Түркия қазақтарының арасында атадан балаға мұра болып қалған ата кәсіп – теріден киім тігу ісін жалғап жүргендер баршылық. Теріден киім тігу шебері Мұстафа Услуджан жиырма жасында Францияға көшіп, он бес жылдай Louis Vuitton сән үйінде теріден киім тігетін топтың басқарушысы қызметін атқарып, сосын Balenciaga-ға жұмысқа ауысқан. Есімі әлемге мәшһүр америкалық әнші Мадоннаға арнайы киім тіккен ол қазір Chanel компаниясында жұмыс істейді. Алдағы уақытта Франциядан Қазақстанға арнайы келіп, қазақ балаларына теріден түрлі бұйым жасауды үйретуді мақсат етіп жүрген қандасымызға хабарласып, әңгімеге тартқан едік деп жазады turkystan.kz тілшісі Әлия Тілеужанқызы.– Түркия қазақтарының арасында тері илеп, былғарыдан киім тігуді кәсіп еткендер аз емес. Бұл кәсіппен айналысуды сіз де Түркияда бастадыңыз ба? – Иә, теріден киім тігуді 13 жасымда Түркияда үйрендім. Сосын бірте-бірте осы кәсіпке қызыға бастадым. Мектеп бітірген соң оқу оқымаймын деген шешіміме әкем «Оқығың келмесе, онда мен саған дипломды өзім берейін. Бар да, ана тұрған тігін машинасының алдына отыр» деп отырғызып, теріден әртүрлі бұйым жасауды үйретті. Әке-шешем – Алтайдан басталған көш керуенімен бірге Үндістан, Пәкістан арқылы 1953 жылы Түркияға жеткен қазақтар. Аталарымыз Үндістаннан Пәкістанға көшкенде сойған малдың терісін кептіріп, қолғап тігеді екен. Сөйткен олар бірте-бірте теріден киім тігуге әбден машықтанған. Түркияға келіп тұрақтаған соң, қалада қаламын дейтіндері қалада қалды, ал мал бағамын дегендері Түркия ауылдарына көшті. Десек те олар осы кәсіппен айналысуды жалғастыра берді. 1975 жылы Түркияда теріден түрлі бұйымдар жасау ісі жедел қарқынмен дамыды. Бірақ ол уақытта Түркия қазақтарының балалары әлі жас, бұл кәсіпке онша ден қоймаған болатын. Сосын сексенінші жылдары тері арқылы көп қаражат табуға болатынына көзі жеткен қазақтардың барлығы осы кәсіппен айналысып кетті. Бастапқыда біздің әулет Түркияның Алтай деген ауылына тұрақтады. Сосын 1974 жылы отбасымызбен бірге Стамбұлға көшіп, сол жерде өсіп-өндік. Сосын 1983 жылы жиырма жасымда Францияға жалғыз өзім жұмыс істеуге келдім. Әдепкіде француз тілін білмегендіктен жұмыс табу қиынға соқты. Бірақ теріден киім тіге білетіндіктен жұмыссыз қалмайтынымды білдім. Сөйтіп, бір жерден жақсы жұмыс табыла кетіп, осы іспен кәсіби түрде шұғылдана бастадым. Қазір есептеп қарасам, осы кәсіптің нәсібін көріп келе жатқаныма отыз сегіз жылдай уақыт болыпты. Кейін киім тігумен айналысатын түрлі компанияларда жұмыс істедім. Сосын Hermès сән үйінде, одан соң Louis Vuitton компаниясында он бес жыл еңбек етіп, басқарушы қызметін атқардым. Онда қоластымда қызмет ететін тігіншілерге «Мынау былай тігіледі. Ана киімді былай тігу керек» деп ақыл-кеңесімді айтып, түзету енгізіп отыратынмын. Сосын 2014 жылы Balenciaga сән үйіне ауыстым. Ал қазір Balenciaga-дағы жұмыс орнымды ауыстырып, Chanel компаниясына жұмыс істеп жатқаныма екі айдың жүзі болды. – Chanel-ге дейін де әлемге әйгілі француздық сән үйлерінде жұмыс істеген екенсіз… – Францияда бұл индустрияда тігіншілердің жиі жұмыс ауыстыруы – қалыпты жағдай. Бұл футболда ойыншыға бір командадан екіншісіне ауысуға мүмкіндік беретін трансфер терезесі іспетті. Біздің компанияда шешуші рөл атқаратын стилистер және моделистермен тығыз жұмыс істейтініміз айтпаса да түсінікті. Моделистер бізге киім үлгісін сызып берсе де, «Мына жерін былай өзгертсек қайтеді? Ана жерді былай тіксек қалай?» деп өз ұсынысымызды айтып отырамыз. Сөйтіп, олар біздің айтқанымызға құлақ асып, киім үлгісіне өзгертулер енгізеді. Осылайша жақсы қарым-қатынас орнатып алғандықтан, олар бізді өздеріне жақын тартады. Моделистер де біз секілді жұмысын жиі ауыстырады. Олар барған жерінде «Мұстафаны жұмысқа шақырсаңыз болады. Ол киімді жақсы тігеді. Екеуіміз бір жерде жемісті еңбек еттік. Жақсы араласамыз» дегендей ұсыныс білдіреді. Сөйтіп, олардың басшылығы бізді жұмысқа шақырады. Сондай-ақ, стилистердің өздері де хабарласып, жұмысқа шақыруы мүмкін. Жұмыс жағдайы, жалақы мөлшері көңілімізден шықса, ойланбастан жұмыс орнымызды ауыстырамыз. Мысалы, қыркүйек айында тағы бір жерге жұмысқа шақырды. Оны да қарастырып көрмекпін. Сол секілді мұнда тігіншілер бір жерде нәбәрі үш ай немесе үш жыл я болмаса мен секілді Louis Vuitton-да он бес жыл жұмыс істеуі мүмкін. Бұл – таңғаларлық жайт емес. – Отбасыңызда өзіңізден бөлек теріден бұйым жасаумен айналысатындар бар ма?–Иә. Әпкем мен жездем Louis Vuitton сән үйінде жұмыс істейді. Екі қыз, бір ұлым бар, бірақ үшеуі де медицина саласында еңбек етеді. Құдай сәтін салса, Парижде қыркүйек айында дәріхана ашқалы жатырмыз. Киім тігумен қатар, осы бизнесті де қатар алып жүрмек ойым бар. Өйткені Парижде жеке дәріхана ашу оңай емес, сондықтан тапқан қаражаттың басым бөлігін осы іске жұмсамақпын. – Chanel-де сізбен бірге жұмыс істейтін қазақтар бар ма? – Иә. Менімен бірге Ережеп деген бала жұмыс істейді. Жуырда қатарымызға Әли деген жігіт қосылды. Жалпы, Париждегі әйгілі сән үйлерінде киімді керемет тігетін қазақтар жетерлік. Әрқайсысында екі-үш қазақ жұмыс істейді. Одан бөлек, бір қазақ жігітінің жеке тігін фабрикасы бар. Бір айта кетерлігі, түлкінің терісінен киім тігетін бір тігін машинасы бар. Ол машинаның «тілін» қазақ баласынан басқа ешкім білмейді. Қазір мен сол машинамен киім тігемін. Одан бөлек түріктерге сол машинада киім тігудің қыр-сырын үйретіп жатырмын. Түркияда өсіп-өнген соң, түріктерді де қазақтар секілді жақын тартамыз. – Әңгіме басында танымал америкалық әнші Мадоннаға арнайы киім тіккеніңізді айтып қалдыңыз… –Иә. 2008 жылы Chanel сән үйінің басшысы болған әйгілі неміс модельері Карл Лагерфельдтің тапсырысы бойынша Мадоннаға арнайы теріден қысқа шапан тіккен болатынмын. Негізі, танымал адамдарға киім тігу бойынша тапсырыстар жиі түседі. Өзіңіз білетіндей, дүниежүзіне танымал адамдардың көбі француздық сән үйлері жасап шығаратын өнімдерге қатты қызығады. Одан бөлек, біздің жұмыс орынға Францияға есімі белгілі әншілер мен әртістер, сондай-ақ, футболшылар келіп, киімдерін өлшеп, түзетулер енгізіп, өз ұсыныстарын айтып жатады. Бұл да біз үшін қалыпты құбылысқа айналды. – Сондай-ақ, нені армандайтыныңызды сұрағанымда Қазақстандағы жастарға тері өңдеу технологиясын үйретіп, киім тігудің шебері етуді мақсат тұтатыныңызды айттыңыз. Сонда теріден қалай киім тігу керек екенін Парижден арнайы келіп үйретпекшісіз бе? –Иә. Мен Қазақстанға бірнеше рет бардым. Сол кезде теріден жасалған киімдер сапасының онша емес екенін байқадым. Сондықтан қандай маман иесі боларын білмей жүрген я болмаса жоғары оқу орнында оқуға қалтасы көтермейтін жастарға теріден киім тігудің қыр-сырын үйреткім келеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, мен киім тігуді он үш жасымнан бастап үйрендім. Жастарды қайрат-жігерге толы, жалындап тұрған шағында белгілі бір кәсіпке баулыған дұрыс. Мен Францияға қонақ ретінде қыдырып я болмаса жұмыспен келген қазақтарға үнемі «Қазір жасымыз 55-60-қа келіп қалды. Енді қалған ғұмырымызды Қазақстандағы балаларға теріні қалай кептіретінін, қалай пішетінін, сосын қалай тігетінін үйретуге арнасақ деп едік» деп айтамын. Әзірге, нәсіп болмай тұр. Осыдан екі жыл бұрын киімді мықты тігетін бір жолдасым атажұртқа теріден киім тігуді үйретемін деп барған еді, бірақ жоспары іске аспады. Десек те, Louis Vuitton, Balenciaga, Chanel секілді компанияларда тынбай еңбектеніп жүріп, жиған-терген тәжірибеміз бар, әкемізден үйренгеніміз бар, осының барлығын қазақ балаларына үйреткім келеді. Түркияда өсіп-өнсек те, жиырма жасымнан бері Францияда жүрсем де, Қазақстан десе елеңдеп отыратынымыз рас. Алматы немесе Нұр-Сұлтан қалаларынан тігіншілікке баулитын мектептер ашсақ, оған он алты немесе он жеті жастағы балаларды қабылдап, оларға барлығын басынан бастап үйретсек, шіркін. Түркия мен Францияда тері арзан бағаға сатылады, соны Қазақстанға өзімізбен бірге алып барсақ дейміз. Сосын бұл кәсіпке әбден машықтанған ісмер қандас Францияға шақырылып жатса, сондағы әлемнің мықты компаниялары бізді қалай жиі жұмысқа шақырса, оған да көп тапсырыс беріп жатса нұр үстіне нұр емес пе?! Өткенде Қазақстаннан Францияға келген Ханым деген кісі «Мұның барлығын Үкімет арқылы істеу керек» деп ақылын айтқан еді. Осы орайда осы мақсатты іске асыру үшін Қазақстан Үкіметі бізге көмек қолын ұсынса дейміз. – Келісерсіз, қазір жастардың көбі теріден түрлі бұйымдар жасауды қиынсынып, «заманауи» басқа кәсіп таңдағанды қалайды… – Келісемін. Жастардан «Терімен жұмыс істеу қиын» дегенді жиі естимін. Расымен басында қиын болады. Бірақ әрмен қарай барлығын үйреніп алсаңыз қиын ештеңесі жоқ. Керісінше, теріден киім тігу – өте қызық іс. Бүгінде бұл кәсіппен айналысып жүргеніме қырық жылға жуық болса да, бұл іске әлі күнге дейін қызығамын. Сосын бұл – «өлмейтін» кәсіп қой. Бұл – Түркияға үдере көшкен қазақтардың ұрпақтары арасында атадан балаға мұра болып, қазіргі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан ата кәсіп. Қазір адамдардың көбі тез баюдың, ақша табудың жолдарын іздеп, бас қатыратыны белгілі. Дегенмен теріден түрлі бұйымдар жасау арқылы да ақша тауып, кәсіпті дөңгелетуге болады. Сізге мынаны айтайын: бұл индустрияда тігіншінің еңбегі жоғары бағаланады. Оқу оқымаса да, күні-түні тынбай еңбектеніп, сән үйлерінде тігіншілікпен айналысып жүрген қазақтардың екі-үштен көлігі бар. Шүкір, барлығының жағдайы жақсы. Тағы бір айта кетерлігі, өзіңіз білесіз, Louis Vuitton, Chanel компанияларының шүберектен тігілген киімдерінің сапасы өте жоғары. Осындай жерде шүберектен киім тігуден шеберлігімен танылған қазақтар да жетерлік. Сондықтан қазақ балаларына тек теріден емес, шүберектен де киім тігуді үйретпекпіз. Одан бөлек, кәсіп жүргізудің де қыр-сырын үйретуге болады. Жалпы айтқанда, қазақ жастарының болашағын жарқын қылу үшін күш-жігер біріктіріп, еңбек еткіміз келеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, осында келген кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметте жүрген қандастарға осындай ойымыздың бар екенін айтқан едік, бірақ олар тек басын изеп қойды. Бәлкім, сіздердің басылымдарыңыз хабаршы болып, Үкіметке жеткізіп қалар. Дегенмен, ел жақтан жауап күтіп отырмыз. Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ