Жаңалықтар

Сауран қалашығында ұлттық аспап – домбыра ұлықталды

Сауран қалашығында ұлттық аспап – домбыра ұлықталды

 width=
1 шілде - Ұлттық домбыра күні, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойы мен Түркістан облысының құрылғанына үш жыл толуына орай «Домбыра үнімен бой көтерген жаңа Сауран» атты күйшілер флешмобы өтті. Шараның басты мақсаты – қазақтың күйі арқылы тарихы терең, сырын талай ғасыр ішіне бүккен Сауран қалашығының жаңа таңы атқанын, енді ғана құрылған Сауран ауданының жаңа дәуірі басталғанын насихаттау.
 width=
ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған, әйгілі ортағасырлық қалалардың бірі – Сауран қалашығында өткен шарада отыздан астам күйші рауандап атқан таңмен таласа ұлттық аспап – домбырамен қазақ халық күйлерін бір уақытта орындап, аспаптың асқақ үнін аспанға шарықтатты. Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен домбыраны ұлықтау шарасында өнерпаздар тобы Түркештің «Көңіл ашарын», Құрманғазының «Балбырауынын», Динаның «Науысқы» күйлерін орындады.
 width=
Флешмоб барысында келушілерге ұлттық тағамдар ұсынылып, домбыраның киесі мен қасиеті туралы толғамды ойлар айтылды. Атап өтейік, 2018 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық домбыра күні туралы Жарлыққа қол қойып, шілденің бірінші жексенбісі елімізде Ұлттық домбыра күні деп белгіленген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі