"Аяусыз ұрып, басынан тепкен": Алматыда мектеп оқушысы төбелестен кейін жансақтау бөліміне түсті

05 Қыркүйек, 2019 344 0

Қатарластарынан таяқ жеген алматылық оқушы ауруханада жатыр. Жетінші сынып оқитын жеткіншектің миы шайқалған. Оның жағдайын дәрігерлер орташа ауыр деп бағалады. Шыр-пыр болып жүрген анасы қырғын төбелес білім ошағының маңайында болса да, ешкім ажыратуға асықпады деп жыларман күйде. Ал мектеп директоры бұл бізге жағылған қара күйе дейді. Бірақ өз оқушысынан әлі де хабар алмаған. 

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды.

Баласының суретін құшақтап, көз жасына ерік берген Фаина Бұхарова кешелі бері ұйқы көрмегенін айтады. Мектептен келген ұлы өзін жайсыз сезініп, басы айнала берген. Ақыры болмаған соң, шындығын айтыпты. Сөйтсе өз сыныптастары сабақтан соң жабылып ұрып-соққан. Айтуынша, екі қатарласы тура басынан теуіп, аямаған.

«Кеше кешке мектеп ауласында менің ұлымды өз қатарластары ұрып-соққан. Олар «спайс» деген нашаны қолданады. Аяусыз ұрып, басынан теуіп, қашып кеткен. Қазір ұлым балалар ауруханасының нейрохирургия бөлімінде жатыр», - дейді анасы Фаина Бұхарова.

Анасының айтуыша, 13 жастағы Рустам денешынықтыру сабағына да қатыспайтын өте жуас оқушы екен. Ал текетіресіп қалған қатарласының шындығы өзге. Сөзге келіп қалғаннан кейін мектеп сыртында күтіпті. Боқтаған соң, шапалақпен бір ұрдым, дейді. Оның қамқоршысы да шаң жуытпады. 

«Ол бала мүлдем зардап шекпеген. Менің Сашам оны бір рет шапалақпен ұрған. Қайдағы «спайсты» айтып отыр? Бұл мектеп. Наша түгілі темекі тартпайды. Өзі спортпен айналысатын оқушы», - дйді оқушының қамқоршысы Оксана Пономарева.

Төбелес қаладағы №100 жалпы білім беретін мектепте болған. Жетінші сынып оқушылары түстен кейін оқиды екен. Директор әлі қос ата-анамен сөйлесіп үлгермепті. Тек учаскелік полицейдің сөзіне сүйеніп ақпарат беруде. Ұстаз да баланың ауруханада жатқанына сенгісі жоқ. 

«Ауыр жарақат келді дегенін естіген жоқпын. Бүгін таңертең инспектордан сұрағанымда, ол кісінің айтуы бойынша, денесінде көгерген ештеңе жоқ. Ал бүгін анасы жансақтау бөлімінде жатыр деп айтуда. Енді ол жетім бала. Тәртіпті бала, ешуақытта өзін жаман жағынан көрсеткен емес», - дейді №100 жалпы білім беретін мектептің директоры Әлия Аблашова.

Бірақ, басынан оңбай соққы алған Рустам қазір аурухана төсегінде жатыр. Дәрігерлер кіруге рұқсатын бермеді. Өйткені, жағдайы өте ауыр, дейді. 
Ал дәрігерлер жеткіншектің жағдайы орташа ауыр деп бағалап отыр.

«Төбелес кезінде бала есінен танып құлаған. Бізге жедел жәрдем қызметімен түнгі 1-лер шамасында жетті. Қазір жағдайы орташа-ауыр деп айтуға болады. Өйткені миы шайқалған», - дейді қалалық №1 балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхамед Рузуддинов.

Бет-жүзі көгермесе де, соққы алғанын дәрігерлер растап отыр. Енді полицияға арыз жазған анасы мектепте әлімжеттіктің бар екенін дәлелдемек. Тіпті, әжетханада шылым шегетіндерін де беттеріне басамын, деп бекініп отыр. Ал директор ол заттың түрі түгілі, атын да білмеймін деп сұрақтан қашты.


Тегтер: Алматы, оқушы, төбелес, жансақтау

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.