Жаңалықтар

Отбасын сақтауға арналған он кеңес

Отбасын сақтауға арналған он кеңес

Жаңа өмірге қадам басқан жандардың барлығы дерлік өмірлік жарымен бақытты болуды армандайды. Екеуара одақтың мықты да берік болуы үшін мына он кеңес кез келген жанға керек болады. 
  1. Жаңа өмірге қосарласып қадам басқанда әйел адамнан жайдары да жұмсақ болу талап етілсе, ерлерде беріктік, тұрақтылық, табандылық болғаны дұрыс. Әйелдерге қамқор болатын берік қорған керек болса, ер адамдар жанын түсініп, аялап отыратын нәзік жар аңсайтыны белгілі.
  2. Ерлі-зайыптылар реті келсе бір-бірін еркелетіп, жылы сөздермен өзара көңілдерін көтеріп отырғаны дұрыс.
  3. Бір-біріне сыйлықтар жасау – отбасы бақыты үшін аса керек жылылық. Әрбір атаулы күн, мерекені шағын болса да атап өтудің артықтығы жоқ.
  4. Жұмысқа кетерде, келерде өзінің келгенін естіртіп, бетінен сүю, құшақтау да екеуара одақты берік ете түседі.
  5. Өмірдің сан тараулы беттерінде әртүрлі қуаныш, бақытпен қатар түрлі сынақтар мен қиындықтар да болатыны рас. Осындайда бірлесіп күресу, кеңесіп отыру – одақтың отын сөндірмейтін жол.
  6. Ыдыс-аяқ сылдыры кезінде кім бірінші болып сабырға келсе сол ақылды, сол мейірімді екенін есте сақтаңыз. Өмірге деген көзқарас пен ұстаным шаңырақтағы екі жанда да бірдей болғаны жөн.
  7. Күнделікті күйкі тірліктің күйбеңін күйттеп, ертелі-кеш бір-бірінің құлақ миын жей беру де одақтың сәтсіздігіне апарады.
  8. Кей-кезде қызғанышқа ерік беріп, қосағыңызға басқа азаматтың, не болмаса басқа әйелдің көзімен қарап қоюдың артықтығы жоқ.
  9. Барлық пенденің жеткіліксіз жағы болады, соған орай жақсы жақтары да кездеседі. Әркімнің өзіне тән толып жатқан мінез-құлқы бар. 100 пайыз керемет адам болмайды. Сондықтан кешірімді болу керек, кемшілікті емес, артықшылықты көре білген дұрыс.
  10. Әр адам «Өз үйі – өлең төсегінде» ғана ерекше бақытты күйде болады екен. Бұл ерге де, әйелге де ортақ көңіл ауаны. Сондықтан қуанышты сырттан емес, өз отбасыңнан, сүйіктіңнің жанынан іздеу керек.

Дереккөз: zamana.kz

Фото: 365info.kz