Түркістан: Түлкібастық түлектер ауылды көркейтуге атсалысып жатыр
Түркістан: Түлкібастық түлектер ауылды көркейтуге атсалысып жатыр
Түркістан облысының түлектері туып-өскен ауылына ерекше сый жасауды үрдіске айналдырған, деп хабарлайды NewsRoom.kz тілшісі.
Түркістан өңірінің түлектері ауылға ерекше сыйлық жасауды дәстүрге айналдырған. Әсіресе, мектепті әр жылдары бітірген азаматтар туған ауылдарын көркейтуге ден қойып келеді. Мәселен, Түркістан облысы Түлкібас ауданы Жаскешу ауылдық округіне қарасты С.Сейфулин мектебінің 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектері «Jaskeşu auyly» деп жазылған стеланың орнатылуына мұрындық болды.
Кезінде ауылдағы мектепті бітірген түлектер қазір әр салада еңбек етіп жүр. Туған ауылдарын, білім алған мектептерін ұмытпай, қолдау көрсетуде. Олар туып-өскен ауылдарына тарту еткен ауыл атауы жазылған стеланың биіктігі 6 метр, ал ені 7 метрді құрайды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойында, елді мекен кіре-берісінде орналасқан жаңа нысанның жалпы аумағы 84 шаршы метр. Айналасы толығымен қоршалып, абаттандырылған.
Құрылыс жұмыстарына 3,5 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Нысанның салтанатты ашылуына қатысқан жергілікті билік өкілдері мен ауыл ақсақалдары және зиялы қауым өкілдері кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай игі іске мұрындық болған түлектерге алғыс білдірді. Береке мен бірлігі жарасып, татулық пен жомарттық көрсеткен мектеп түлектеріне ауылдастары дән риза. Алдағы уақытта түлектер өздері орнатқан стела маңындағы 1 гектар жерге саябақ салып беруді жоспарлауда.