Елбасы кітапханасы заманауи технологиялармен бөліседі. Таразда кәсіби сессия мен ғылыми-тәжірибелік семинар өтті

04 Қыркүйек, 2019 124 0

4 қыркүйекте Тараз қ. Қазақстан халқы ассамблеясының Достық үйінде кітапхана, архив, музей салаларының мамандары мен мемлекеттік қызметкерлерге арналған «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» кәсіби сессиясы өтті.

Аймақтық сессия қоғамдық сананы жаңғырту тұрғысынан мәдени мұраны зерттеу, насихаттау тәжірибелерін ортаға салуды, кітапхана, архив, музей салаларындағы ақпараттық технологияларды дамытудың өзекті мәселелерін талқылауды көздейді.

Оның модераторлығын жүргізген Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов отырысты бастамастан бұрын Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауына зор алғысын білдіріп, облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбековаға сөз берді.

– Қазақстанның барлық облысына жол тартуды көздеген көрме жобасы бүгінде мазмұнды бағдарламасын жергілікті тұрғындарға арнайды. Оған кіретін іс-шаралардың әуелі шалғайдағы аудандарда ұйымдастырылғаны бәріміз тәнті етті. Елбасы кітапханасының бұл бастамасынан ерекше ілтипат пен құрметті сезген ауыл адамдары кешелі ризашылығын білдіріп жатыр. Бүгін міне, мекеменің өкілдері бар ынта-жігерін кітапхана, архив, музей мамандарының біліктігін арттырып, оларға жаңа технологияларды үйретуге жұмсамақ. Көштен қалмауды талап ететін біздің заманда мұндай мүмкіндіктерге басымдық берген жөн. Игі істі қолға алған Елбасы кітапханасының ниетіне алғыс айта отырып, сессия қатысушыларының алдағы қадамдарына сәттілік тілеймін, - деді ол.

Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов сессия аясында аталмыш мекеменің заманауи әдістер мен технологияларды бөлісуге ұмтылатынын белгіледі:

– «Open Space» технологиясы үлгісіндегі бүгінгі сессия бұған дейін Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда қалаларында үлкен сұранысқа ие болды. Ашық кеңістік технологиясы – симпозиум, конференция, семинар, кездесу сынды іс-шараларды өткізудің Харрисон Оуэн ұсынған үлгісі. АҚШ әлеуметтанушысының өткен ғасырда тапқан әдісін қазіргі таңда әлем кеңінен қолданады. Қарым-қатынас орнатудың, ортақ шешім қабылдаудың тиімді әдісіне айналған технологияның қыр-сырын сіздерге білікті мамандарымыз түсіндіреді, - деді ол.

Өз баяндамасында Ә. Рахымжанов заманауи орталыққа айналған Елбасы кітапханасының қызмет бағыттары мен ішкі жүйесін сипаттады. Пленарлық отырыстан соң қатысушылар тәжірибе алмасып, мәдениет және білім беру салаларындағы инновациялық даму мен ақпараттандырудың көкейкесті мәселелерін ортаға салды. Олар музей, кітапхана, архив, білім және ғылым мекемелерінің қызметіне ақпараттық технологиялардың тигізетін әсерін; мәдени мұраны сандық технологиялардың көмегімен сақтау мен насихаттаудағы өзекті мәселелерді талқылады.

Елбасы кітапханасының директор орынбасары Күләйша Ақтаева саланы ақпараттандырудың ұтымды тұстарын атап өтті. Оның айтуынша, ақпараттандыру ісі мекемелердің қарқынды жетілуі мен тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз етеді. Өз сөзінде ол әлемдік тәжірибелерді мысалға келтіріп, Елбасы кітапханасының ғылыми ізденіс барысында, қор, экспозиция жұмыстарында қолданатын әдістерімен де бөлісті.

Қатысушыларға сессияның тәмамдалғанын растайтын сертификаттар табысталды. Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруда белсене ат салысқан облыс әкімдігінің өкілдері де Кітапхана директоры Әмірхан Рахымжановтың қолынан алғыс хат алды.

Музей қоғамдастығының жергілікті өкілдері дәл осы күні ҚХА Достық үйінде «Музей саласындағы ақпараттандыру: «Музей» есепке алу және сақтау автоматтандырған жүйесін орнату тәжірибесі» ғылыми-тәжірибелік семинарына да қатысты.

Көпшілік назарына «Бір жәдігердің тарихы», «Музей коллекциялары» жобаларын қамтитын «Музей жинақтары» бағдарламасы негізінде Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің зерттеу жұмыстары да  ұсынылды.

Ғылыми-тәжірибелік семинар мен кәсіби сессия Жамбыл облысында 3 қыркүйекте іске қосылған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты Елбасы кітапханасының көшпелі көрме жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.

2017 жылғы қарашадан бастау алған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрме жобасымен Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының 900 мыңға жуық тұрғыны танысып үлгерді. Ірі ғылыми-білім беру, мәдени-ағартушылық іс-шаралардан құралған жоба шалғай аудандарда арнайы ұйымдастырылатын көшпелі экскурсияларды да қамтыған. Жобаның басты маржаны тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихындағы Елбасының шешуші рөлін жүйелі баяндайтын қор көрмесі болып отыр.

«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі Жамбыл облысында 2019 жылғы қазан айының соңына дейін жалғасады.

Тегтер: елбасы, кітапханасы, қазақстан, жаңалықтар, тараз, көрме

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.