Жамбыл облысы мемлекеттік билік органдарының басшылары үшін Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына негізделген ғылыми-әдістемелік семинар өтті

05 Қыркүйек, 2019 187 0

2019 жылғы 5 қыркүйек күні ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына негізделген ғылыми-әдістемелік семинар өтті. 

Аталған іс-шараның мақсаты - семинар қатысушыларына жергілікті қауымдастықтардың өзекті мәселелерін шешу үшін Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының идеяларын қолдануда практикалық дағдыларды меңгеруге көмектесу.

Жамбыл облысының мемлекеттік билік органдарының басшылары мен қызметкерлерінің қатысуымен өткен семинар «Library-practicum» үлгісінде өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында ұйымдастырылды.

Ғылыми-әдістемелік семинарды ашқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов былай деп атап өтті:

- Елбасымыз 2019 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан халқына арнаған тарихи Үндеуінде «... өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы - менің мүддем болып қала береді. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы менің міндетім - басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізде жаңғырту процестерін жалғастыратын болады», - деген болатын. Осы сабақтастықты биылғы жылы жалпыхалықтық президенттік сайлауда жеңіске жеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жалғастыруда. Оның дәлелі – елімізде «Президенттік кадрлық резервке» іріктеудің басталуы. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларындағы бағыттарды одан әрі жүзеге асырудың маңыздылығын әрдайым айтып жүр. Осыған байланысты, бүгінгі ғылыми-практикалық семинар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бойынша «Library-practicum» форматында өткізілмек. Аталған семинар - мемлекеттік қызметкерлердің арасында сұранысқа ие болып, қалыптасып келе жатқан жаңа жоба. Себебі, оның мән-мағынасы тікелей өңірдің дамуына қатысты.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Сабыр Түменбаев өз сөзінде «таяуда іске қосылған Елбасы кітапханасы жобасының ел азаматтарының игілігіне қажет бірқатар іс-шараларды өткізіп келе жатқанын белгіледі. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізінде өтетін семинар арқылы жергілікті мемлекеттік қызметкерлер дағдыларды үйренуге мүмкіндік алады. Өйткені аталған мақалада Елбасының көптеген идеялары көрініс тапқан. Осы мақала қанша игі істердің бастамашысы болды десем қателеспеспін»,- деді. Сонымен қатар, ол аталмыш ғылыми-әдістемелік семинардың мазмұнына оң бағасын берген ол ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, жұмысына табыс тіледі.

Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев Тұңғыш Президент мақаласында баяндалған идеяларды пайдалана отырып, теориялық түрде қатысушылар белгілеген мәселелерге жауап табуға тырысады, оларды шешудің нұсқаларын ұсынды.

- Бұған дейін Қызылорда, Талдықорған қалаларында жұмысын абыроймен атқарып шыққан іс-шарамызды Елбасы кітапханасының білікті мамандарымен бірге дайындаған едік. «Library-practicum» үлгісі кітапхана тәжірибелерімен бөлісуге негізделеді. Оның аясында біз қатысушыларға мемлекеттік құжаттармен жұмыс істеуді, олардың негізінде жергілікті облыстың қандай да бір мәселелерін шешу жолдарын үйретуді көздейміз. Бүгін біз мемлекеттік қызметкерлермен бірге «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілетін тақырыптарды талқылап, оларды жетік білудің, тиімді қолданудың берер мүмкіндіктерін ортаға салдық. Тыңдаушылар тарапынан жақсы ойлар мен орынды пікірлер айтылды. Мұны біз ортақ еңбегіміздің жемісі деп білеміз, - деді Ғазиз Телебаев.

Семинар барысында қатысушылар қала мен ауылдың өзекті мәселелері туралы баяндамаларын таныстырып, кейін көтерілген мәселелерді шешу жолдарын ұсынды және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мәнмәтінінде өңірді мәдени және әлеуметтік дамыту жобаларын таныстырды.

Сондай-ақ, олар интерактивті ойын тренингіне қатысып, пікір алмасты.

2017 жылғы қарашадан бастау алған көрме жобасымен Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының 900 мыңға жуық тұрғыны танысып үлгерді.

 Ірі ғылыми-білім беру, мәдени-ағартушылық іс-шаралардан құралған жоба шалғай аудандарда арнайы ұйымдастырылатын көшпелі экскурсияларды да қамтиды. Жобаның басты маржаны тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихындағы Елбасының шешуші рөлін жүйелі баяндайтын қор көрмесі болып отыр.

 «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі Жамбыл облысында 2019 жылғы қазан айының соңына дейін жалғасады.

Тегтер: елбасы, жамбыл, тараз, көрме, жаңалықтар, қазақстан

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.