей Цой алдағы уақытқа сеніммен қарайтынын мәлімдеді. Себебі, бас дәрігердің болжамынша тамыз-қыркүйек айларында ауру өршиді. Дегенмен Covid-пен күресу үшін дайындалған стационарлар вирусқа төтеп беруге тас түйін дайын, дейді министр. Ведомство басшысының оптимистік көзқарасының өзі көңіл көншітпейді. Екі айдың өзінде елімізде 250 мыңға жуық адам коронавируспен ауыруы мүмкін.
АЛЕКСЕЙ ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
"Тамыз-қыркүйекке эпидахуалға болжам жасауға сәйкес, біз оптимистік сценарий бойынша келе жатырмыз. Оптимистік сценарийдің алдағы дамуы карантин режимін сақтап, вакцинация қарқынын көбейтумен байланысты болады".
Бұған дейін еліміздің бас дәрігері жаздағы эпидахуал бойынша негізгі 3 сценарийді айқындап берген еді. Коронавирус бойынша болжам жасаудан шаршамайтын министр 1 айлық қатаң карантин шараларын енгізуді ұсынған болатын. Осы арқылы тәулігіне ауруханаға жатқызылатын науқастардың санын 2500-ге дейін қысқартуға мүмкіндік ашылады екен.
АЛЕКСЕЙ ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: "Эпидахуалды бақылау матрицасына сәйкес, біздің ел 26 маусымнан бері "қызыл" аймақта. Түркістан облысынан басқа өңірлер "қызыл" аймақта. 3 тамыздағы жағдай бойынша республикадағы ауруханаларда төсек-орынның 56 пайызға толып тұр. "Қызыл-қоңыр" аймақта төрт өңір тұр: Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Қарағанды облыстары".
Сондай-ақ, жауаптылар елімізде Ashyq жобасын пайдаланатын бизнес нысандары соңғы бір аптада 3 есеге өскенін мәлімдеді. Бірақ, коронавируспен ауырған науқастармен байланыста болған азаматтар өзінің жүйедегі мәртебесіне пысқырып та қарамайтыны анықталған. Мәселен, жаз басталғалы "қызыл" немесе "сары" түсті статусы бар 16 мыңнан астам азаматқа қоғамдық орындарға барғаны үшін айыппұл салыныпты. Карантин талаптарын бұзған 600-ден астам нысан қожайыны да жауапқа тартылған көрінеді.
АСҚАР МАМИН, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: "Қазіргі кезде Ashyq жобасы бизнеске карантин жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Өңірлердегі әкімдер және денсаулық сақтау министрі барлық ауруханалардың бастапқы пункттерін мобильді бригадалар мен зертханалардың үздіксіз жұмыс істеуін, дәрі-дәрмек қорғаныш құралдарының жеткілікті болуын қамтамасыз етсін".
ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ: "Қорыта айтқанда елімізде өткен аптадан бері тәулігіне 7 мыңнан астам адамның сынамасынан вирус табылып жатыр. Ал, кеше бір күн ішінде пневмониядан 126 науқас қайтыс болды. Эпидемиологиялық жағдай Елорда, Шымкент және Алматы қалаларында ушығып тұр. Жауаптылар аурудың алдын-алу үшін мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуге пәрмен берді. Бірақ, өкінішке орай, ведомство аралық комиссия сенім артқан өкілдері еліміздің түкпір-түкпірінде жемқорлық фактісімен ұсталып жатыр.
[embed]https://www.youtube.com/watch?v=MBC3GdIU6Ms[/embed]