Жаңалықтар

«Ұлы Дала тарихына тағзым» атты халықаралық конференция өтті

«Ұлы Дала тарихына тағзым» атты халықаралық конференция өтті

 width= Бүгін Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ұлы Дала тарихына тағзым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты, деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі Түркі Академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ақмола облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Көкшетау қаласында онлайн және оффлайн режимде өткен алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықбаев, Баку халықаралық мультикультурализм орталығының кеңесшісі, саясаттанушы Тофик Аббасов, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, танымал суретші-реставратор Қырым Алтынбеков, Би-Би-Си агенттігі Ресей және ТМД бойынша коммерциялық өкілдігінің басшысы Сергей Становкин, Кембридж университеті Археологиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Ребекка Робертс, Кембридж университетінің қызметкері, жазушы-аудармашы Добсон Джоанна, белгілі ғалымдар Айболат Көшкімбаев, Жамбыл Артықбаев,  Данияр Төлеуғабылов, Салтанат Әмірова, сонымен қатар жергілікті музей басшылары мен ғалым-археологтар қатысты.  width= Басқосуда Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының Бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың құттықтау хаты оқылды. Жиынды кезінде Әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Алиевтың кеңесшісі болған саясаттанушы Тофик Аббасов жүргізіп отырды.  width= Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі өз сөзінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» және Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақалаларында айтылған ұлттық тарихты жаңаша пайымдау, қайта зерделеу мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, академияның аталған бастамалар бағытында атқарған жұмыстары туралы баяндап берді: «Халықаралық Түркі академиясы түркі жұрты мемлекет құрып, алып қағандар таққа отырған қасиетті Өтүкен алқабынан тың жәдігерлер тауып, ғылыми айналымға енгізіп келеді. Моңғолияның Булғын аймағындағы Шивээт улаан кешенінде 60-қа жуық түркі ру-тайпасының таңбасы шекілген Мәңгі тасты зерттеп, көшірмесін елордамызға орнаттық. Ұлық Ұлыс – Алтын Орда бағытында да академия біраз жұмыс атқарды. Жиырмаға жуық іргелі еңбекті жарыққа шығардық. Жошыхан кесенесіне алғаш халықаралық экспедиция ұйымдастырып, ЮНЕСКО аясында ірі жиын өткіздік. Түркі қағанатының абызы Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығын да ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіп, Анкара қаласының төріне көшірмесін орнаттық» – деп атап өтті Түркі академиясының президенті.