Зейнетқордағы ақшаның бәрін алып қойсақ, не болады?

08 Қыркүйек, 2019 598 0

Зейнетақыны аса қажет кезде алуыңа болады,-деген шарт әлемде 10 шақты ғана мемлекетте бар еді. Енді, бұл топқа Қазақстанда қосылды. Жұрт риза. Енді өз ақшам өзіме өгей болмайды. Қажет болған кезде алуға мұрсатым бар,-дейді. Иә, зейнетақы - кейінгі заманға жинап жатқан ақшаң. Бірақ, дәл қазір сол ақшаның керек боп қалатын сәттері болады. Енді Президент пәрмені заңға енсе, үй алар да, балаңды шетелдік университетке оқытарда, сол ақшаңды ал да, пайдалан!

Бірақ... Қазір айлығының 10 пайызын жырымдап "бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында" берген 10 млн 517 мың салымшының ақысы жатыр. Бір қызығы, сол салымшылардың 68 пайызының жиған-тергені 1 млн теңгеге жетпейді екен. 26 пайызының жинағаны 1-5 млн теңге аралығында деседі. 100 мыңдай адам жинаққа "сверхдостаточный" ақша жинапты. Олар кемі 10 млн теңге жинады деген сөз. Осы 10 млн теңгені 20 жылда жинау үшін жалақыңыз 400 мыңнан түспеуі керек. 20 жыл бойы! Сонда деймін де, қордағы ақшаның бір бөлігін үй алу мен оқуға бөле алатындар кімдер?" дейді әлеуметтанушы-журналист Амангелді Құрметұлы. Әлбетте 26 пайыздық жұрт зейнетқордан ақысын шешіп ап, пайдасын көреді. Бірақ бір сәтте, қордағы бүкіл ақшаңды алып қоюға тиым салынатын секілді. Қысқасы алуға, қайта салуға мүмкіндік берілсе, зейнетақы қорының депозиттен қандай айырмасы қалады? Ешқандай! Ең қызығы, болашақта зейнетақы деген жойылады да, орнын осындай депозиттер алмастырады. Болашақ деп алыстатып қайтейін?! Жасы жиырмадан енді асқан, жұмысты жаңа бастаған азаматтар осы өзгерістерге куә болады. Олар қартайған шақта зейнетақы дейтін жүйе толығымен жойылып бітеді.

ЗЕЙНЕТАҚЫ НЕ ҮШІН ЖОЙЫЛАДЫ?

Дәл қазір біздер үлкен өзгерістердің табалдырығында тұрмыз. 200 жылға созылған индустрия дәуірі тәмамдалып, оның орнын мүлдем жаңа – «пост индустриялды» заман алмастырып жатыр. Индустрия дәуірі,- деп зауыт-фабрикалардың жаппай ашылып, өндірістің қарқын алған уағын айтамыз. Ал, мынау жаңа кезеңде, өндіріс орындары ашылмайды емес, миллиондап ашылады. Бірақ ол жерге жұмысшы керек емес. Бүкіл шаруаны автомат жасайды. Бұл процесс Батыс елдерінде басталып кетті. Ал бізге енді жетті. Сонымен, қол күшін керек қылмаса адамдар не істейді? Кісі біткен күннен күнге қарқын алып келе жатқан интелектуалдық еңбек пен «қызмет көрсету» саласына қарай ойысады. Ал бұл саланың шарттары, бұрынғы индустрия заманынан мүлдем бөлек. 

Бұрын қол еңбегін бағалаған, қара күшті құрметтеген индустрия заманында алпыстан асу – сарқылудың белгісі болатын. Ал, ақылға иек артқан мынау жаңа ғасырда алпыс жас нағыз толысу, даналық уақыты. Яғни бұл кезең адамға өле-өлгенше жұмыс істеу мүмкіндігін сыйлайды. Өмірбақи еңбек етсе зейнетақы деген ұғым өз-өзінен актуалдығын жояды емес пе?!

ЗЕЙНЕТАҚЫ ДЕГЕН ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Осы арада зейнетақы деген қайдан шықты? Кім ойлап тапты? Соған бір тоқталайықшы. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Еуропаның өндірісі қарқынды дами бастады. Шүпірлеп зауыт-фабрикалар салынып жатты. Әлгі кәсіпорындар, мың-миллиондаған адамды жұмысқа жеге бастады. Ауыр қол еңбегін қажетсінетін мұндай мекемелерде адам 70 жасқа дейін еңбек ете алатын. Ары қарай, қайраты қайтады, бойдағы күші сарқылады. Содан кейін не істейді? Жұмысқа жарамсыз болып қалған адамдар аш-жалаңаш қалмауы үшін Отто Фон Бисмарк – ай сайын жалақы секілді төленетін өтемақыны енгізді. Содан бері жасы 70-тен асқан адамдар еңбектен босатылды. Былайша айтқанда зейнет демалысына шықты. Мұнан кейін Еуропаны екі рет әлем соғысы шарпыды. КСРО фашистерді қуалаған болып қарт құрлықтың көп бөлігін өзіне қаратты. Әрі басып алған аумағында, жұмысшы қауымды ұлықтаған социалистік елдерді өмірге алып келді. Еуропа жұрты – капитализм күшті ме, коммунизм мықты ма деп екіге жарылды. Батыс Үкіметі халықтың көңілі коммунистерге бұрылып кетпесі үшін зейнетке шығар жасты кемітті. "Біздер де жұмысшы қауымды құрметтейміз әрі бізде ақша жеткілікті. Міне, зейнеткерлікке 65 жаста шықсаңдар болады. Қаласақ, 60-қа дейін жасарта аламыз", - деп көкіді. Иә, екінші дүние соғысынан кейін әлем зейнет жасын азайту, зейнетақыны керісінше бірнеше есеге көтеру дейтін жарысты бастап кетті. Зейнетақының көптігі мен ерте зейнетке шығу – адамға да, мемлекетке де зиян. 70 жылдарға таман демографиялық бум бәсеңдеді. Тиісінше жастардың үлесі кеміп, есесіне кәрі-қартаңның қарасы көбейді. Мемлекет тапқан пайдасының әжептеуір бөлігін сол шал-шауқанның зейнетақысына жұмсай бастады. Бұл мәселенің бер жағы екен. Зейнетақы қомақты болған сайын азаматтардың жұмысқа деген ынтасы жоғалған. Қалай дейсіз ғой? Мысалға, Бельгия, Нидерланды, Люксембург секілді елдерде 50-ші жылдары жасың алпысқа жетті ме, зейнетке шығуға рұқсат берген. Арада бірнеше жыл өткенде алпыстағы бірде-бір қызметкер қалмаған. Неге? Зейнетақы көлемі қомақты болса шаршап қайтесің дескен де, жұрттың көбісі демалысқа кеткен. Сосын зейнетақысы жалақымен бірдей елдерде туу көрсеткіші төмендеп кеткен. Оның сырын ғалымдар былай түсіндіреді. Бұрын, адамдар қартайсам балам асырайды деп ұрпақ сүюге талпынатын. Ал қазір шал болғанда жоғары жалақы күтіп тұрғанын білетін адам ұл-қыз сүюге пейілді емес. Яғни қамқорлықты ұрпақтан емес, ақшадан күтеді. Баласы барлардың өзі, зейнет жасына келгенде рахатта өмір сүру үшін бала-шағасынан бөлініп кетеді. Анау мойны әжім-әжім сары әжелердің жап-жас зәңгіні қолтықтап ап, Африканы, Үндістанды шарлап жүргені де сол, зейнетақының құдіреті ғой. Жә, бұл мәліметтерді тақырыпқа тұздық еткеніміз ғой. Олай болса негізгі әңгімеге көшсек. 2050 жылға қарай зейнетақы деген болмайды дедік пе?

ЗЕЙНЕТАҚЫ АЛМАЙТЫН ҰРПАҚ НЕНІ БІЛУІ КЕРЕК?

2050 жылға қарай зейнетақы төлеу дегенді ұмытамыз. Зейнетақы қорының орнына әр адам өзі үшін депозиттер ашып, соған ақшасын жинай бастайды. Керек кезінде емделуге, қажет болса жаңа білім игеруге сол ақшадан алып отырады. Сол арқылы ұзақ уақыт еңбек нарығында сұранысқа ие болуға тырысады. Тым қорқынышты естіледі. Бірақ шошудың еш қажеті жоқ. Менің жасымдағы қыз-жігіттерге айтарым – заман ағысына бейімделу керек. Зейнетақының қажеті шамалы. Жұмысты сапалы істе, өз біліміңді арттыруға, күніге жаңа дүние білмекке талпын. Әрдемені ішіп-жей берме, денсаулығыңды күт. Дұрыс адаммен танысып-табысып, жақсы отбасын құр. Балаларыңа дұрыс тәрбие бер, ертең қартайғанда қамқорлық танытатын солар. 35-40 жасты алқымдаған ағайынға айтарымыз жиған-тергеніңіз бар, сол соммадан әжептеуір зейнетақы төленетін болады. Бірақ мұнан бөлек, депозит ашып ақырын ақша жинай беріңіз. Артық етпейді. Ал, елуді еңсерген аға-апаларымыздың зейнет жасы ұлғаюы мүмкін. Бұрынғыдай алпыстан асқасын емес, жетпіске жеткесін барып еңбек демалысына шығуыңыз кәдік. Бір нәрсе анық. Жастар өмірбақи жұмыс істеуге рухани дайындала беруі керек. Қол еңбегіне байланған индустрия заманы кетті. Енді, ақыл, интелектіңді сынайтын дәуір келе жатыр. Бұл заманда, оқып жүріп жұмыс істеуге, жұмыс істей отырып, демалуға әбден болады. Қысқасы, бұлуақыт біз күткеннен де ерте келуі мүмкін. Біздің міндет – дайын болу.



Нұрбек БЕКБАУ,

журналист


Тегтер: зейнетақы, нұрбек, бекбау, қазақстан, жаңалықтар, экономика, әлем, зейнеткер

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.