Су жаңа министр Қарашөкеев туралы не білеміз?
Су жаңа министр Қарашөкеев туралы не білеміз?
Қуаңшылық кезінде жүйелі жұмыс істей алмай, Президенттің пәрменімен қызметінен кеткен Сапархан Омаровтың орнына жаңа маман келді. Ауыл шаруашылығы министрлігін Ербол Қарашөкеев басқарады. Бірақ, әзірге ол министр міндетін атқарушы ғана. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
Қуаңшылықпен бірге жұт келді деп жұрт қиналған кезеңде сала тізгінін ұстаған Қарашөкеевтің мансабында "бармаған жері, баспаған тауы" қалмаған. 44 жастағы шенеунік 25 жасында Президент әкімшілігінде қызмет еткен, кей жылдары жеке компанияларды басқарып, содан соң Қаржы министрлігіне ауысқан. 2007 жылы «ҚазАгро» холдингінде басқарушы директор болған. Ал 2009 бен 2013 жылдар аралығында ауыл шарушылығын қаржылай қолдайтын қорда, Есеп комитетінің жұмысын бақылайтын жеке компанияда, мұнай саласында да еңбек еткен. Сонымен қатар, бүгінде «Отбасы банкі» деп аталатын қаржы ұйымында да істепті. Ал соңғы жылдары Президент әкімшілігінде еңбек етіп, Қаржы министрлігінде вице-министр болған. Естеріңізге салсақ, Маңғыстау Қызылорда облыстарында қуаңшылық орнап, соңғы аталған аймақта аштықтан 3 мың бас мал қырылған еді. Осындай кезде жұмысында олқылық жіберген Сапархан Омаровты өткен сенбіде Президент қызметінен босатты.
"Қыркүйекте елде тұрғын-үй бағасы төмендейді". Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев жылжымайтын мүлік пен құрылыс материалдары бағасының өсуін тежеу туралы арнайы брифингте осындай болжам жасады. Шенеунік биыл қаңтарда Қазақстанда жаңа пәтер бағасы 3,8 пайызға өссе, қолданыстағы баспана 7,2 процентке қымбаттағанын айтты. Үйдің құны маусым айында өскен. Бірақ, бұл жеке шаршы метрдің бағасы әрі қарай шарықтайды дегенді білдірмейді екен. Қайырбек Өскенбаевтың сөзінше, жаз айларында тұрғын үй бағасының тұрақтанады.
ҚАЙЫРБЕК ӨСКЕНБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: "Біздің болжам бойынша тұрғын үй бағасы маусым-шілде айларында тұрақтанды, бұған дейін болған баға өсімі зейнетақы жинағын баспана алуға рұқсат етілуімен байланысты. Бүгінде ол мәселе де бір ретке келді. Менің жеке болжамым бойынша алдағы қыркүйек айында тұрғын үй бағасының төмендеуі күтіледі".