Жаңалықтар

Асқар Жұмаділдаев: латын қарпінің аса көп пайдасын көріп тұрғаным жоқ

Асқар Жұмаділдаев: латын қарпінің аса көп пайдасын көріп тұрғаным жоқ

   width= Newsroom.kz порталы желіде кеңінен оқылатын, математик Асқар Жұмаділдаевтың ой-толғамдарын ұсынады. Өзіндік ой-пікірі қоғам тарапынан үнемі қызу талқылау тудыратын академиктің бұл сөздерінен әркім өзіне керектісін табары мүмкін... * Әңгіме кітапты көп оқуда емес. Әңгіме керек кітапты оқуда. Керек емес кітапты оқығаннан не пайда? Босқа миың ашып кетеді. * Адамға ең жақын, ең керек екі мамандық – мұғалім мен дәрігер. Менің білуімше. Сіздің білуіңізше де солай болуы керек. * Тәуелсіздіктің ширек ғасырында мұнайдан басқа бренд таппадық. “Неге?” деген сауал жанымызды жегідей жеп, намысымызды қамшылау керек еді. Бұл ретте үкімет пен Білім және ғылым министрлігінің басына келген тұлғалар түн ұйқыларын төрт бөлуге тиіс болатын. Бізде бәрі керісінше болды. Шенеуніктер білім саласын реформа өткізетін сынақ алаңына айналдырды. Балалардың басы қатты. Мұның зардабы ондаған жылдан кейін су бетіне шығады. * Ғылым өнер емес. Димаш сахнаға шығып, әнін айтып, шыңғырып берсе, бәрі жақсы көріп қалады. Бұл түсінікті. Немесе біреу екіншісінің мұрнын бұзса да, не болғанын ұғып тұрасыз. Ал, ғылымда олай емес. Оны игеру үшін уақыт керек. * Қазақтың сөзі асыра мақтауға да, жермен-жексен етуге де жетеді. Бірақ конденсат пен резисторға келгенде, бүгелектеп қала береміз. * Ұлттық бірыңғай тестілеу бар, жылына төрт рет келетін емтихан бар. Сол кездері жұрттың барлығы мені іздей бастайды. Соған таңғаламын. Ондайда қашып кетем. Телефон да жоқ, ештеңем де жоқ. Тығылып қалам. Ешкім таба алмайды мені. Басқа уақытта ешкімге керегім жоқ. Сондағы мақсаты – “емтиханға көмектес, түсіріп жібер, өткізіп жібер”. * Әніңізді, күйіңізді сақтаңыз. Жеті атаңызды білу дәстүрін дәріптеңіз. Осының барлығын сақтай отыра, жаңа заманға бейімделіп, технократтық елге айналыңыз. Сонда ғана қазақтың болашағы болады. * Кеңес үкіметі құлағанда жазушыларды таппай қалдық. Коммунистік партия болмаса, жазушылар ешкімге керек емес екен. Ешкім оқымайды. * Қазір қазақта не көп, ғылыми атағы бар адам көп. Бірақ бұл ғылым көп деген сөз емес. Өкінішке қарай, осындай нәрселер тек ғылымда десеңіз, қателесесіз. * Мысалы, таза математикке берілетін сыйлық бар. Бірақ оны ешкім білмейді. Ал, “Нобельді” барлығы біледі. Нобель деген кісі тек қана ғалым емес, ол мықты бизнесмен ғой. Ішіне әдебиетті кіргізіп қойып, керемет мықты маркетингтік жүріс жасады. Әдебиет жүрген жерде ылғи шу, дау-дамай, ұрыс–керіс секілді тегін жарнама жүреді. * Қазір ақылды адамдар азайған жоқ, керісінше, ақылды жастарды ұғатын шалдар азайып кетті. * Мен еш уақытта қазақ болып туғаныма мақтанған да емеспін, өкінген де емеспін. Әр адамның өзінің ұлты бар. Әр адамның тегі бар. * Кеңес одағы кезінде Қазақстанда математика, физика, химия сияқты жаратылыстану ғылымдары жақсы дамыған еді. Оның әдістемесі жақсы қалыптасқан. Осы уақытқа дейін балаларымыздың ылғи олимпиададан, байқаудан озып жатқанының бірден-бір себебі осы инерциямызда. * Ұлыма математикаға бармай-ақ қой дедім. Бір үйге бір математик жетеді. Өйткені, ертең ұлын ертіп жүр деген сөз ереді. Ол маған керек емес. * Сөздің парқы деген ұғым бар. Істің парқы деген ұғым бар. Батыс елдерінің, мысалға, ағылшын азаматының отаншыл болып келетін себебі – оларда ең алдымен іс жүреді. Ал біздің қазаққа келсеңіз, ісі артта қалады да, сөзі озып кетеді. * Біз үшін салтанатты шаралар, хаттама маңызды. Тойымыздың өзі партияның жиналысы сияқты ғой. * Мен мектепте оқып жүргенде, жек көретін екі жазушым болды. Абай және Лев Толстой. Өйткені, дым түсінбедім. Толстойдың “Соғыс және бейбітшілігін” оқысаң, өңкей түсініксіз бірдеңелер. Абайды оқып қалсаң, ақыл айтады да жатады. Маған ол ұнамайды. Түсінбеймін. Мағына көрмеймін… Жас бала Абайдың, Толстойдың ұлы екенін түсінбейді. Оған зорлап оқы дегеннен ештеңе шықпайды… Толстойды МГУ-да оқып жүргенде, 2-3 курста оқыдым. Ұлы екенін түсініп, рахаттанып оқыдым. Мәскеуге барғанда Абайды оқып бастап, ұлылығын сонда түсіндім. * Әлемде “Ұлттық кодымыз қандай?” деп жанталасып, Күлтөбенің басында күнде жиын құрып жатқан ел – біз ғана. Заңда бар ма, бітті, істеуге міндеттісің! Эмоцияңды қалтаңа салып қой, үйіңе барғанда кемпіріңе айтасың. * Мықты елдер “Сен менің тауарымды сатып ал, міндетің сол. Қалған уақытыңды “Рухани байлық қайда кетті, тілдің халі негі мүшкіл?” деп өткізе бер. Осыны анықтау үшін жиналыс жаса, конференцияларды үзбей өткіз, даулас, таласқа түс, ойбайға сал. Бірақ, біреуің “гайка” бұрама, біреуің компьютер шығарма, көлік құрастыруды үйренбе. Мұның барлығын бізден алсаң болады” дейді. Өкінішке орай біздің зиялы қауым осыны түсінбей отыр. Бұл – қазаққа өте қауіпті нәрсе. * Адам оқимын, білім аламын десе, кез келген жерде білімін арттыра алады. Миды дамыту үшін ең керемет өнер – скрипка. Эмоцияға да, өзіңе де пайдалы. Шаршағаның басылады. * “Ұлттық намыс, ұлттық рух” деген сөзді қазақ көп айтады. Мұның барлығы технократтық реформа болмай, бос сөз болып қалады. Рух деген не өзі? “Ойбай, рух қайда?” деп күніге жүз рет айқайлаңыз. Не өзгереді? Бір бес минутқа рухыңыз “Әй, не болып қалды, бұл не шу?” деп көзін ашар. Содан кейін қайтадан қалың ұйқыға кетеді. Рухыңыз ұйықтамай, мүлгімей, сергек жүру үшін оның артында бір тірек болу керек. Бұл тірек – технократия. Яғни, қазақтың өзгелерге мойындататын, өзінің жасайтын бірдеңесі болуы керек. * Бізде теория жүзінде билік басындағылар жалпы дұрыс әңгіме айтады. Олардың қисық сөзін естіген емеспін. Бірақ практика жүзінде сол әңгімелердің барлығы өңін айналдырып шыға келеді. * Махаббат деген сөзден гөрі жауапкершілік, еңбекқорлық, адалдық деген сөздер маңызды. * Сөзге, салтқа қатты мән береміз. Мысалы, ақсақал ма, оны төрге отырғызу керек, оған бас ұсыну керек. Келін келді ме, сәлем беруі керек. Бәрі дұрыс, бірақ оны абсолютке шығарудың қажеті жоқ. Қазақ тек қана осының төңірегінде қалып қоймауы керек. * Алматыдағы қазіргі №159 мектеп бұрын №3 интернат болатын. Соны бітірген соң, қайда барамыз деген мәселе туды. Қарасам, журфакқа, филфакқа түсе алмаймын. Өйткені ректордың тізіміне ену керек, я үлкен таныс табуың керек. Ондай жағдай жоқ. Сосын вокзалға бардым да Мәскеуге билет сұрадым, бар екен. Аттестат берген күннің ертеңінде пойызға міндім де кеттім. Жолдан Шиеліден әкем қарсы алды да, қалтама 120 рубль салып берді. Мәскеуге келген соң адамдардан МГУ-ды сұрап едім, көрсетіп жіберді. Барсам, дәу ғимарат тұр екен. 11-қабатқа барып, құжаттарымды тапсырдым. Ертеңінде емтиханға кірдім. Математикалық жолым осылай басталды. Егер жолдың бойында басқа факультет тұрғанда, соған түсіп кетуім де мүмкін еді. * Ең болмағанда, мына телефонды өзіміз шығаруымыз керек. Өзіміз шығармасақ, баларымыз “Осы уақытқа дейін қандай жетістікке жеттіңдер? “Қобыланды батыр” жыры ғана ма сақтағандарың?” деп күледі. Абайдың ұлылығы оның ақындығында емес, ақылдылығында. Мен үшін Абай – ең алдымен логикасы түзу, қисынды қазақ. Қазақ бір мықты теорема дәлелдесе, қазақ бір мықты заң ашса, мінекей, сонда ұлттың аты шығады. Қорыта айтқанда, сіз сөзбен емес, іспен шығаруыңыз керек ұлттың атын. Мұның басқа жолы жоқ. * Қаныш Имантайұлы Сәтбаев деген кісі болған. Сол кісі заманның ең қиын шағында, соғыс уақытында Сталинге кіріп, Ұлттық ғылым академиясын ашу жөніндегі бұйрыққа қол қойғызған. Сол академияға бүкіл Кеңес одағынан небір мықты ғалымды шақырды. Одақтағы тәп-тәуір академиялардың бірі болды. Қазақтың бетке ұстар ғалымдарының барлығы сол ғылым академиясынан шықты. Енді осы ғылым академиясы 50 жыл өмір сүрді де, 51 жылға келгенде, бір-ақ күнде жабылды да қалды. * Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргенді қою керек. * Ғылым жасқа қарамайды. Енді отыздан кейін математика кішкене қиындау болуы мүмкін. Өйткені бала-шағаң болады дегендей. Ертең келіншегің нан тап десе, математика жайына қалады. * “Ойбай, Шыңғыс хан қазақ екен, ойбай, Адам ата қазақ екен, ойбай, Иса пайғамбар қазақ екен” дейді. Бұл нені білдіреді?! Бұл біздің ұлттың әлі дамып, жетіспегендігін білдіреді. Бала деңгейінде екенін білдіреді. Бұл – провинциализм. Өйткені, бүгін мақтанатын ештеңесі жоқ, сондықтан өткенімен мақтанады. * Кез келген математик махаббат туралы өлең жазып бере алады. Оның сапасы нашар, деңгейі төмен болуы мүмкін. Ол – басқа мәселе. Ал кез келген ақын есеп шығарып бере алмайды. * Бөлініп жатқан қазақты қазақтың жетістігі ғана біріктіре алады. * Бір ағамыз “Жылқының 3400 атауы бар” деп диссертация қорғады. Ағылшында бір ғана атауы бар – Horse. Сонымен жылқының жасын да, түрін де, түсін де атай береді. Сол сөздерімен-ақ әлемде алға шығып кетті. Ал жылқының 3400 атауымен әлі жүрміз. Біз енді ғылым жағына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Жоқ сөзді, жоқ ғылымды, жоқ технологияны өзіміз табуымыз керек. Қазақ тілін ғылымға араластыруымыз керек. * Ешқандай әлеуметтік желіде жоқпын. Сондықтан өзімді бақытты сезінемін. * Математика – қиын ғылым, оған жұрттың бәрі бармайды. Біріншіден, жүрегі дауламайды. Екіншіден, қызық емес деп ойлайды. Шындығында математикада шабыт бар, әдемілік бар, ой бар. Бірақ оны түсіну оңай емес. * Осының алдындағы ҰБТ-да жұртың бәрі шулады. “Балалардың психологиясын бұзды”, бүйтті-сөйтті деді. Бауырлар, емтихан міндетті түрде адамның жүйкесін тоздыртады. Ол ойыншық емес. Бұл – бір. Екіншіден, адам өмірінде бір рет болса да міндетті түрде емтихан тапсыруы керек. Сізге ұнай ма, ұнамай ма – оны ешкім сұрамайды. * “Музыканың төресі – опера” дейді. Неге опера? Адамдарды жинап операға апарсаң, жартысы қашып кетеді. Тыңдай алмайды. Операны түсіну үшін үлкен білім керек. 20 том кітап жазуыңыз мүмкін. Бірақ халықтың есінде бір ғана жол өлеңіңіз қалады. * Біреулер “Технократ болмасақ та, дүниеден құрып кетпейміз” деп айтады. Бұл да рас. Құрымаймыз. Бірақ дүниеде елдің екі түрі болады. Жетекке жүретін ел және жетектейтін ел. Мысалға, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония сияқты елдердің басты мақсаты керемет компьютерлерді шығару да, өзге елдердің мақсаты – солар шығарған компьютерлерді сатып алу. Қазір ақылды жастар көбейіп келеді. Жастар кітап оқымауы мүмкін, бірақ ақылы көп. Кітап оқығанның бәрі ақылды деген – бос сөз. * Бұрын бізде жоспарды артығымен орындау деген ұғым болған. Ең ақымақ ұғым – осы. Сіз жұмысты артығымен орындамаңыз, дәлімен орындаңыз. * Байқап қарасаңыз, бірқатар мемлекетті “үшке” оқығандар басқарып отыр. Неге? Өйткені олар білім білмегенімен, энергиясы бар, адаммен араласауы, “сіз-бізі” жақсы. Ал, үздік оқушы білімі болғанымен, адамдармен сөйлесе алмайды. Бәрі “екі жерде екімен” шешіле бермейді ғой. * Латын қарпінің аса көп пайдасын көріп тұрғаным жоқ. Латынға көшсек, түрік тілін білеміз дейді. Бос сөз. Түріктікі бір бөлек, қазақтікі бір бөлек әліпби. * Тойға мүлде бармаймын, ағайын-туғанға өте сирек барамын. Ренжісе, ренжи берсін. * Бізде мәдениетті адам деп кімді айтады? “Соғыс және бейбітшілік” романын оқыған адамды айтады. Ал, менің ойымша, мәдениетті адам дегеніміз – матрицаны түсінетін адам. * Ел аузында “Еуропа мен АҚШ диаграф, апостроф қолданады екен” деген пікір бар. Америкаға ұқсағымыз келсе, ғылымға көңіл бөлейік, мұғалімдерді көшеде ағаш әктеуден босатайық. Қалғанын сосын көрейік. * Қазақ тілінде жазылған математика кітаптарының 90 пайызы математикалық анализдеу мен жоғарғы математикаға қатысты жазылған. Неге олай? Себебі, оларды жазған оңайырақ. Көшіріп аласың да, жаңа кітап жаза бересің. * Сөз ұйқастығы, әдемілігімен алға шығып кете алмаймыз. Оны сіз мойындайсыз, мен мойындаймын. Балаңыз мойындамайды. “Ой, атамыз болтун екен” дейді. “Айта береді” дейді. Болды. * “Ninety one” деген топтан еш жаман нәрсе көрмеймін. Олар ешкімге зауал төндіріп отырған жоқ. Әндерінің мәнін аса түсінбеймін, бірақ жақсы көремін. Абайдың ұлылығы – барлық өлеңінің басыңнан істікпен ұрғандай әсер етуінде. Логикасы күшті. * Қазақты тұншықтыру деген ой америкалықтардың түсіне үш ұйықтаса да кірмейді. Өйткені америкалық арман мен америкалық мәдениет 10 миллион қазақсыз-ақ әлемдік сұранысқа ие. * Біз қалай домбырамен бәрін бағындырамыз деп ойлаймыз? Домбыра қазаққа ғана керек, басқа ешкімге керек емес! Бәріне реализм тұрғысынан қараған жөн. Бос мақтанға ұрынғанша, адамзатқа керек бірнәрсе жасалық. Не бәтеңке, не болт, не басқа дүниелер. * Ешкімге өкпелемейтін адаммын. Ол үшін де уақыт керек. Ал менің бос қайғыруға уақытым жоқ. * Тұлпар мініп, желмен жарысатын заман әлдеқашан өтіп кеткен. Жастар бүгінгі күнмен өмір сүргісі келеді. Олар батырлар жырынан өзіне керегін таппайды. Қазақтың тойы бес сағат болады. Оны қысқарту керек. Көп дегенде жарты сағат болсын, мүмкін қырық минут, жарайды, елу минут болсын. Одан аспасын. Сол жетеді. Елу жылда ел жаңа дейтінбіз. Қазір ол 20 жылға қысқарып кетті. * Тілді әлеуметтік желіде шәй ішіп отырып, пікірін оңды-солды шашатын тұлғасымақ емес, ешкім танымайтын, танымалдыққа ұмтылмайтын, министрлермен түскен суреттерін әлеуметтік желіге тықпаламайтын технократтар дамытады. * Бізде элита деп көкке көтеріліп жүрген адамдар – “Тіл құрып бара жатыр, ұлт деградацияға ұшырады, батыстың экспансиясы санамызды жаулап алды” деп аттанға айқай қосып жүрген популистер. Кейде шалдарды аяп кетемін. Өзінің балалары түсінбейді, кейбір ақындарды өз балалары оқымайды. * Тірі балық теңізде болады. Оны жегің келсе өзің қармақ сал, өзің аула. Неше түрлі дәмдеуіштерді қосып, тойғанша же. Ал өлі балықты, яғни консервіленген балықты кез келген дүкеннен сатып алуға болады. Әлемдік өркениет біздің консервіленген балық болғанымызды қалайды. * Көпке жалтақтайтын болсаң, оларға ұнауға тырысасың. Оның саған не керегі бар?! Жұрт не айтпайды, айта берсін, одан бірдеңең кетпейді.

Дереккөз: Қазақ Елі